Оның әрқилы себептеріне тоқталмай-ақ қояйық, ең бастысы, орын алған олқылықтарды түзетуге жаңа басшылықтың білек сыбана кіріскенін жақсылықтың жаршысына балағанымыз жөн шығар. Былтыр тегін білім алуға тілек білдіргендердің 30 пайызы грантқа қабылданды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 13 пайыз төңірегінде болғанын ескерсек, сөз жоқ, ілгерілеу бар. Қазір мұнда білім алып жатқан студенттердің үштен бірі мемлекет қаражаты есебінен оқиды. 48 бағыт бойынша мамандар даярланады. Алда 23 бакалавриат мамандығы қосылады.
– Президент Үндеуінің үшінші бастамасында студенттердің білім алуының қолжетімділігі мен оқу сапасына ерекше назар аударылған. Ол үшін көптеген әлеуметтік мүмкіндіктер тудырылатыны атап айтылған. Біз де студент жастарды жайлы жатақханалармен қамтамасыз етудің жолдарын қарастырып отырмыз, – деген еді университет ректоры Серік Өмірбаев «Президенттің бес бастамасы» үндеуі талқыланған актив жиынында.
Араға күндер салып оқу орнының проректоры Ербол Исақаевпен хабарласқанымызда, мың орынды жатақхана салу мақсатымен екі нұсқа әзірленгенін, бұдан өзге де әлеуметтік қамқорлықтар жасалатынын жеткізді. Бірінші нұсқа бойынша 5 қабатты екі жатақхана тұрғызу ойластырылған. Екіншісінде 12-14 қабатты зәулім ғимарат салу қарастырылған. Тиімді дегені таңдап алынады. Жаңа нысанның бөлмелері жайлы пәтерлерге ұқсатып салынады. Асхана, душ жұмыс істейді. Бұдан бөлек жаттығу залы, кір жуатын бөлме орналасады, деді ол. Бүгінгі күні үш жатақханада 1026 студент тұрады. Кезекті сарғая күтушілердің қатары қалың. Қалғандары баспана жалдауға мәжбүр. Жалдау бағасы қымбат әрі қала шетінен қатынайтындықтан түрлі қолбайлау тудыратыны анық.
Сол сияқты университет базасы негізінде алғаш рет медицина мамандығына талапкерлер қабылданып, ауыл шаруашылығы кафедрасы құрылады. Жуырда университет ректоры грантына арналған байқаудың шешуші кезеңі өтті. 130 үміткердің арасынан ең үздіктері іріктеліп алынды. Жеңімпаздар төрт жыл бойы тегін оқу мүмкіндігін иеленсе, екінші орын алғандарға – 50, үшінші орын алғандарға 25 пайыздық жеңілдік беріледі. Өңірде мұғалімдер жетіспейтіндіктен математика, биология, география, педагогика және бастауыш оқу әдістемесі сияқты мамандықтарға басымдық берілген. Қазір «Серпін» бағдарламасы аясында 800-дей жас білім алуда. Бұл бағытта да ауқымды шаралар жалғасын таппақ.
Университет басшылығының айтуынша, 2020 жылға таман студенттердің санын 8 мыңға дейін жеткізу межеленген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы