Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Алматы қаласындағы аудандық сот өкілдері Қарасай батыр атындағы мектепті аралап шықты

632 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов бастаған алып шаһардағы аудандық соттардың лауазымды өкілдері мен жас мамандары Наурыз мерекесі күніне орай Елбасы туған Үшқоңыр ауылындағы Қарасай батыр атындағы орта мектепке саяхат жасап қайтты. 

Алматы қаласындағы аудандық сот өкілдері Қарасай батыр атындағы мектепті аралап шықты

Мектептің үздік оқушыларынан құралған қарсы алушы топ қаладан келген мәртебелі қонақтарды ше­жіре­ге толы мектеп өмірімен кеңі­нен таныстырды. Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті қолына алғаш қа­лам алған білім ордасы таусылмас тарихи шежіреге толы. Мектеп оқушыларының білім саласында, спортта, өнерде – қоғамдық өмірде қол жеткізген табыстары көрнекі құрал ретінде қабырғаға ілінген. Суыртпақтап сыр тартқан сан сырлы фотодеректер мен қызықты құжаттар бұл мектепте шын мәнінде кіл дарынды балалардың білімі алатынын аңғартып-ақ тұр. Келушілерге көрнекі түрде мәлімет берген тарихи құжаттар сол жасөспірімдердің тиянақты еңбегімен жинақталған. Сот өкілдерінің бұл сапардағы оқушылармен пікір алмасуы мектеп өмірінде ерекше жаңалық болып қалды.

Елбасының «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай Алматы қалалық сотының судьясы Мәриям Қарабаева былай деді:

– Мені ерекше таңқалдырғаны – қатардағы ауыл мектебі 200-300 жылдық өңір тарихы туралы деректерді жинап, бірнеше ұрпақтың өмірінен қызықты мәліметтерді тапқандығы. Тәуелсіз еліміздің әрбір мектебінде ел тарихын тереңнен қозғайтын осындай музейлер болса екен деген үмітті ойда қалдым. Мұның жас ұрпақтың болмысы мен тәрбиесіне тигізер шапағаты мол екені ақиқат. Елбасының алыс болашақты меңзеген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына іспен жауап берудің нағыз үлгісі дегеніміздің өзі осы емес пе?!

Мемлекеттік рәміздер мен «Мәң­гілік Ел», Қазақстанда тұратын сан ұлт өкілерінің шыны астында тұрған әсерлі бейнелері, Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 туралы фотодеректер, Қарасай батыр туралы тарихи құжаттар келушілерді көрнекілігімен таңдандырмай қой­мады. Таныстырылымды үздік жүр­гізген оқушылар деректер сырын кейде өлең жолдарымен жеткізді. Кездесуді ерекше әсерлендірген де осынау поэзиялық қас-қағым сәттер десек артық айтпаймыз.

«Шапағат» аталатын мектеп му­зейін құнды жәдігерлермен толтыруда ұлағатты ұстаз Рымкеш апа Байқонысованың сіңірген еңбегі өлшеусіз. 1998 жылдың 28 мамырында есігін ашқан музейдің 24 тақырыптық бөлімінде 2500-ден астам жәдігер сақталған. Мектеп музейінің мең­герушісі, ғылыми қызметкері әрі қор жинаушысы саналатын Рымкеш апай:

– Мұндай орасан көп құжаттар мен құнды дүниелерді бір адамның ғана жинап алуы еш мүмкін емес те әрі оған тірі адамның уақыты да жетпейді. Маған өзіміздің мектептің мұғалімдері мен оқушылары аянбай қолғабыс етті. Бүгінгі таңда бес мұғалім мен 8 оқушы тікелей осы музейдегі барша жиналған жәдігерлер мен құжаттарға жауап береді, – деді.

Музейге келушілер Елбасының қо­лы­на қалам ұстатқан алғашқы ұс­тазы Тәкура Алғадайқызының өмір­дерегімен, жап-жас жігіт – Нұр­сұлтан Назарбаевтың Украинаның Дне­продзержинск қаласындағы оқуы, жас маман ретінде қалыптасуы, одан соң мемлекет және қоғам қай­раткерлігіне дейін өсу жолдарымен қызы­ғушылықпен танысты.

Үшқоңыр ауылындағы саяхаттың екі жаққа да әсері болғанын анық. Мектеп оқушылары сот-билік өкіл­дерімен бірге суретке түсті. Қонақтар атынан Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов музейдегі Құрметті қонақтар кітабына шынайы тілегін жазды. Алматылықтар Үшқоңыр ауылынан қанаттанып қайт­ты.

Қоры көп мектеп музейі тағы бір жәдігермен толықты.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ