Бітім болмысы, қалам тербеуі бөлек жазушы қазақ әдебиетіне «Адасқақ», «Бесін», «Бесатар» сынды шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкелді. Созақ ауданының орталығы Шолаққорғандағы жалпы орта мектепке жерлестерінің жүрек қалауымен Асқар Сүлейменовтің аты беріліп, еңселі ескерткіші орнатылғалы біршама жылдың жүзі болды.
«Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта төл өнерімізді төрге шығарып, әдебиетімізді ұлықтап, Асқар Сүлейменов атындағы «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын ұйымдастырдық», дейді аудан әкімі Салыхан Полатов.
Байқаудың шымылдығы аудандық халық театрының өнерпаздары қойған «Асқар бейнесі» сахналық көрінісімен түрілді. Созақ ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Сөз зергері» облыстық байқауына Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан іріктеуден өткен 14 үміткер қатысып Асқар Сүлейменовтің көркемдігі жоғары прозалық шығармасынан үзінді оқып, түрлі авторлардың немесе өз шығармашылығынан «Аңыз – ғұмыр, Асқар – жыр» арнау өлеңдерін оқыды. Қазылар алқасының шешімімен Созақ ауданынан ат қосқан үміткер Асхат Айдүйсенов бас жүлдені қанжығасына байлады. Оған 150 мың теңге ақшалай жүлде табысталды.
Теріскейліктер Асқар Сүлейменовтің мерейтойымен қатар биыл талантты қаламгер Тәкен Әлімқұлов пен төкпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің 100 жылдығын, Бәтима Батырбекованың 90 жылдығын да кең көлемде атап өтпек. Бүгінде арнайы іс-шаралар кестесі түзіліп, аудан көлемінде, мектептерде танымдық сабақтар оқытылып, талантты тұлғаларды елге жан-жақты насихаттайтын жиындар, республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастыру үшін әр-алуан ауқымды тірліктер атқару басталып кетті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы