Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Алматыда «Алтын бесік – туған жер» атты айрықша көрмесі көрерменге жол тартты

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сурет өнерінің тұңғиығына терең бойлаған танымал қылқалам иесі Мұхтар Сыздықов өзінің қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленеді. Әрбір туындыгер үшін мәңгілік тақырыпқа айналған туған жер тақырыбы – оның шығармашылығының негізгі өзегі. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында суретшінің «Алтын бесік – туған жер» атты айрықша көрмесі көрерменге жол тартты. 

Көрме экспозициясына автордың 80-нен астам кескіндемелік және графи­ка­лық жұмыстары қойылған. Олардың сапынан офорт, линогравюра, литография, қондырғылы гравюра, кітап графикасымен салынған әсем шығармаларды кез­дес­тіресіз. Әртүрлі техникамен орындал­са да бұл жұмыстардың әрқайсысы ұлт­тық колорит пен қайталанбас дара сти­льді бойына сіңірген.

Қаламдастары оның «Туған өлкенің тарихынан» топтамасындағы ең белгілі графикалық жұмыстары Қазақстан гра­фи­касының дамуына зор ықпал еткенін ай­тады. Суретшінің елжандылығы «Ме­­нің Отанымның мерекелері», «Киіз үйді жинау» сияқты тағы да басқа да кей­інгі жылдардағы кескіндемелік туындыларында көрініс тапқан. Ұдайы жаңа көркемдік шешімдерді іздестіру жолында жүретін Мұхтар Сыздықов өзінің шығармашылық идеясына адал – адамның рухани әлеміне қайта-қайта оралып отырады: «Ақынның портреті», «Әйелдің портреті», «Шебердің порт­реті», «Армян ханшайымының портреті», «Махаббаттың портреті» сынды жұмыстары осының мысалы.

– Мұхтар Сыздықовтың шығар­ма­шы­­лығы туған жерге деген шына­йы ма­ха­ббатқа тұнған. Суретші жа­қын­дап қал­ған күз табиғатын ерекше сезім­тал­дық­пен береді. Бұлт басқан аспан мен көл ор­тасындағы жалғыз қайық ерекше ішкі жа­бырқау көңіл-күй мен жалғыздықты біл­діреді. «Ертіс таңына» табиғаттың өзі­нің тынысы деуге болатын таңғы сал­қын таза ауаға толы «Түрген өзені» пей­зажын қарама-қарсы қоюға болады. Көк, жасыл, күлгін түстерден тұратын колорит өзінің қанықтығына қарамастан, пейзаждың үйлесімі мен тұтастығын құ­райды. Суретші түспен ойнап қана қой­май, сәтті түстік ракурстар тауып, әр­бір штрихты анық жазады, – дейді көр­менің кураторы Гүлнұр Жұбанова.

Үнсіз жатқан асқар тау мен нулы ор­ман көңіліңе тыныштық ұялатады. Су­ретшінің қай шығармасынан да қаны­мыз­ға тән қанық түстер мен бол­мы­сы­мыз­­дан сыр шертетін ұлттық бояуларды көресіз. Оның дала картиналарынан салт-дәстүріміз бен төл табиғатымыздың иісі бұрқырайды.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ