Әлем • 27 Наурыз, 2018

Египетте президенттік сайлау өтіп жатыр

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел тізгінін ұстауға екі кандидат ұсыныс білдірген. Олар: Мысырдың қазіргі президенті Абдель Фаттах ас-Сиси мен «Ертең» партиясының көшбасшысы Муса Мустафа Муса.

Египетте президенттік сайлау өтіп жатыр

Дүйсенбіде басталған сайлау үш күнге созылады. Әйтсе де, дауыс берудің қорытындысы келесі дүйсенбіде жарияланбақ. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге сүйенсек, сайлауда кім жеңіске жететіні әлден белгілі. Мәселен, Euronews арнасы М.Мусаны «қуыршақ қарсылас» деп санайды. Мұның өз себебі бар. Ол президенттікке тіркелу рәсімі аяқталар күні ғана өтініш білдірген. Сондай-ақ сайлау науқаны кезінде қазіргі ел басшысы ас-Сисидің кандидатурасын қолдап жүрген-ді.

Al Jazeera да жеңімпаздың кім болатыны әлден белгілі деп есептейді. Мұның себебі ретінде арна М.Мусаның бұған дейін ас-Сисиді қолдағанын, электораттардың дауыс беруге бәрі қатыспайтынын келтіреді. Осының бәрін ескере келе, ас-Сисидің кезекті мәрте Мысыр билеушісі атанатынын болжау қиын емес.

Жалпы, қазіргі ел басшысы Абдель Фаттах ас-Сиси 2014 жылғы сайлау кезінде жеңіске жетті. Египет заңына сәйкес, ас-Сиси екінші мәрте президенттікке сайлануға құқығы бар. Абдель Фаттахтың өзі CNBC арнасына берген сұхбатында конституцияға сай екі мерзім ғана ел басқаратынын мәлімдеген.

Дауыс берудің бірінші күні аяқталған соң баспасөз жиынын өткізген премьер-министр Шериф Исмайыл сайлаудың сәтті өтіп жатқанын мәлімдеген. Ол мысырлықтар шараға белсенді қатысатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, сайлаудан кейінгі келесі кезең ел дамуына, экономикалық реформа жасаудың маңызды қадамы болмақ. Ал сайлау жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Махмуд әш-Шарифтың айтуынша, сайлау бөлімшелерінде дауыс бері ашық, заңға сай жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, Мысыр халқының 60 миллионға жуығы дауыс беру құқығына ие. Ел бойынша 13 706 сайлау бөлімшелері ашылған. Сондай-ақ 18 мың судья, 54 үкіметтік емес және қоғамдық ұйым, 9 халықаралық ұйым, 110 мыңға жуық мемлекеттік және құқық қорғау мекемелердің қызметкерлері және БАҚ өкілдері сайлау барысын бақылайды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»