Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Қыдыр атаның кеңесі

1373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өз басым, мынау дүниеде бізге белгісіз тылсым, жұмбақ күштердің бар екендігіне титтей де шүбә келтірмеймін. Себебі адам баласы көзі жеткен жерге дейінгіні ғана көреді. Құлағы еститін жерге дейінгіні ғана естиді. Ал қалған дүниені ше?..

Қыдыр атаның кеңесі

Осы ретте сіздерге анау-мынау алып­қашпа әңгімелерге өзек болып кетуі мүмкін ұсақ-түйек жайттарды емес, аты әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бала күнінде Қыдыр атаға қалай кезіккені туралы айтқан әңгімесін алға тарта отырып, әрі қарай өз ойымды сабақтағым келеді. Өйткені бұл хикаяны бөтен емес, бөгде емес, ұлы суреткердің өзі әлі күнге дейін қазақ тілінде жарық көре қоймаған «Балалық шақ» атты хикаятында баяндап өткен. 

Сонымен...
«1943 жылдың ақпан айында біздің үйдің басына бір қара бұлт үйірілді, – дейді жазушы. Ол кезде Жиде айылындағы жартысы құлап қалған соқпа тамда – бұрынғы ескі клубта тұратынбыз. Мал ұстайтын жеріміз болмағандықтан, қыста басқарманың рұқсатын алып, жалғыз сиырымызды колхоздың қорасына қамап жүрдік. 

…Бір күні әдеттегідей таң қараңғы­сында барсам, сиырымыз жоқ. Күндегі орны бос тұр. Байлаған жібіміз қораның кіреберісінде шұбатылып жатыр.»
Міне, осыдан соң әлгі сиырды іздеп, ауыл-ауылды аралап, тау бөктерін шарлап әбден шаршаған он төрт жастағы бала Шыңғыстың ойына ұрылар қалаға қарай кеткен болар, себебі ол жақта базар бар, түнде сойып, таңертеңгілік етін сатуға алып шығады ғой деген ой түсіп, өзі жазда көмекші болып бірге жұ­мыс істеген тракторшы Темірбектің мыл­ты­ғын сұрап алып, Таразға қарай тартады.
Сөйтіп… 

«Қолымда мылтық, ұрыларды көрген жерден-ақ шетінен пытырлатып ата беру­ге бекініп, алға қарай адымдап келе­мін, – деп жалғастырады жазушы әңгі­месін. –«Иә, иә, мен оларға көрсетемін! Бі­рін қалдырмай атып өлтіремін!», – деймін. 
Бір кезде етігімнің табаны сөгіліп, қыстың қысқа күні ұясына таяп қал­ғанын білем. Әзірге ешкімді кезіктір­медім. Төңіректе ел жоқ, мынау жалпақ жаһанда соқа басым сопайып жалғыз өзім ғана қалған сияқтымын. 

…Күре жолдың үстінде терең қиялға шомып кеткендіктен бе, есекке мінген бір қарияның қайдан шыға келгенін байқамай да қалыппын. Оның басында түсі оңып кеткен ескі малақайы бар екен. Өзі бір кембағал, бейшара, кәріп кісіге ұқсайды. Төрт аяғы жерге тиер-тимес боп тымпыңдап келе жатқан есегінің үстінде ақ сақалы желбіреп, бірте-бірте маған қарай жақындай түсті. Көптен бері адам аяғы баспаған ескі мазардан шыққан тәрізді. Біраздан соң екеуміздің жолымыз түйісті. Әдеттегідей үлкен кісіге сәлем беру­ді де ұмытыппын. Ашу қыс­қан­дық­тан болар, мұндай ерсі қылығы­ма өзім тіпті, мән де бергем жоқ. Жанынан өтіп бара жатқанымда әлгі қария маған қарап: 

– Тоқтай тұршы, балам! Сен немене, біреуді өлтіргелі бара жатырсың ба? – деп сұрады. 
– Иә, – деп қабағымды түйіп жауап қаттым, – өлтіремін! 
Сонсоң екеуміз бір-біріміздің көзі­мізге тіке қарадық. Сол кезде мен оның жүзі­нен тараған жып-жылы шуақты аңға­рып, өзіме соншалықты бір сенім білдіріп тұрған қарияның мейірімін сезінгендей болдым. 
Ол басын ақырын ғана шұлғып: 

– Олай болса, асықпа! Менің сөзімді тыңдап, біраз аялда. Оны не үшін өлтірем деп бара жатқаныңды айт, балам? – деді жайбарақат үн қатып. 
– Бүгін-ертең туайын деп тұрған буаз сиырымызды ұрлап әкетті. Біз өзіміз төрт ағайындымыз, ең үлкені менмін. Шешем мен нағашы әжем ауру… 
– Ә, солай ма?! Жаман болған екен… сұмдық жаман болған екен! Бірақ, сен мені тыңда! Кек деген жаман нәрсе. Қарғыс атқыр ұры болса да, сен оны өлтіруді ойлама! 

Мен үндемедім. Ызадан бақырып жылап жіберейін деп, өзімді-өзім әрең тежеп тұрмын. 
– Сенің жайыңды жақсы түсінемін, балам, – деді қария сөзін жалғап, – мұндай жағдай жаныңа қалай батып, қандай күйге түскеніңді де сеземін. Бірақ мына мендей үлкен қарияның сөзін ұғып ал! Ешкімді өлтірме! Ондай нәрсені мүлде есіңнен шығар! Үйіңе қайт! Бұл жалғанда ондай нәмәрттікке барған кісі өз жазасын алады. Бұл сөзіме күмәнданба, балам. Олардың жазасы өздерімен бірге ілесіп жүреді, бірге жатып, бірге тұрады. Бірақ сен бүгін үйіңе қайтып, бұдан былай оларды өлтіремін деген ойды ұмытатын болсаң, түптің-түбінде бақытқа жетесің. Бақыт сені өзі іздеп келетін болады. Мен бір жөнсіз сөз айтып тұр екен деп ойлама. Бір кездері осы сөзімді есіңе алып, айна қатесіз шындыққа айналғанын өзің-ақ түсінесің. Үйіңе қайт, балам! Шешеңе де осы сөзді айта бар. Мен де жолымнан қалмайын. Саған біреу қандай жамандық қылса да, сен оны өлтіремін деп ойлаушы болма! 

Осыдан соң мен айылға қарай бұрыл­дым. Қария болса, өз жолымен ұзап, көрінбей кетті…»

Иә, мұны неге айтып отырмыз десе­ңізші?.. Себебі бізді жақсылыққа қарай бастайтын, алдымыздан бақыт қақпасын ашатын тылсым күштердің әманда болғаны және бола бергені жақсы. Бұл – ұлы сенім.

Қазір құдайға шүкір, қай елге бар­саңыз да, сол елдің тіліне тәржімалан­ған Шыңғыстың шығармаларын көре­сіз. Көп кітаптың ішінен, жасыратыны жоқ, көзге оттай басылады. Орта Азияда туып, әлем әдебиетінің классигі атанған алып тұлғаның ана тілі де, атамекені де жаныңызға сондай жақын екендігін туыстық көңілмен сезінесіз. Сондай сәттерде, аязды түнде айылдан шығып, қалтырап тоңып, қалаға қарай келе жатқанда Қыдыр атаға кезіккен жап-жас бала көз алдыңызға елестейді. «Егерде ол ақсақалдың тілін алмаса не болар еді?» деген бір тылсым үрей тұла бойыңызды тітіркендіріп өткендей болады...

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»