Басылымның хабарлауынша мұндай шешім Нинся-Хуэйск автономды аймағында қабылданған. Учжун және Иньчуань округындағы мейрамханалар мен дүкендер араб тіліндегі халал сөзін алып тастауға міндеттелді. Енді бұл сөз иероглиф және пиньинь арқылы жазылмақ. Осыған байланысты қазір супермаркеттерде арабша халал сөзі жазылған тауарлар сөрелерден уақытша алынып тасталды.
Айта кетерлік тағы бір жайт, аймақта мұндай өзгерістер осыған дейін де болыпты. Наурыз айында Иньчуанда араб архитектурасы мен қытай дәстүрі үйлескен көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді жоспар бойынша оның бәрі дәстүрлі қытай үлгісіне өзгертілмек. Бұл аумақ 2016 жылы араб әлемі мен Қытай арасындағы жақсы қарым-қатынастарды көрсету үшін құрылған еді.
Сарапшылардың айтуынша қытай қоғамы арабизациялау ісіне, яғни елдегі кейбір мешіттерге және исламмен байланысты басқа да мәселелерге сақ болу керек. Ал мамандар дінге қатты мән берудің қажеті жоқ екенін айтады. Дегенмен жаңа шаралар Қытай заңына еш қарсылық келтірмейтінін де атап өтті.
Өткен жылдың шілде айында Қытайда халал тағамдарды жеткізуші Meituan қосымшасы жергілікті тұрғындар арасында қатты сынға ұшырады. Компания өнімдердің халал екенін дәлелдеу мақсатында тапсырыстарды жеке бумалар мен контейнерлерде жеткізуге уәде берді. Дегенмен Ислам жолын ұстанбайтын тұтынушылар компанияның мұндай әрекетін кемсітушілік ретінде қабылдады.
Халал деп Ислам дінінің көзқарасына сай әзірленген тағамдарды атайды. Мұсылмандарға доңыздың, жыртқыш аңдардың, т.б. етін жеуге тыйым салынған.