Егер болжам орындалса, таяу болашақта бидай бағасы көтерілмейді. Десе де, астық құны өткен жылдармен салыстырғанда едәуір қымбаттағаны байқалады. Ең қызығы, жер-жаһанда бидай өндірісі межеден артығымен өндіріліп жатса да сауда алаңдарында баға өсіп келеді. 2017-2018 жылдары қоймаларда астықтың рекордтық қоры артығымен сақталғандығына сарапшылар алаңдаулы.
Көп жағдайда өнімнің жетіспеушілігі жиі айтылатыны рас. Таяуда Астанада өткен «KazGrain – 2018» халықаралық конференциясында БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының экономисі Наталья Меркушева оны жоққа шығарды. Жүргізілген сараптаманың қорытындысы бойынша, сұраныс азайған, ал жиналған астықтың үлесі артып отыр.
– Соның салдарынан бидай қорларда жылдап сақталады, бұл өз кезегінде сапаға да тікелей әсер ететіндігі белгілі. Сақталған астықтың көп бөлігі Қытайда тіркелген, – деді экономист Наталья Меркушева. Оның сөзіне сенсек, бүгінгі күні Қытайда 270 млн тоннаға жуық артылған бидай сақтаулы тұр.
Ағымдағы жылы АҚШ пен Еуроодақты басып озған Ресей астық экспорттауда көш бастап келеді. Айта кетерлігі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тан ең жоғары көлемдегі астық сыртқы нарыққа шығарылған. Бұл көрсеткішті әлі ешбір ел қайталай қойған жоқ. Экспорт көлемін азайтуды жаппай жүзеге асырған кезеңде АҚШ өндірісті 15,4 млн тоннаға дейін азайтқан болатын. Сондықтан дәл қазір бұл елде қордаланып қалған өнім өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Бірқатар елдер дайын бидай ұнын тікелей Түркия мен Қазақстаннан импорттауда. Осы ретте, түріктер Сирия мен Иракқа, бертінде Суданға дайын ұнды үздіксіз жіберіп отыр. Ескеретіні, Ирак пен Сириядағы әскери қақтығыстардан бөлек, астық өнімдерін өндіруде де түйіткілдер бар. Соны тиімді пайдаланған Түркия өз нарығын кең көлемде қарастыруға мүмкіндік алып, соңғы 10 жылда экспорт көлемін 3 пайызға арттырған. Осылайша дүние жүзі бойынша ұн экспортында Түркия алдыңғы орынға көтеріліпті.
Нарық заңдылығына сәйкес, тұтынушылар көбейген сайын сұраныс та еселене түсетіні белгілі. Осы ретте алдағы 10 жыл көлемінде Үндістанда халық санының артуына байланысты бидай импорттау 79 млн тоннадан 96 млн тоннаға артпақ.
– 2026 жылға қарай бидайға деген сұранысты көп жағдайда дамыған елдер емес, керісінше халық көп шоғырланған Африка, Азияның кейбір мемлекеттері құрайды, – деді БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының өкілі.
Халықаралық жиында Arete Research&Consulting in Economics ұйымының аға консультанты және сарапшысы Филиппо Бертуцци бидайдың дурум (қатты) сортының тасымалы, сапасы жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы 4 жылда Қазақстанның дурум бидайы әлемдік нарықтағы экспорттық үлесін 280 мың тоннаға арттырып отыр. 2014 жылы 170 мың тонна бидай өндірілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 450 мың тоннаға дейін ұлғайғаны осыны айғақтайды. Қазақстаннан экспортталған өнім Италия мен Түркия мемлекеттеріне жөнелтіледі.
Әлемдік экономиканың өсу көрсеткіші осыдан екі жыл бұрын айтарлықтай төмендеген тұста астық нарығы да біршама тұралап қалған еді. Артынша жаһандық сауда-саттық қайта жанданды. 2018 жылдың басында тіркелген есеп бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Канада, Кытай және Жапония сынды әлемнің алпауыт экономикаларында қаржылық жағдай тұрақталды, өсім үлесі артты. Бұл ретте астық экспорттаушы елдер үшін жағдайдың тұрақты болғаны аса маңызды.
Нарықтың кілті Канаданың қолында
Филиппо Бертуцци келтірген мәліметке сүйенсек, жаһандық бидай экспортындағы ахуал Канадамен тығыз байланысты болмақ. Себебі Канада әуел бастан сапасы жағынан әлемдік сұранысты өтей алатын елдердің бірі саналады. Бидайды көп тұтынатын Италия бұған дейін тек канадалық астықты қолданып келген. Кейінгі уақытта Еуропа елдері де бидай өндіруді жолға қойып, өнім үлесін айтарлықтай ұлғайтуда. Дегенмен әлі де орталық Еуропа жақсы өнім алу үшін қолайсыз.
– Бидай өніміне қатысты арнайы сараптама жасайтын орталықтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Бүгінде әлемдік нарықта Канада бидай өнімін ауқымды көлемде экспорттаушы мемлекет атанып отыр. Оның үлесі 60 пайыз. Одан кейін АҚШ алдыңғы қатарлы экспорттаушы ретінде танылып келеді. Бұл ретте бидай өнімін Еуропаға Қазақстан да жеткізіп отырғандығын айта кеткен жөн. Әсіресе Италия мен Германия біздің елдің басты тұтынушысы. Сондықтан да қазақ бидайы сапа жағынан канадалық өнімнен артық болмаса, кем емес, – деді Arete Research&Consulting in Economics-тің аға консультанты.
Десе де Филиппо Бертуцци экспорт көлемін ұлғайтып, өнімді сыртқа шығаруды кеңейту үшін қазақстандық өндірушілерге және дурум бидайын экспорттаушыларға ұзақ мерзімді стратегия қажет екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін ұдайы талдау жүргізу керектігін де жеткізді.
«KazGrain – 2018» конференциясында Hakan Agro DMCC коммерциялық бөлімшесінің басшысы Корай Озкан баяндама жасап, әлем бойынша тамақ өнімдерінде дәнді дақылдардың 2 мыңнан астам түрі қолданылып жүргендігін жеткізді. Оның мәліметінше, 2004 жылдан бастап 2016 жыл аралығында дәнді дақылдардың әлемдік өндірісінің өсімі 75,6 млн тоннаға жеткен. Алайда 2018 жылға қарай аталған көрсеткіш төмендепті, қазір ол 70,9 млн тоннаны құрап отыр.
Канада дәнді дақылдардың әлемдік экспортындағы үлесін 41 пайызға жеткізіп, көшбасшы атанып отыр. Бұл тізімде Аустралия (12 пайыз), Мьянма (11 пайыз), АҚШ (10 пайыз) алдыңғы қатарда тұрғанын айта кетейік.
Қазақстан бидайы 35 елге таралады
Астық экспорттауда тасымал жолдарын жүйелеп, логистика саласын әртараптандыру – аса маңызды қадам. Конференцияға Ресейден келген «ТБИ» ААҚ бас директоры Иван Караманов осы ретте Қазақстанға Қара теңіздегі порттар арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтты. Оның пікірінше, Новороссийск порты арқылы Ресейдің Қара теңіздегі порттарына астық тасымалдауға болады.
– Бұл ретте темір жол вагонындағы өнімді кеме бортына бірден тиеу жағы жолға қойылған. Былтырғы астық маусымында осындай әдіспен экспортқа шамамен 100 мың тонна Қазақстан өнімі жөнелтілді. Алайда бұдан да жоғары өнім ұсынуға болады. Дәнді дақылдарды экспортқа жөнелтудің осындай әдісінің сыйымдылығы жылына 1 млн тоннаға жетеді,– деді «ТБИ» ААҚ бас директоры.
Соңғы уақытта Қазақстан дәнді дақылдарды экспорттауда белсенділік танытып отыр. Бұл өнімдерді арнайы контейнерлер арқылы тасымалдау жолы ұтымдырақ. Яғни тек жақын елдермен қарым-қатынас орнатып қана қоймай, әлемдік сұраныстың ауқымды бөлігін – Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарын да қамтуға болады.
– Қазақстан әлем бойынша ұн экспорттауда алдыңғы қатарда. Негізгі импорттаушы мемлекеттер шекаралас: Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан. Сонымен қатар Африка және Азияның шығыс бөлігімен де байланыс орнағандығынан хабардармыз. Бірақ ұнның сыртқа шығарылымын контейнерлік жолмен бұдан да ауқымды түрде арттыруға болатындығын айтқымыз келеді. Жыл сайын тасымалдың бұл түрі айтарлықтай кең көлемде қолданылып келеді,– дейді И.Караманов.
Қазақстан өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық экспорттайды. Соңғы 5 жылда орта есеппен 19,1 млн тонна өнім сыртқа шығарылған. «KazGrain – 2018» халықаралық конференциясы барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Талғат Болатұлы елдегі бидай нарығы жайындағы ақпараттармен бөлісті.
– Бүгінгі күні біз астық экспорттаушы үздік 10 елдің тізіміне еніп отырмыз. Өткен жылы жиналған астықтың жалпы көлемі 20,6 млн тоннаны құрайды. Бұл өз кезегінде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сыртқа өнім шығаруға жеткілікті деп сеніммен айта аламыз,– деді министрліктің департамент директоры.
Өткен жылы Қазақстан Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінен бастап, 35 мемлекетке өз өнімін ұсынып үлгерген. Экспорттың 87 пайызы Қытай, Түрікменстан және Иранға жіберіліп отыр. Министрлік келтірген мәлімет бойынша, тасымал логистикасы да жақсарып келеді. Ақтау, Баку порттарында салынған астық терминалдары жұмыс істеп тұр. Иранға Түрікменстан арқылы өтетін темір жолдың да құрылысы аяқталуға жақын. Бұған қоса Қорғас шекарасы арқылы өтетін темір жол Қытайға экспорт бағытын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»