Аймақтар • 28 Наурыз, 2018

Қызылжарда ауыз су мәселесін толық шешуге кедергі көп

1179 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету басым бағыт болып қала беретінін Елбасы талай рет қадап айтқан болатын. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында судың тым тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне жатқызылуы тектен тек емес. 

Қызылжарда ауыз су мәселесін толық шешуге кедергі көп

Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды тұтыну көрсеткішінің 8 есе өскені байқалады. 1 миллиардқа жуық адам жарамды суға зәру. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдердің суды сырттан алуына тура келеді. Уақыт алға жылжыған сайын су барынша шектеулі ресурсқа айналып, сұраныс еселеп артуда. Еліміз үшін де сапалы ауыз сумен қамту өткір мәселелердің бірі. Мәселені шешуге қомақты қаражат жұмсалып, көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн.

«Таза ауыз су», «Ақ бұлақ» бағдарламалары бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Кешенді шаралар «Нұрлы жол» және өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламалары шеңберінде жалғасын тауып, халықтың денсаулығын жақсартуға баса назар аударылған. Келешекке межеленген міндеттер тіпті ұлан-ғайыр. 2020 жылға таман ауыз суға қолжетімділік деңгейін 98 пайызға, ал қалаларды сумен қамтамасыз етудің орталық желісіне қосуды – 100 пайызға, ауылдық жерлерді сумен қамтуды 80 пайызға жеткізу талабы тұр. Бұл межені су тапшылығын жоюдың тың жолдарын талмай іздестіріп, озық технологияларды кеңінен қолдану арқылы ғана бағындыра аларымыз анық. 

Жасыратыны жоқ, құрамында зиянды заттар көп кездесетін көлдер мен көлшіктердің, тоғандардың, құдықтардың суын күнделікті тұрмыста пайдаланатын өңірлер аз емес. Оның соңы түрлі ауруларды тудырып, дімкәс ұрпақ қалыптасқан жайы бар. «Таза су ішіп жүрміз бе?» деген сұрақ қойыла қалса, кібіртіктеп жауап беретініміз де рас. Мәжілісте былтыр өткен парламенттік тыңдауда сумен жабдықтау және су тарату жүйесіне байланысты түйінді жайттар жан-жақты қозғалып, проблемаларды жоюдың, жағдайды жақсартудың жолдары талқыға салынған болатын. Онда келтірілген деректер бойынша республика халқының 87 пайызы ғана таза суды тұтынады екен. 6601 елді мекеннің 4034-іне орталықтандырылған су жүйесі тартылмаған. Оның 1462-сі жаңа құрылысты талап етеді. 1104 елді мекенде су тәулігіне 12 сағаттан аз беріледі. Жылдық қаржыландыру 100 миллиард теңгеге дейін өсірілген жағдайда ғана 2,7 миллион адамның сапалы ауыз суға деген сұранысы 2025 жылға қарай шешіледі екен. 

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде ауылдарға таза су жеткізу жайы Қызылжар өңірінде де күн тәртібінен түскен емес. Былтыр су желілерінің құрылысы мен жаң­ғыр­ту жұмыстарына 3,5 мил­лиард теңге бағытталды. Үш жоба іске қосылды. Прес­нов­ка, Соколовка су тораптарын қалпына келтіруге, 4 апат­тық учаскенің топтық су құбыр­ларын жаңартуға 4,9 миллиард тең­ге бөлінді. Биыл 7 жобаны жү­зеге асыруға 1,1 миллиард теңге қарастырылған. Нәти­же­сінде 11 ауылға су жетеді. Қа­зір елді мекендердің орталық­тан­­дырылған суға қолжетім­ді­лі­гі 57, 5 пайызды құраса, ауыл­дық­тар­дың үлесі – 78,9 пайыз. Десек те, бұл салада кемшін тұстар жетіп-артылады. Оны мына мысалдан анық аңғаруға болады. Облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссияның отырысында өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы қаралып, 668 елді мекеннің 379-ы ғана орта­лықтандырылған су жүйе­сіне қосылғаны, 271 ауылда халық суды құдықтар мен ұңғы­малардан алатыны, 18 ауылда тұратын бір мыңнан ас­там тұр­ғын ауыз суды сырттан та­си­тыны анықталған. 32 ны­сан­ның 7-уі мүлдем іске қо­сыл­маған. Олардың құрылысына жұм­салған 1 миллиард теңгенің қайда кеткені белгісіз.

Су тартумен айналысатын ұйым­дармен келісімшарт жасалмаған. Есіл өзені бойында орналасқан Шал ақын ауданында орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 31 пайыз ғана. Осындай олқылықтардың орын алуының бір ұшығы тиісті орындардың бюджет қаржысының игерілуіне бақылауды босаңсытып жібергеніне, жауапты мекемелердің ұйымдастыру саласындағы оралымсыздығына, тұтынушыларға қызмет көрсету са­пасының төмендігіне келіп тіреледі.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жатқан жұ­мыстарды жоққа шығарудан аулақпыз. Дегенмен ауыз су мәселесін толық шешуге ішкі мүмкіндіктер мен резервтер қоры жеткілікті бола тұра қолбайлау мен кедергі көп. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдердің есептерінде топтық су жүйелерін қайта жарақтандыруға, толық қуатында жұмыс істеуіне қатысты арыз-шағым­дардың жиі айтылғанын да ескермей болмайды. Қызылжар ауданына қарасты Асанов ауылында таза ауыз су мә­селесі 2015 жылы түбегейлі шеші­луі тиіс болатын. Жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттен қар­жы бөлінгеніне қарамастан бағ­дарламаның орындалуы екі жылға ке­шеуілдеген. Смирнов-Тоқшын су құ­быры желісіндегі апатты жағдайдың салдарынан «Есіл су» мекемесі 60 миллион теңгеге 10,5 шақырым жаңа құбыр тартуға мәжбүр болған.

Ал резервуарларды суға толтыру кезінде бас құбыр қысымға шыдамай сыр берген. Кейін қалпына келтірілсе де «әр үйге – таза су!» «ұранының» әлі күнге дейін орындалатын түрі көрінбейді. Өйткені тендерді ұтып алған мердігер компания су құбырларын жол жиегіне дейін ғана жеткізіп, міндеттемелерін толық орындамаған күйі ұшты-күйлі жоғалған. Осы себепті 400 үй­дің біразы жаяу-жалпылап ауыл шетіндегі су таратқышқа қатынап жүр. Осылайша жергілікті қазынадан бөлінген 263 миллион теңгенің сайда саны, құмда ізі қалмаған. Бір айта кетерлігі, үйлерге дейін су тартамыз деп сендірген ұйым әр отбасыдан еш құжатсыз 30 мың -120 мың теңге аралығында қаражат жинап алыпты. «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда айтылған сумен жабдықтау жүйелерінің сапасыз салынуы, істен жиі шығуы, судың үздік-создық берілуі секілді кемшіліктер Қызылжар өңіріне де тән. Якорь ауылының тұрғындары үшін де ең өзектісі – ауыз су. Ауыл шаруа­­шы­лығы министрлігінің Су ресурс­­тары коми­теті су мұнарасын тұрғыз­ғанда халық өш­кендері жанған­дай қуанған. 

Алайда нысаннан ақау табылып, әлі күнге дейін іске қосылмаған қал­пы қалқиып тұр. Тиісті орындарға қаншама үшбу хаттар жолданғанымен, селт етер ешкім байқалар емес. Был­­тыр жарты ғасырға жуық жер ас­тында жатқан құбырлардың жарылуы­нан Бәйтерек, Подгорное, Бес­көл ауылдарының 11 мыңнан ас­там тұрғыны облыс орталығына қа­рай сабылды. Мектептерде сабақ тоқ­татылды. Мұндай көрініс жиі қай­таланатындықтан етіміз үйреніп кеткен, дейді жергілікті тұрғын Ма­рия Печ­курова. Әкімдіктегілердің сө­зіне қарағанда сутаратқыш апаттық жағ­­дайда. Оны ауыстыруға қаржы тапшылығы қолбайлау. Осындай апатты жағдайлардың ақыры судың ластануына, ысырап болуына, шығынның ұл­ғаюына әкеп соқтырары күмәнсіз. 
Су таратумен айналысатын «Базис Про» ЖШС басшылығының бағаны негіз­сіз көтеру саясаты астарында залалды тұрғындар есебінен өндіріп алу пиғылы жатқан сияқты. Бір топ кәсіпкер екі айдың ішінде бағаның 35 пайызға өсуін түсіндіріп беруді талап еткенмен мардымды жауап ала алмаған. Шынында да шаштараз, наубайхана, дәмхана иелері үшін бірден 281 теңгеге қымбаттағаны еш ақылға сыймайды. Жеке тұлғалар да аң-таң. Рассвет елді мекенінің тұрғындары өз қаржыларына құбырды үйге дейін тартқанымен, игілігін көре алмай келеді. Себебі мердігерлердің кінәсінен су құбырларында жіберілген ақаулар көп. Оның жөнделуінен күдер үзген біразы құдық қазып алған. Судың сапасы санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні онша бас ауыртпайтын сияқты. 

Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан түйткілдің бірі – су тарату нысандарына, жаңа техно­логиялардың енгізілуіне жауапты­ тұл­ғалардың нақтыланбауы. Ком­муналдық мен­шікке алу мәселесі құ­қықтық жағынан реттелмегендіктен іске асыру тетіктері көбіне келісім­шартпен ғана шектеледі. Шал ақын ауда­нына қарасты Алқағаш ауылы маңындағы су қондырғысының біраз дүние-мүліктері талан-таражға ұшырағанда кінәласқан екі тарап та сүттен ақ, судан таза болып шыға келген. Бір кездері «Союзцелинвод» деп аталатын мекеменің топтық су құбырларының ұзындығы 16 мың шақырымға дейін жетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген-ді. Үш облысқа қызмет көрсетті. Оның заңды мұрагері саналатын «Есіл су» кәсіпорнының қарамағында үш мың шақырымдық су құбырлары бар. Атқарған шаруалары бірқыдыру. Мекеменің басшылығы жергілікті жерлерде салынып, пайдалануға беріл­ген нысандарды жеке балансына алуға, сөйтіп бірыңғай оператор болуға, мамандармен, құрал-жабдықтармен қамтуға аса ықыласты. Тек заңдық тұрғыдан реттеп берсе болғаны дейді.

Расында да аудан, ауыл әкімдері тарапынан қаржылық әлеует, нақты қимыл, тиянақты іс болмағаннан кейін сумен жабдықтау жүйелерін күтіп ұстауға қауқарсыз. Жапа шегетін тағы тұрғындар. 

Су ресурстары қанша тапшы десек те, көзін таба білгенге ұтым­ды пайдаланудың жолдары көп. Об­лыста ауқымды жобаларды ин­вес­тор­лардың көмегімен, болмаса мем­лекет-жекеменшік әріптестігі аясын­да атқарудың тәжірибелері бар. Былтыр Ғ.Мүсірепов ауданында екі елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылса, соның бірі – Раи­совка. Тұрғындар ауыз суды ұзақ жыл­дар бойы жалғыз құдықтан алып кел­ген еді. Қазір 222 үйдің 208-не су келіп тұр. Шаруашылық дирек­торы Владимир Коваленко 12 мил­лион теңге тұратын су жүйесінің жоба­лау-сметалық құжаттарын дайын­дау шығындарын өтеген. Бұл – бір. Екіншіден, ауыз судың сапа­сызды­ғынан туындаған дүдамал жайт­тар да жұртшылықты алаңдатпай қоймайды. Өңір жұртшылығын ауыз сумен қамтамасыз ететін жалғыз тіршілік күретамыры – Есіл өзені. Оның ласта­нуына зиянды заттардың, қатты қал­дықтардың тасталуы, қоршаған ор­таның бұзылуы кері әсер етпей қой­майды. Құрамында түрлі иондар, ауыр металдар, қышқылдар көп. Қар еріп, ылғал көп болған уақыттарда суды тазартатын коагулянттарды қолдану мөлшері күрт артады. Мұның өзі адам денсаулығына кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы ретте ұлт денсаулығына бірінші кезекте мән беретін өркениетті елдердің инновациялық жобалары мен тәжіри­белерін бізде де өндіріске енгізу еш­ артықтық етпейді. Осы тектес озық әдісті М. Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің ғалымдары қолға ал­ған еді. Сөйтіп «Таза экологиялық су» инновациялық бағдарламасы тиім­ділігін байқатқан.

Тиісті құжаттар ре­сімдеуге жолданып, мүдделі ұйым­­дар қызығушылық танытқан. Су­ды тазарту үрдісі «Аэрозон» су та­зарт­қыш кешені арқылы атқарылса суды хлорламай-ақ зиянды заттардан толықтай арылтуға болады. Өкі­ніштісі сол, құрылғыларды жасауды өз міндетіне алған кәсіпорын өтініштің аяғын өкінішке айналдырып тынды. Алдағы уақытта жақсы бастама басқалар тарапынан ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені облыс төңірегінде жер бетіндегі ғана емес, жерасты суларының да қоры шектеулі болғандықтан елді мекендерді ауыз сумен қамтудың барлық мүмкіндіктерін жұмылдырудың маңызы зор.

 Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы