Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді деп жоспарланған жекпе-жекке екі ай қалғанда Сауль Альварестің рұқсат етілмеген дәрі дәрмектерді пайдаланғаны белгілі болып, басы үлкен дауға қалды. Осы жағдайға байланысты бұл күндері бокс саласының басы-қасында жүрген мамандардан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін өз ойларын ортаға салып, сан алуан пікірлер айтуда. Мәселенің ушығуына байланысты GGG мен Канело арасындағы кездесудің кейінге шегерілуі де әбден мүмкін. Ал солай болған жағдайда GGG-ге кім қарсылас атануы мүмкін?
Қазірдің өзінде бірнеше боксшы «Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға дайынмын» деп жаһанға жар салуда. Солардың арасында америкалық Джермалл Чарло мен украиналық Сергей Деревянченко ерекше белсенділік танытуда. Бұл екеуі де көпшілікке жақсы танымал. 27 жастағы АҚШ боксшысы 10 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасуда. Осы аралықта 26 кездесу өткізіп, барлығында басымдық танытты. 20 қарсыласын есінен тандырды.
32 жастағы Украинаның саңлағы кезінде Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында керемет өнер көрсеткенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Деревянченко сол жобадағы ең мықты боксшылардың бірі ретінде көпшіліктің есінде қалды. 2014 жылы кәсіпқой рингте бақ сынауға бел буған ол 12 бәсекенің барлығын жеңіспен аяқтады. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді.
GGG-мен жұдырықтасуға құлшыныс танытып отырғандар арасынан Матвей Коробовты да ерекше атап өтуге болады. 35 жастағы Ресейдің саңлағы кезінде әуесқойлар арасында әлемнің екі дүркін чемпионы және Еуропа біріншілігінің жеңімпазы атанды. 2003 жылғы Бангкокта өткен дүниежүзілік додада Коробов біздің Геннадий Головкинге және 2004 жылғы Бейжің Олимпиадасында Бақтияр Артаевқа есе жіберді. Кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүргеніне 10 жылға жуықтады.
Сол аралықта 28 кездесу өткізіп, 27 рет жеңіске жетті. 14 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
Сондай-ақ жерлесімізбен жұдырықтасуға ерекше ынта танытып отырғандар қатарында АҚШ-тың апайтөсі Деметриус Андраде, Мексиканың мықтылары Хулио Сезар Чавес, Роберто Гарсия және Жапонияның жұлдызы Риота Мурата сынды кәсіпқой бокс әлемінде есімдері ерекше құрметпен аталатын сайыпқырандар бар.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»