Жиын барысында абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметі, цифрлы телехабар таратуға көшу мәселесі, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау үшін уәкілетті тұлғаның (бөлімшенің) үлгі ережесі қарастырылды.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін заңға сәйкес үлгілік ереже жобасы әзірленгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол цифрлы телехабар таратуға көшу мәселесі жөнінде баяндама жасады.
«Цифрлы телехабар таратуға көшу ақпарат саласы үшін өте маңызды жоба десек артық айтқандық болмас. Осы ретте Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан біраз жыл бойы дайындық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Аталған жұмыстың біршама уақытқа созылуы тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге байланысты. Бұл жұмыс көлемді әрі шығынды. Қазіргі уақытта жоспарланған радиотелевизиялық стансалардың бір бөлігін салу жұмыстары аяқталып, халықтың 77 пайызын цифрлы телехабар сигналымен қамту мүмкіндігі жасалды. Ал жоспарды жүзеге асырудың нәтижесінде халқымыздың 95 пайызын қамту көзделуде. Аталған жобаны кезең-кезеңмен 2019-2021 жылдар аралығында жүргізіп, аяқтау қарастырылып отыр. Жақында кеңес мүшелері цифрлы телехабар таратуға көшудің тәртібін қарастырып, мақұлдады. Қазіргі уақытта цифрлы телехабар таратуға Жамбыл және Маңғыстау облыстары дайын. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл өте ауқымды жоба және оның әкелетін пайдасы да үлкен. Ол қазақстандықтарға отандық телеарналарды жоғары сапада көруге мүмкіндік береді», деді Елдос Нәшірәлі.
Айта кететін тағы бір жайт, қоғамдық отырыс аясында Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Виталий Ярошенко «Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу жөнінде», «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметі туралы баяндама жасады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»