Әлем • 29 Наурыз, 2018

Ауған мәселесі Ташкентте талқыланды

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерді қолдайды және мүдделі тараптарды бейбіт келіссөздерді тез арада бастауға шақырады. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ташкентте Өзбекстан үкіметінің бастамасымен ұйымдастырылған «Бейбітшілік үдерісі, қауіпсіздік және өңірлік өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі конференция барысында мәлімдеді. Конференцияны Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Гани ашты.

 

Ауған мәселесі Ташкентте талқыланды

Конференцияның бас­ты мақсаты Ауғанстандағы жағ­дайды бейбіт жолмен реттеудің негізгі қағидаттарын үйлестіру, Ауғанстан үкіметі мен қарулы оппо­зиция арасындағы келіс­сөздер тетігін әзірлеу, сондай-ақ осы үдерісті қолдау үшін әлем­дік қауымдастықтың бірлескен әрекеттерін үйлестіру болды.

Қ. Әбдірахманов бейбіт­ші­лік­­тің, қауіпсіздіктің, ынты­мақ­тастықтың және дамудың өңір­лік үлгісін Орталық Азияда қалыптастыру, соның ішінде Ауғанстанға экономикалық жә­не әлеуметтік дамуда көп­жақ­­ты көмек көрсету, бей­біт­­ші­лік пен қауіпсіздікке төнг­ен қауіпке қар­сы тұру, сон­дай-ақ оның әлеуетін нығайту Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұ­мысы басымдықтарының бі­рі болып табылатынын атап өт­ті.

Ташкент конферен­ция­сы­ның қатысушылары алдында сөй­леген сөзінде Өзбекстан Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевқа БҰҰ Қауіп­сіз­­дік Кеңесінде осы кездесуді ша­қырудағы бастамасы үшін шын жүректен алғысын білдір­ді.

Қазақстанның Еуропалық одақ пен басқа да серіктестерінің бірлесіп қаржыландыру көме­гі­мен Ауғанстан азаматтарына білім беру бағдарламасын жалғастыру туралы бастамасын ұсынғаны белгілі. 2010 жылдан бастап Қазақстан өзінің оқу орындарында ауған азамат­тары үшін жалпы құны ша­мамен 50 миллион долларды құрайтын білім беру бағ­дар­ламасын жүзеге асыруда. Осы бағдарламаның аясын­да 2010 жылдан бастап 2021 жыл­ға дейінгі кезең ара­лы­­ғында 1000-ға жуық ауған аза­маты оқы­тылады.

«2018 жылдың күзінде Қазақстан Астанада «Ауғанс­тан­дағы әйелдердің мүм­кін­дік­терін арттыру» туралы халық­ара­лық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – Ауғанстанның бейбіт дамуындағы әйелдердің рөлі мен үлесін, ауған әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін елдің әлеуметтік-экономикалық жә­не саяси салаларында олар­дың мемлекеттік және жеке сек­торларға қатысуын арт­ты­ру арқылы кеңейту мәсе­ле­лерін тал­қылау», – деді Қ.Әбді­рах­манов.

Қазақстан Ауғанстанға жыл сайын мыңдаған тонна гуманитарлық жүк, оның ішінде азық-түлік, жанар-жа­ғар­­май материалдары және әр­түрлі жабдықтар жет­кізе оты­рып, екіжақты келі­сім­дер мен көпжақты ны­сан­дағы ке­лісімдердің аясын­да тех­никалық және гума­ни­тар­лық көмек көрсетуді жал­ғас­ты­ратыны ерекше аталып өтті.

Осы орайда Қазақстан Пре­зи­дентінің төрағалық етуі­мен 15 наурызда Астана­да өткен Орта­лық Азия мемлекеттері бас­­шылары кездесуінің нә­ти­жесі Ауғанстанның әлеуметтік-эко­­номикалық дамуына ұжым­дық көмек көрсетілуіне жаңа мүм­­кіндіктер ашып отырғанын ай­та кету керек.

Конференцияға Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан, Иран, Пәкіс­тан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Жапонияның сыртқы істер министрлері мен БҰҰ, Еуропалық Одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО ұйымдарының жоғары өкілдері қатысты.

Конференцияның қоры­тын­дысы бойынша Ташкент дек­ла­рациясы қабылданды, онда Ауғанстандағы жағдайды саяси тұрғыдан реттеудің одан ар­ғы қадамдары көрсетіліп, сая­си рет­теу үдерісіндегі ау­ған та­ра­пының негізгі және үй­лес­ті­ру­ші рөлі бекітілді. Халық­ара­лық конференцияның аясында Қ.Әбдірахманов АҚШ пен Иран делегацияларының бас­шы­ларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Серік Әбдібек,

«Егемен Қазақстан»