Тырнақтылар мен тістілерді, жалпы табиғаттағы жыртқыштарды үйіне әкеп асырайтындар бұл кісінің ата жауы, қолына билік берсе, осындайлардың бірін де қалдырмай жазалауға бар. Ал өзі қанаттылар десе, ішкен асын жерге қояды, олар туралы тапжылмай отырып, тамылжыта әңгімелейді. Нағыз ауылдың Джеймс Бонды деп Досан ағаны айтуға болады. Сарыжаз ауылының орта мектебінде биологиядан сабақ беретін Досан табиғатта сирек кездесетін экзотикалық құстарды асыраумен жас күнінен әуестенеді.
Біздің діттеп барғанымыз Досан ағаның үйі болғанымен, бұл «Райымбек аудандық жас натуралистер стансасы» деп аталады екен. Не жоқ дейсіз мұнда: құс біткеннің төресі өзіммін дегендей, қызылды-жасыл қауырсынын жайып жіберіп, құйрығын сүйретіп, қаздаңдай басқан тауыстың неше түрі, балақ жүні жер сызып башпайын жапқан, борбайы бір тұтам үнді тауығы, тауыс тұқымдас сүйкімді ақ көгершіндер, тамылжыта сайраған аустралиялық канарейкалар, африкалық сөйлейтін тотықұс, Үндістанның сөйлемейтін тотықұсы, жапон амединасы, зебра амединасы, бұл аз болса, «король» жыланы, ағаш шірігінің тасасында тұрқын түгел май басып кеткендей әрең қозғалып жүрген Мадагаскар тарақандары, атжалман ақ тышқандар, тағы басқа бауырымен жорғалаушы, сүтқоректі табиғат жаратылыстары биолог мұғалімнің көздің қарашығындай сақтайтын «байлығы» екені көрініп-ақ тұр. Мынау үй емес, құдды бір құс базары сияқты. Құс атаулы адамнан үркіп тұрушы еді, Досанның құстары болса, адам келгенін біліп, жан-жақтан амандасып жатыр. Оқушыларға сабақ түсіндіргендей, қолына таяқшасын алып құстарымен таныстыра бастағаны сол еді, олар да мұндай мақтаншақ болар ма, бар өнерін қонақ келгенде көрсететін ерке баладай, көмекейіне жасырылған сиқырды жарыса тамылжытады-ай келіп. Өңештерін соза, жан-жақтан шықылықтап қоя берген қанаттылар алақандай бөлмені азан-қазан жасаған соң ағамыз әрқайсысының атын атап, кезек-кезек тыныштандыруға көшті.
«Мынау шетте отырғандар – Оңтүстік Американың құстары. «Амазон тотықұсы» деп аталады. Ептеп сөйлейді, бірақ мыналар сияқты тілі анық емес. Ал мынау шөкімдей ғана сап-сары құс – канарейка. Мысалы, қазаққа таныс әнші бұлбұл құрт-құмырсқамен қоректенетін жәндік тұқымдас құс. Бірақ ол торда ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Біз білетін сол бұлбұлдан қалыспай сайрайтын жалғыз осы канарейка ғана, бірақ мұның айырмашылығы, құрт-құмырсқа жемейді» дейді өзі мақтанды аса ұнатпаса да, құстарының қадір-қасиетін асыра түскісі келіп. «Ал бұл – Аустралия амединалары. Бұл зебра тектес амединалар тек сәндік үшін ғана жаралған, торғайдан да кішкентай, өзімен-өзі өмір сүретін құс» деп қойды кенже болғаны үшін ғана ерекше мейірбандық танытатын әкеге ұқсап.
«Хайуанаттар бағы» болып отырған бөлменің бір бұрышы – кітапхана. Онда империялық Ресейдің баспаханасынан 1894 жылы шыққан жануарлар туралы жазылған кітаптан бастап, 1936-1938 жылдары неше қайтара сүзгіден өтіп барып жарық көрген мәскеулік, ленинградтық ғалымдардың аң-құс, өсімдік әлемі, табиғаттағы тіршілік туралы кітаптары сіресіп тұр. «Мысалы, Тимирязевтің мына кітабын қолыма алып оқығанда, мен сол заманды көріп отырғандай боламын. Ал осының бәрін қалай интернетке салып қоюға болады, айтшы?» дейді мұғалім күйініп. Досан Алыбайұлы осының бәрі айналысып отырған ісіне керек болған соң Алматыдағы «Букиниске» ерінбей барып сатып әкелген.
Ал осының бәрі қалай басталды? Бірде он жастағы Досан 3 сынып оқып жүргенде, орыс тілінен үй тапсырмасын орындап отырады. Тапсырма «Наш живой уголок» деп аталады. «У нас в школе есть живой уголок. Там живут кролики, белые мыши, ежики» деп басталатын суретті мәтіннің кішкентай мектеп оқушысына әсер еткені сондай, түні бойы қояндар мен тышқандарды ойлап, «менде неге сондай табиғат бұрышы жоқ» деп таңға дейін ұйықтай алмайды. Ертеңінде тұра салып, үй торғайын ұстап алып, торға қамайды... 7-сыныпта кірпі, 8-сыныпта жылан асырайды, содан бері тірі табиғатқа деген құштарлығын ешкім де тұншықтыра алған емес. Сөйтіп бір түндегі балалық қиял өмірлік мақсатын белгіледі. 1967 жылы 6 сынып оқып жүргенінде осы бағытта істеп жүрген ісін ауылдан шыққан профессор Әліп Мұсақұлов көріп, өзінің «Қазақстанның өсімдіктері мен жануарлары» атты кітабын «Досан балама! Ғалым болуың үшін» деген қолтаңбасымен сыйға тартқаны сол мұратты біржола бекітіп бергендей еді.
«Сирек кездесетін құстарды ұстап отырсыз, селекциясымен айналысасыз ба?» деп сұрадық. «Айналысып көрдім, айналыса берер едім. Бірақ соңыра қолға үйретіліп, қолдан көбейткен аң мен құсты тарпаң, жабайы табиғат қабылдай ала ма? Жоқ. Аң болсын, құс болсын, адамның иісі сіңгеннен кейін ол қайтадан табиғатқа сіңбейді. Көзқарасынан, қимылынан, иісінен «бөтен» екені бәрібір байқалып тұрады. Қасқыр тимесе де, адам атпаса да, өз ортасы-ақ оны қабылдамай, жоқ қылып жібереді. Тіпті табиғатқа емес, танысыма-ақ ұсынып көрейінші. Қаланың адамы қажетсінеді-ақ, бірақ асыраған құсы бақырып-шақырып жатса, көршісі тиісті орынға арыз жазып, шағымданады емес пе? Ауылдағы көз көрген замандастарымның біріне сыйлайын-ақ. Бірақ сенің мәпелеген тауысың мен тотықұсыңды ол қайтсін? Тотықұстан гөрі бір қой сатып алып, бала-шағасымен бөліп жесе, оған сол пайдалы емес пе? Ешкім керек қылмаса, көбейтудің қажеттілігі бар ма?» деп құстарына қамыға көз тастады.
Ауылда отырып-ақ жарты ғасырдан астам өмірін құстарға арнап келе жатқан Досан Алыбайұлының таңсық ісін жанкештілікке ғана балайсың. Мамандығы мен сүйікті кәсібін табиғи жаратылысы мен бейімділігіне қарай таңдап, даланың ерке құстарын бауырына басып, өмірін табиғат тынысын сезінуге арнаған өзі шешен, білімдар Досан Дуанқұлов талай жылғы көргені мен көңілдегісін бүгін хатқа түсірсе, ертең таңертең қазақтың Пришивині немесе Песковы болып оянатынына бәс тігер едік. Әттең дейсің. Үлкен істер тек қалада ғана атқарылуы керек сияқты, туған жерін тастай алмағандықтан тасада көрінбей қалған тек Досан мұғалім емес-ау бірақ...
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ