Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Ө. Зинуллин: Ел игілігін еселейтін ұтымды бастама

411 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттің Үндеуі халықтың көкейіндегі ең маңызды мәселелерді қамтуымен құнды. Бұл Үндеудің түпкі мақсаты әлеуметтің әлеуетін арттыруға мемлекет тарапынан жасалғалы отырған қамқорлық деп түсінеміз.


Ө. Зинуллин: Ел игілігін еселейтін ұтымды бастама

Мемлекет басшысы ұсынған бес бастаманың алғашқысы – еліміздің әр отбасына баспана алуға мүмкіндік береді. Тұрғын үйге қолжетімділік – бү­гінгі күннің өткір мәселесі. Атырау облысында өткен жылы 624,1 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғ­ан­да 11,7 %-ға артық. Қазір аймақ­­тағы мемлекеттік тұрғын үй қоры­­нан тұрғын үйге мұқтаж азамат­тар саны 24,7 мың адам болып отыр. Оның 19,4 мыңы – Атырау қала­сы­ның үле­сінде. Бұл мұнайлы өңірде тұр­ғын үй құрылысы бойынша ауқым­ды мін­деттердің тұрғанын және ат­қа­ры­латын шаралардың көп екенін көр­­сетеді. Аймақта тұрғын үй құ­ры­­лысының қарқын алуымен кәсіп­кер­лік нысандарының қатары көбейіп, жаңадан жұмыс орындары ашылады, адамдардың баспаналы болу мүм­кіндігі артып, демографиялық саясатқа да оң ықпалын тигізеді.

Халыққа арнаған Елбасы Үндеуінің екінші бастамасында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүкте­ме­сін 10 есеге азайту көзделген. Мұның өзі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын бөлігінің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған қолдау деп түсінген жөн.

Үшінші бастама халықтың жоғары білім алуына жағдай жасау, сапалы мамандық иелерін дайындау мен студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталған. Әсіресе студенттерге арналған қо­сым­ша гранттар көлемін ұлғайту және оларды жатақханамен қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі болатын. Президент бастамасында келер оқу жылында мемлекеттен қосымша 20 мың грант бөлуді тапсырды. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, нанотехнология саласының мамандарын дайындауға баса назар аударылады. Бұл бастама Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономикаға қажет мамандар дайындауға мүмкіндік береді. Бұл да жастарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың айқын көрінісі.

Жоғары білім алудың қолжетім­ділігі мен сапасын арттыру бағытында облыста жоспарлы жұмыстар жасалып та жатыр. Қазір аймақтағы үш жо­ғары оқу орнында 12 мың сту­дент білім алады. 1,6 мың студент жатақ­­ханамен қамтылған. Ал 312 студент­тің жатақханамен қамта­масыз ету жөнін­дегі сұранысын қанағат­тан­дыруға мүмкіндік болмай отыр. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім беру грантына 750 үміткер қатысып, іріктеу нәтижесінде 222 студент білім беру грантына ие болды.

Айта кету керек, облыстың 25 техникалық және кәсіптік білім беру ошақтарында 17 мыңнан астам студент оқиды. Он колледжде жатақхана бар. Екі мыңға жуық студент жалдамалы пәтерлерде тұрады. Студенттердің тұр­мыс жағдайының төмендігі олар­дың білім алу сапасымен қатар денсау­лығына да әсер етеді. Осы мәселені шешу үшін Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледждің 100 орындық жатақханасының және Аққыстау ауылында 100 орындық жатақханасы бар 320 орындық кәсіптік техникалық колледждің құрылысы жүруде. Бес техникалық және кәсіптік оқу орны­ның жатақханасы құрылысының қажетті құжаттамалары жасақталды. Биыл «Теңізшевройл» ЖШС «Игілік» бағ­дарламасы арқылы Атырау қаласында агротехникалық колледжге 150, энергетика және құрылыс колледжіне 100 орындық жатақхана құрылысын салу жоспарлануда.

Халыққа жария етілген Үндеудегі төртінші бастама шағын несие беру мәселесіне арналған. Биыл «Бюджеттің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бюджеттен 1 980 млн теңге бөлінді, қосымша республикалық бюджеттен 590 млн теңге қарастырылуда. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында қаладағы кәсіпкерлерді несиелеуге 253 млн теңге бөлініп, 24 жоба қаржыландырылды. Ауыл кәсіп­керлерін қолдау мақсатында да өңірлік бағдарлама бар.

Елбасы Үндеуінде атап көрсет­кендей, бұл – елдің игілігіне арнал­ған ұтымды әрі оптимистік жоба. «Өркендеген Қазақстан – бұл, ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан-жүрегімен сүйетін, патриоттық танытатын өздеріне сенімді адамдардың мекені деп санаймын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыстың барлық деңгейдегі депу­таттары да өз қызметтерінде Елбасы бастамаларын баянды етуге бар күш-жігерін салып, мемлекет тарапынан жасалғалы жатқан осы қамқорлықтарды халыққа кеңінен насихаттауда белсенділік танытады деген сенімдемін. Осындай ауқым­ды әлеуметтік жобаларды еліміз­дің тыныштығы мен бірлігі тұрақ­ты болған жағдайда ғана іске асыруға болады.

 

Өмірзақ ЗИНУЛЛИН,

Атырау облыстық мәслихатының хатшысы