Елбасы өз сөзінде «Біздің мақсатымыз – өзгермелі жаңа жағдайларда тек тірі қалу емес, сондай-ақ бұрынғы табыстарымызды нығайта, осы жаңа әлемге өзіміздің ықпал ету мүмкіндігімізді кеңейте отырып, дамуымызды жалғастыру», деді.
Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамасы әр жас отбасы үшін үлкен мүмкіндік туғызды.
Қарапайым халықтың мүддесіне бағытталған екінші қадам «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Ел президентінің жыл сайынғы жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты. Келешегіміздің келбеті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастардын қолында. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз». Сондықтан да келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие беріп, осы жолда еңбек етуіне жағдай жасалынуы маңызды. Осы орайда бес бастаманың үшінші бағыты «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» болып белгіленді. Бұл халқымыздың одан әрі дамуына айтарлықтай үлесін қосары анық. Сонымен қатар Елбасының төртінші бастамасы – «Шағын несие беруді көбейту». Бұл ауылдық өңірлерде шағын бизнестердің ашылуына одан әрі дамуына зор үлесін қосады деп сенемін. «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты бесінші бастамасы болашақта өндірістердің дамуына және экологиялық жағдайдың жақсаруына мүмкіндік туғызады деп сенеміз.
Елбасының мығым әрі мықты, сындарлы да салиқалы саясатын қолдай отыра, ел игілігі үшін бар күш-жігеріміз бен білімімізді сала еңбек етсек үлкен биіктерден көрінеріміз анық. Мұндай бастамаларды сіз бен біз болып қолдауымыз қажет.
Сәрсенбек БАЯЗИТОВ,
Бидайық ауылдық округінің әкімі
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы