Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазір мәдениет саласын дамытуға мемлекеттік қатысуды оңтайландыратын, яғни біздің таланттарымыздың өз шығармашылық еңбегі есебінен өмір сүру деңгейіне жетуіне мүмкіндік беретін жағдайлар жасайтын кезеңдер туды” деген тұжырымы мәдениет пен өнерді мемлекет тарапынан қолдауға, шығармашылық адамдарын ынталандыру мен марапаттау жүйесін қалыптастыруға, қоғамдық сектордың рөлін нығайтып, мәдениет пен өнер саласын жаңғыртуға негіз болуда. Осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі тұңғыш рет “Тәуелсіздік толғауы” конкурсының жеңімпаздарын марапаттап, үздіктерге үлкен құрмет көрсетті. Бұрындары қалтарыста қалып қоя беретін опера мен балет сынды классикалық жанрлар соңғы жылдары жаңа сипатқа ие болып, тың туындылар дүниеге келе бастады. Әсіресе, ұлттық опера мен балет қойылымдарына ерекше назар тігілуде. Үздік авторлар, композиторлар мен либреттошылар тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-рухани келбетін айшықты өрнектейтін жаңа туындыларымен сахналық репертуарды байытып, отандық туындыларды әлемдегі айтулы өнер ошақтарында насихаттауға мүмкіндіктер тууда. Республикадағы драмалық және опералық театрлардың көкжиегін кеңейтіп, авторларды молынан тартуда үлкен рөл атқаратын, несиелі сыйақы көлемі 24 миллион 200 мың теңгені құрайтын, музыка мен драматургияның алты саласын қамтитын “Тәуелсіздік толғауы” конкурсын өткізуге мұрындық болған Мәдениет және ақпарат министрлігі ең үздік драмалық пьесалар, ең үздік опералық шығармалар, ең үздік балеттік шығармалар, ең үздік камералық музыка, ең үздік қазіргі заманғы әндер, ең үздік балалар әндері бойынша түскен шығармаларды іріктеп, марапаттау рәсімін концерттік бағдарламамен өткізді.
Мерекелік кеште Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңімпаздарды жүлделерімен құттықтай келе конкурстың мақсаты мен ерекшелігіне тоқталып өтті. “Тәуелсіздік бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, біздің ұрпақ жүзеге асырған, барлық қазақстандықтар үшін ең қасиетті құндылық” деген Елбасымыздың сөзі “Тәуелсіздік толғауы” атты бірінші рет өткізіліп отырған халықаралық конкурстың басты байламы деуге болады. Шындығында, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлем таныған мемлекетке айналды. Қазақстанның беделін Еуропа мен Азия түгел мойындады десек, артық айтқандық болмайды. Елбасының басшылығымен Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын бастады. Міне, осындай кезде Мұхтар Әуезов айтқандай, “заманға сай саз керек”. Сондықтан Елбасымыз тәуелсіздік мұраттарына сай осы заманғы көрермен шын ниетімен қабылдайтын, тәуелсіздік жылдары туылған ұрпақтың жүрегінен орын алатын жаңа музыкалық шығармалар жазу және оны сахналау жөнінде тапсырма берген болатын. Осы конкурс сол тапсырманы орындау мақсатында жарияланды.
Кейде жұрт тапсырмамен жазылған дүние жүректен шықпайды деп айтып жатады. Бірақ та әлемдік керемет туындылардың біразы тапсырыспен жазылғаны, оларды ұлы композиторлардың жазғаны белгілі. Және сол шығармалар әлі күнге дейін әлем сахналары репертуарынан берік орын алып келе жатыр. Сондықтан да төрт номинация бойынша өткен бұл конкурстың мәні ерекше. Оған АҚШ, Германия, Канадада қызмет етіп жатқан композиторлар да қатысты. Екінші бір ерекшелігі – жеңімпаз атанған шығармалар биылғы жылдың өзінде Қазақстанның жетекші театрлары репертуарларынан орын алатын болады” деп өнер додасының мұнан кейін де жалғаса беретінін айтты.
Халықаралық “Тәуелсіздік толғауы” конкурсының “Ең үздік балеттік шығармалар” номинациясы бойынша байқауға жолданған төрт шығарманың ішінен бірінші жүлдеге композитор Әділ Бестібаевтың “Жерұйық” балеті лайық деп танылып, жеңімпазға жүлдені Қазақстанның халық әртісі Рамазан Бапов табыс етті. Екінші орын композитор Балнұр Қыдырбектің (либреттосы Тұрсынбек Нұрқалиевтікі) “Адамзатқа аманат” балетіне тиді. “Ең үздік балалар әндері” номинациясынан “Егеменді елім-ай” әні бірінші орынды жеңіп алған композитор Марат Ілиясовқа жүлдені белгілі композитор Марат Омаров табыс етті. Ал екінші орын композитор Серік Еркінбековтің “Свет дальней звезды” әніне, үшінші жүлде композитор Шолпан Қорғанбекованың “Бала бақыты” әніне берілді. Балаларға арналған шығармаларға соңғы кездері ерекше назар аударыла бастауы жаңа есімдердің қалыптасып, әлемдік сахналарда танылуына көп септігін тигізуде. Бұл ретте Қазақ ұлттық музыка академиясы жанынан құрылған өнер ұжымдары мен жекелеген өнер иелерінің жетістіктерін айта кетуге болады. Биыл конкурсқа 44 шығарманың жолдануы балалар әндеріне деген сұраныстың алдағы уақытта да кемімейтінін, бұл бағытта әлі көп тер төгуге тура келетінін, ірі өнер додаларына танымал композиторларды ғана емес, дарынды балалардың шығармаларын да тарта түссе, нұр үстіне нұр екенін ұқтырғандай. “Ең үздік камералық музыка” номинациясы бойынша байқауға 19 шығарма түссе, бірінші жүлде Арман Жайымовтың “Көроғлы” триосына берілді. Жүлдені Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев тапсырды, екінші жүлде композитор Артық Тоқсанбаевтың “Дала нақыстары” поэмасына, үшінші орын композитор Әліби Мәмбетовтің трио-элегиясына бұйырды. “Ең үздік бүгінгі заман әндері” номинациясы бойынша 42 шығарма талқыға салынған. Соның арасынан Рыспанбет Байдалының “Туған елім, дарқан жерім” әні бірінші орынды иеленіп, жеңімпазға жүлдені атақты әншіміз Бибігүл Төлегенова табыстады. Айсұлу Тәниеваның “Астана” әні (сөзі Сәруар Қамаеванікі) екінші, ал композитор Естай Әлікеевтің “Алға, Қазақстан!” әні үшінші жүлдені жеңіп алып, оларды Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов марапаттады. Тағы бір айта кететін нәрсе, конкурсқа биыл республиканың әр аймағынан халықтың рухын көтеретін, жастардың бойына отаншылдық нәрін себетін әндер көптеп түскені байқалды. Бірақ “Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” демекші, шығармашылық бәсекелестіктің ұлғая түсуі келешекте әннің сапасын арттыруға сеп болады деген үміт бар. “Ең үздік драмалық пьесалар” номинациясына түскен 42 шығарма сарапқа салына келе, драматург Дулат Исабековтің “Жаужүрек” пьесасы бірінші орынға лайық деп табылып, жүлдені белгілі сыншы Әшірбек Сығай тапсырса, екінші орынды иеленген жазушылар Нұрғали Ораз бен (“Адасқан жұлдыз” пьесасы) Жолтай Әлмашұлына (“Жапон аруының арманы” пьесасы), сондай-ақ үшінші жүлдені еншілеген Иранбек Оразбаев пен (“Портмоне” пьесасы) жазушы Тұрсынбай Жандәулетовке (“Жұбай саудасы” пьесасы) жүлдені белгілі режиссер Есмұхан Обаев табыс етті.
Министрліктің сонау 2001 жылдан бастау алатын тағы бір маңызды шараларының бірі – VІ республикалық “Елім менің” патриоттық әндер конкурсының “Атамекен” номинациясы бойынша бірінші жүлде композитор Талғат Нағашыбаевтың “Қызылорда” (өлеңі Дүйсенбек Аяшұлынікі), “Аманат” номинациясынан бірінші жүлде композитор Арыстанбек Кәкиевтің “Ақанға арнау” (өлеңі Серік Ғабдуллиндікі), ал “Елдің ері – Бауыржан” номинациясының бірінші жүлдесі Дулат Әбілдиновтің “Елдің ері – Бауыржан” әніне тиді. Жүлдені Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл тапсырды.
“Ең үздік опералық шығармалар” номинациясы бойынша төрт шығарманың арасынан композитор Алмас Серкебаевтың “Байтерек” операсы жеңіп шығып, жүлдені Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі табыстады. Министр “Тәуелсіздік толғауы” конкурсын қорытындылап, бәсекеге қабілетті бір сала болса, ол мәдениет саласы екенін айтты. “Біз өткен жылы Еуропаның бірталай елдерінде өнер көрсеттік. Қазір Ла Скала театрында тоғыз балет әртісі тәжірибелерін байытуда. Театрдың әртістері Сүндет Байғожин, Бауыржан Әміржанов, Салтанат Ахметова Италияда өнерлерін ұштап жүрсе, баритон дауысты жас дарын Азамат Жылтыркөзов жақында Венаға аттанбақ. Ең бастысы, бұл конкурс театр репертуарларын байытуға мүмкіндік туғызады” деген министр бүгінде Америка жұртшылығын өнерімен тәнті етіп жүрген композитор Алмас Серкебаев туралы қысқаша айтып өтті. Ал конкурс жеңімпазы: “Қазақстан музыкасы бүкіл әлемге кеңінен тараса деп армандаймын” деп өнер сайысының нәтижесінде жаңа спектакльдер туа беретініне сенім артты.
Мерекелік кешке К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының әртістері, халықаралық конкурстардың лауреаттары Элдар Сәрсенбаев, Әсем Құсайынова, астаналық “Бәйтерек” тобы, белгілі әнші Алтынай Жорабаева, Бақытжан Мұсақожаева дирижерлік ететін камералық оркестр және басқа да өнер шеберлері қатысып, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Әбіш Кекілбайұлының “Абылай хан” драмасынан монолог оқып берді. Өнерпаздардың құрметіне Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.
“ХАНША – ДАРИЯ ХИКАЯСЫ”
Әдебиеттің әйгілі тарланы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың шығармасы негізінде инсценировкасын Ж.Құлманбетов жазып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері, режиссер Н.Жақыпбаев сахналаған Жастар театрының тың қойылымы жақында Бейбітшілік және келісім сарайында көрерменге ұсынылып, сахна сахарасына жол тартты.
“Ханша – дария хикаясы” қойылымы туралы көрерменге түсінікті болуы үшін таратылған бүктемеде: “Болашақтағы ұлы жеңістер үшін! деп ұрандатқан жарты әлемнің әміршісі Шыңғысханның жаулап алған таңғыт тайпасынан таңдаған аруы Гүрбелжін сұлу әміршінің өміріне түскен өзек құрт екенін, пенделіктің ақырғы демін осы арудың үзерін кім білген. Осы қарбалаң өмірде қатыгездік пен әділдікті біте қайнастыра білген жандардың да, Жаратушы өзі берген тән ғұмырын тоқтату сәтін әлсіз жандар арқылы себепкер етсе амал қанша?
Осы бір тылсым дүниені сахна тілімен сөйлете, жеткізе білген қойылым режиссерінің шешімі, қас қағымда ойыңызды алай-дүлейге толтырып, өмір-өзеннің арнаға сыймай аққан толқынында жетелейді” деп түйінделе баяндалады. Әлемді дүр сілкіндірген әміршінің соңғы демін жұтар сәттегі күйзеліс-қайғысы, ақыретке аттанар алдындағы сезім-күйі осыған дейін құпиялы құрсау болып келсе, тарихи тұлғаның бейнесіндегі бедерлер әлі де талай жылдар түрлі қисындарды тудырып, аңыз бен ақиқатты астастыра алуан пайымды шығармашылық парағы қалыңдай түсері күмән тудырмайды. Сахна сахарасына бұрын салынбаған өзгеше өрнекпен, шертілмеген бөлек әуенмен, театр соқпағында кезікпеген соны ізбен дүниеге келген кезекті туындыны да сондай шығармалар санатына жатқызар едік. Қойылымды тамашалаған соң, ой-байламын ортаға салған қаламгердің пайымдауынша, экспериментальді театрда дүниеге келген сахналық қойылымды көру авторға қашанда оңай соға қоймасы анық. Осыдан қырық үш жыл бұрын жарық көрген жазушы повесіндегі көп тұстар өзгертілген, театр тіліне аударылып жаңаша жасалынған. Көп ойды режиссер кейіпкерлердің арқанмен арпалысы сынды пластикалық әрекеттер арқылы баяндайды. Сол себепті де қаламгер мұны өз шығармасының желісінде қойылған туынды деп есептемейді.
Шыңғысханның қалай, қашан өлгені жайында әлі күнге дейін нақты деректің табылмауынан әдеби, сахналық көркем туындылар желісіне түрлі аңыз-әпсаналар негіз болып, шырғалаңнан шындыққа шығар жол іздестірілгелі қашан десек те, бұл тақырыпты қаузаған шығармашылық адамдарының байлам-бағытының бір-біріне ұқсамай, бір-бірін қайталамай, әрқайсысы өз ақиқатымен өмір сүруіне құқылы екені белгілі. Қойылым туралы өз ойын қорытындылай келе қаламгердің “Ханша-дария оқиғасы” спектаклін Шыңғысхан өмірінің соңғы сәтінен бір үзік сыр деуге болады. Ол осы күйінде тұрып та, өзіндік ойларымен, бағыт-байламымен көрермен қошаметіне бөленуге қақысы бар екенін айтып өтуі сондықтан. Барлық уақытта сахналық қойылым шығарма желісімен үндесіп, алғашқысы кейінгісінің айна-қатесіз қайталауы, көшірмесі болып шыға бермейтіні рас. Бірақ та туынды мен қойылымның бір-біріне жуықтайтын тұстары, үндесетін үлгілері жиі ұшырасады. Туынды мен қойылымды Шыңғысханның қазасына байланысты оқиғаны таңдау жағы жақындастыруы мүмкін. Мұнда әміршінің өліміне себепкер болған – таңғыт тайпасының аруы Гүрбелжін сұлу екені баяндалады. Қаһарлы ханның ғашықтық сезімнен жараланып, халықтың қанын суша төккен зұлымдықтың ең соңында махаббат табанында тапталуы бір жағынан Жаратқанның құдіретімен жасалған жаза сияқты болса, екінші жағынан осы шешім дүниедегі ең қымбат құндылыққа деген ілтипат сезімі секілді көрінеді.
Сахна тілінің әуен, пластикалық әрекет-қимыл арқылы өріліп, мүлде бөлек арнада өрнектеліп жатуы заңдылық. Режиссер Нұрқанат Жақыпбаев қойылымының ерекшелігі – сахналық идеяның жүзеге асырылуына үш таған қатар тұрып қызмет атқарады. Бұлар – сөз, би және әуен тілі. Осы үш таған бірігіп, қойылымның қонымды өрілуіне себепші болған. Спектакльден театр өнеріндегі заманауи қолтаңбалар көрініс табады. Акробатикалық, хореографиялық қимылдар әртістердің шынайы ойнауымен өзіне баурай түсер еді. Режиссурадағы тың шешімдер мен соны әдістер спектакльдің сәтті түстары болып қалары анық. Биге лайық музыканың табылуы, көңіл-күй бояуларын түрлі дыбыстармен, жаңғырықпен өрнектеу қойылымды көрерменнің бір деммен көріп шығуына мүмкіндік береді. Спектакльдегі негізгі кейіпкерлерге келсек, Шыңғысхан (Әділ Ахметов), Көріпкел ( Мәдина Матамова), Қаһар (Азамат Есқұлов), Шыдұрғы (Дәурен Серғазин), Гүрбелжін (Айнұр Рахипова), Тұтқын (Бақыт Қажыбаев) рөлдерін сомдаған әртістердің қай-қайсысының өнерінен болсын өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып шығуға тырысып баққаны байқалды. Сахна декорациясына арқанның таңдалуы оқиға арқауын жетілдіріп, астарлы ойға жетелейді. Астан-кестең айқас та, алаңдаған көңіл мен ажалды тағдыр да арқан арқылы түйінделеді, ғашықтық жыры осымен шертіледі. Әрине, спектакльдің көкейге сәл де болса сауал тастататын жақтары жоқ емес. Сахна төріндегі перделер артынан қып-қызыл ай бейнесі көзге оттай басылар еді. Ол сол дәуірдің үнін, Шыңғысханның қанды шапқыншылығы мен тып-типылы шыққан таңғыт тайпасының көз жасын бейнелейтін бедер сынды елестер. Бірақ спектакльдің бастан-аяқ осы ай аясынан, қараңғылық құрсауынан шықпауы, жарықтың көмескі тартуы ойлантпай тағы қоймайды. Сондықтан спектакль алдағы уақытта әлі де өзінің артық-кем тұстарын түзетіп, толыға түседі деп сенгіміз келеді. Қысқаша айтқанда, Жастар театрының тың тынысты, әлеуметті қуантар тағы бір туындымен байи түскеніне жұрт куә.