Аймақтар • 29 Наурыз, 2018

«Нұр Капитал» бағдарламасы аясында 200-ге жуық бизнес-жоба қаралды

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысына Мәжіліс депутаттары Ерлан Барлыбаев, Ирина Унжакова, Бақытгүл Хаменова, Тарас Хитуов  жұмыс сапарымен келді.  Облыстың тұрғындарын Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру және оны жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстарды баяндау мақсатындағы сапар аясында депутаттар аймақ басшысымен кездесті.

«Нұр Капитал» бағдарламасы аясында 200-ге жуық бизнес-жоба қаралды

Маңғыстау облысының әкімі депутаттарды облыс дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, алдағы нақты жоспарларды атап өтті. Депутаттар шағын және орта бизнесті несиелендіретін «Нұр Капитал» бағдарламасына қызығушылық танытты.

- Сәуір айында  1% -бен несие беруді бастаймыз. Бағдарлама аясында 200-ге жуық бизнес-жоба қарастырылды. Біздің басты міндетіміз - қоғамдық сананы жаңғырту арқылы еңбек нарығын трансформациялау. Бұл аймақтағы бизнестің дамуына қуатты серпін береді. Біздің міндет - ең алдымен, жаңа өндіріс ашып, жаңа жұмыс орындарын құратын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру.  ШОБ дамыту бұл Маңғыстаудың одан әрі өркендеуіне кепілдік болмақ,  деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

 Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Парламент депутаттары жұмыс сапары барысында облыс халқымен кездесу өткізеді.  

 Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

 «Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы