Тиімді шаралар қаралған құжат
Аталған заң жобасы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту орталықтарын реформалау, электронды еңбек биржасының бірыңғай онлайн-алаңын құру және оны толыққанды ендіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Соған сәйкес, 3 заңға және 8 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.
«Заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекен бойынша бірыңғай онлайн алаң құру ұсынылады. Осы мақсатта еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет ресурсын құру жоспарланып отыр. Бұл тұғырнама халықты жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Яғни, ол жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер туралы ақпаратты толықтай қамтитын онлайн алаңға айналады», деді М.Әбілқасымова.
Министрдің сөзіне қарағанда, электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс берушілер мен жұмыссыз жүргендер арасында өзара қарым-қатынас орнамақ. Соның нәтижесінде бос орындар туралы ақпарат жалпыға қолжетімді бола түспек.
Бұған қоса, заң жобасы жұмыспен қамтудың жеке агенттіктеріне азаматтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта «халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі» ұғымы енгізілді. Бастапқы кезеңде осындай аутсорсинг жұмыссыздарға кәсіптік бағдар беру мен жұмысқа орналастыру қызметтерін ұсынады. Министрдің пайымдауынша, осындай қадамның арқасында алпыс мыңдай адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
Заң жобасында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің құралдарын жетілдіру бағытына да маңыз берілмек. Заң қабылданғаннан кейін, жұмыспен қамту орталығы мен «электронды үкімет» веб-порталы арқылы ғана емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да жұмыс іздеушілерге өз қызметін ұсынады.
Жұмысқа орналасу рәсімін тездету үшін үш күн мерзім белгіленеді. Осы уақыт аралығында азаматтар ұялы байланыс арқылы немесе басқа да жолмен халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысқа келісетіні немесе келіспейтіні туралы мәлімет беруі тиіс. Ал студенттер мен жоғары сынып оқушылары жазғы демалыс кезінде ғана емес, Еңбек кодексі оқудан тыс уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Сондай-ақ халықтың көші-қоны саласындағы функциялардың ара-жігін ажырату мен оралман мәртебесіне қатысты өзгерістер ұсынылады. Мәселен, оралман мәртебесін үш айдан аспайтын мерзімге ұзартуға мүмкіндік жасалады. Оған қоса, осы мерзім аяқталған соң оны қайта ұзартуға алты ай ішінде өтінім бере алады.
Ынтымақтастықтың аясы кеңейеді
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Беларусь үкіметтерінің арасындағы 1997 жылғы 11 сәуірдегі Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан мен Беларусь арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама ратификацияланды.
2016 жылғы 16 наурызда Минскіде қол қойылған Хаттама салық төлеуден жалтаруға жол бермеу және қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы екі елдің салықтық құрылымдарының ынтымақтастығын кеңейтуді көздейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес келісімде қолданылатын салықтардың атаулары нақтыланды. «Тұрақты мекеме» деген термин барлау жүргізудің бірінші күнінен бастап табиғи ресурстарды барлаудан түсетін табыстарға салық салуға мүмкіндік беретін мәтінде жазылды. Одан басқа, еліміздің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында акцияларды, қатысу үлестерін өткізу кезінде жекелеген табыстарға пайыздар, роялти, құн өсімі бөлігінде салық салу мәселелерін қайта қарауға байланысты өзгерістер енгізілді.
Бұл заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне сүйенсек, құжат Қазақстан мен Беларусь арасында тәжірибе алмасуды күшейтіп, өзара ынтымақтастықты дамыта түсуге мүмкіндік жасайды.
«Заң жобасына ақпарат алмасуды кеңейту жолы мен салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сондай-ақ резиденттікті растайтын құжаттардың қолтаңбасы мен мөрін заңдастыру жөніндегі талаптарды жою арқылы екі мемлекеттік резиденттер үшін келісімнің қолдану тәртібін жеңілдету қарастырылады», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, заң жобасы негізінде Беларусьтағы қазақстандық профессорлар мен ғылыми оқытушыларды екі жыл салықтан босату тәжірибесін енгізу, аталған елде білім алып жатқан студенттерге жұмыс істеген кезде жеңілдіктер беру мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар студенттерге оқып жатқан елде гранттар, стипендиялар және жалданып істейтін жұмыста сыйақылар алғанда сол елдегі резиденттеріне берілетін жеңілдіктер мен шегерімдерді қолдануға құқық беру арқылы қолайлы жағдай жасау жоспарда бар.
Бір күндік еңбекақысын аударады
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болғаннан кейін депутаттық ұсынысқа кезек берілді. Алғаш болып сөз алған сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында тұрғындардың су тасқынынан зардап шегіп жатқанына әріптестерінің назарын аудара келіп, аймақ халқы бір кісідей жұмылып тілсіз жауға қарсы белсене күресіп жатқанын атап өтті.
Д.Мусиннің айтуынша, өңірде тоң қабаты тереңге кетуіне және өзендерде су деңгейінің шамадан тыс көтерілуіне байланысты Аягөз, Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Семей қалалары және 12 аудан су тасқынына ұшырады. Осыған байланысты бірқатар аудандарда төтенше жағдай жарияланды.
Халық қалаулысы жергілікті атқарушы орган бүкіл техника мен адам күшін жұмылдырып, табиғи апатқа байланысты тиісті шаралар қабылдап жатқанын, алайда ондағы жағдай қосымша қаржылай қолдауды қажет ететінін жеткізді. Осыған байланысты табиғи апатқа тап болған Шығыс Қазақстан облысындағы ағайынды қаржылай қолдау мақсатында әріптестерін бір күндік еңбекақыларын аударуға шақырды. Сенаторлар Д.Мусиннің ұсынысын бірауыздан қолдады.
Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Нақтылай айтқанда, депутат Рысқали Әбдікеров «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында мамандар тізімін көбейту және қаржыландыруды ұлғайту жөнінде, Талғат Мұсабаев ғарыш саласында қалыптасқан өзекті мәселелер туралы, Әбдәлі Нұралиев Жамбыл облысындағы Талас өзеніндегі су тазалау құрылыстары төңірегінде, Әли Бектаев ұлттық телекоммуникация операторы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Kcell компаниясының акцияларын сатып алуына қатысты сауал жолдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»