Аймақтар • 30 Наурыз, 2018

Тасқынға дайындық өз деңгейінде ме?

721 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауа райын болжаушылар­дың айтуынша, наурыз айының соңғы күндері Қарағанды облысында жаңбыр жауып, күн күрт жылынады екен. Демек көбесі сөгілген қар жаппай еріп, сай-сала, жыра-жылға су­ға толады деген сөз бұл. Сай-сала ғана суға толса жақсы ғой, көңілдегі күдік тасқын мен қар­ғын су қаупі алдындағы қау­қарымыз қаншалықты деген үйреншікті һәм үрейлі сұраққа жауап іздейді.

Тасқынға дайындық өз деңгейінде ме?

Жуырда өңір басшысы Ер­лан Қошановтың төрағалы­ғы­мен өткен аппарат жиналысында облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа көктемгі су тасқынына қа­тыс­­ты есеп берген болатын. Жа­уапты тұлға келтір­ген рес­ми мәліметтер көңілдегі алаң­ның мұртын аздап болса да бас­­қандай болды.
– Жауын-шашынның көп жау­уына және қардың күрт ери бастауына байланысты 21-24 наурыз аралығында об­лыс­­та қарғын су үш елді ме­кен­дегі 12 тұрғын үйге кір­ген. Бұлар – Теміртауда, Абай­ қалаларындағы және Бұ­­қар жырау ауданының Көк­пекті кентіндегі үйлер. Бар­лық үйлер­ден су сорылып шығарыл­ды. Үйлер бұзылған жоқ. Уақытында үш адам эвакуацияланып, біраз уақыт туыстарының үйінде болды. Қазіргі таңда олар өз үйле­ріне оралды, – деп мәлімдеді ол.

Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында автомобиль жолдарының төрт бөлігінде су жүріп кетіпті. Олардың екеуінде қазір­гі уақытта қозғалыс қай­­та қал­пына келтірілген. Қар­қара­лы ауданындағы «Ынталы –Бесоба» және «Тал­ды – Ақ­бай–Қызылбай» автожол­да­рының бөліктерінде жолдың беткі қабатын су ша­йып кет­кендіктен, қозғалыс шекте­лген. Онда қазір қалпына кел­­тіру жұ­мыстары жүргізіліп жа­­тыр.

«Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары өткізілді. Ғ.Мұстафин кенті мен Бұқар жы­рау ауданындағы Петровка ауыл­дары маңындағы автомобиль көпірлерінде 44 кило жарылғыш зат пайдаланылды»,­ деп хабарлады Анатолий Шка­ру­па.
Жалпы, облыстағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдай тұрақ­ты деуге негіз бар. Самар­қан су қоймасында 26 наурыздан бастап су жіберу көлемі секундына 120 текше метрге дейін ұлғайтылған.

Өңір басшысы су тасқыны­ның алдын алу шараларын жандандыруды тапсырды.

– Су жүруі мүмкін деген бар­­лық автожолдардың бөлікте­рін аралап шығу керек. Қажет болған жағдайда қосымша су өткізу құбырлары орнатылуы тиіс. Үйлерге су кетуге жол бер­меңіздер. Бізге төтенше жағ­дай­ды жою үшін қыруар күш жұм­саудың керегі жоқ. Олардың алдын алуымыз қажет. Су жүретін жерлері тар бөліктерде адамдар мен техниканы көбірек жұ­мылдырыңыздар. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдай – бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Қар енді ғана ери бастады, – деді Ерлан Қошанов.

* * *

Көктем келіп, қар ери баста­ғалы облыста су тасқынына қар­­сы іс-шаралар қыза түсті. Бұл іске облыстық басқармалар, ком­мунал­дық қызметтер, бір­­қатар кәсіпорындар мен ұйым­дар белсене атсалысуда. 

– Су тасқынының қауіпі бар аумақтарда тұратын 7000-ға жуық адам қамтылып, халықпен 75 рет кездесу ұйымдастырылды. Су тасқынына қарсы қажетті материалдық-техникалық құрал­дардың, инертті материалдардың қорлары құрылған. Бүгінде облыс аумағында өзендердегі, су­ қоймаларындағы, гидро­тех­никалық ғимараттардағы су тасқынының өтуін қадағалау мақсатында 54 бекет жұмыс іс­теп тұр. Су тасқыны қаупі кү­шей­ген жағдайда облыстың аза­маттық қорғау қызметтерінің жалпы саны 7403 адам, 2665 техника бірлігі мен 125 жүзу құралдары сақадай сай тұр, – деп хабарлады Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар де­партаменті баспасөз қызметі­нің өкілдері.

Сонымен қатар арықтар мен өзек­шелерді тазалау, тереңдету, су ағызғыштарын және су жібе­руді кеңейту жұмыстарын атқа­ру туралы ұсыныстар арнайы жасал­ған жұмыс кестесіне сай жүр­гізілуде. Жуырда ғана су тас­­қыны кезеңіне дайындық шең­берінде Қарағанды қала­сы төтенше жағдайлар басқар­ма­сымен бірге Федоров су қой­ма­сының арналарын қамыс пен тал­дардан тазарту жұмыстары атқарылды. Аталған шараға Қа­раған­ды облысы ТЖ депар­та­мен­тінің, Ұлттық ұлан №52859 әскери бөлімінің және­ «Благоустройство» ҚМКӨ­ күш­тері мен құралдары жұмыл­ды­рылған. Сол күні Соқыр өзені ар­насының 1300 метр же­рі та­зартылды. Сондай-ақ Қараған­дының Куряновск, Р.Люк­сембург, Мурманская, Чапаев, Заводская, Арбатская, Крымская, Толстой, Суриков, Машинист сияқты жекеменшік үйлер көп шоғырланған көшелерде рейд ұйымдастырылған. Рейд ба­рысында қарғын судың кедер­гісіз өтуі үшін су өткізгіш құ­быр­лар, арықтар және олар­дың арналарын уақтылы таза­лау, жеке аулалардан қарды шы­ғару және тазалау бойынша ха­лыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 

Толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруі салдарынан Темір­тау қаласындағы жеті жеке­меншік үйді су басқан еді. ТЖД бөлімшелері, жергілікті атқару органдары, жергілікті полиция қызметі және басқа да жұмылдырылған күштер апат зардаптарын жоюмен айналысты. Сонымен қатар Бұқар жырау ауданының Көкпекті кентінде, Абай қаласында төрт үйді судан тазарту жұмысы жүзеге асқан. Қазіргі таңда қауырт науқанға байланысты тиіс­ті шаралар қолға алынып, су тасқыны туралы ескертулер жа­салуда. Үйдің иесі болмай қалған жағдайда, судың тасуы байқалған кезде қандай әрекет ету керектігі жазылған естелік хабар­лама қағазды қалдыру да қарастырылған. Арнайы жұмыс кестесі бойынша қар тазалау жұмыстары айдың соңына дейін, керек болып жатса сәуір айында да жалғасын табады.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ