Алдын ала жасалған есептерге қарағанда, аймақтағы су қоймаларының сыйымдылығы қар суын қабылдауға қауқарлы. Әйтсе де наурыз айында өңір аумағына бүкіл қыс кезінде түспеген мол қар жауғанын ескерсек, бұл дерекке сеніп қалуға болмайтынын, сондықтан қажетті жағдайда шұғыл тактикалық гидроинженерлік шешім қабылдауға тура келетінін еріксіз сезінесіз. Соның ішінде аймақтағы Ақтөбе су қоймасының ернеуінен су лықылдап, сыртқа төгіліп кетпесіне дәл қазіргі күндері ешкім кепілдік бере алмайды.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайдар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов осындай жағдайдың орын алуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл тығырықтан шығудың жолы судың көтерілуі жөніндегі мәліметтерді ұдайы жаңғыртып тұру. Су тасқыны сияқты төтенше жағдайлар кезінде бүгінгі мәлімет ертеңге өлшем бола алмайды.
Биыл Ақтөбе аймағында дәл осындай құбылыс байқалады. Наурыздың 26-на дейін мұнда ауа райы 5-10 градус салқындықты көрсетіп, қар сол күйі жатты. Ал соңғы екі-үш күнде қар күрт ери бастады. Бұл жағдай тасқын су қаупін туғызбай қоймайды. Әрі ауа райының тез жылынып, тез құбылуы бұған дейін жасалған бірқатар есептер мен талдаулардың тас-талқанын шығаруы да әбден мүмкін. Оның үстіне мамандар биылғы қыста пайда болған тоң қабаты өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда қалың екенін мәлімдеді. Бұл жағдай өңірде тасқын су болуы ықтималдығының басты факторы ретінде қарастырылуда.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ