Суретті түсірген Әсем Айып
Байқауға 10-15 жас аралығындағы 30-ға жуық оқушы қатысты. Күйші-домбырашылардың өнерін облыс орталығындағы музыкалық колледждің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Рыскүл Асаубайқызы, Иса Байзақов атындағы филармонияның әншісі Бауыржан Ахметов, Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты қобыз бен жетіген сыныбының мұғалімі Мақпал Сағымбайқызы бағалап, төрелік жасады.
Алдымен күй тартыс ережесі бойынша қазылар алқасы күйшілерді жеке-жеке тыңдап алды. Рыскүл Асаубайқызының айтуынша, жас домбырашылардың күй тартыстағы өнері: орындау шеберлігі, әртістік қабілеті, екі қолдың қойылу техникасы орындаушының киімі мен сахна бейнесіне қарап бағаланыпты. Келесі кезекте күйшілер арасында күй тартыс басталды. Күйшілер Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Түрікмен», Р.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Динаның «Тойбастар», халық күйі «Келіншек» сияқты төкпе күйлерді, келесі кезеңде атақты Сүгір, Тәттімбет аталарының, Төлеген Момбеков, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбековтің шығармаларынан шертпе күйлерді орындап берді. Сөйтіп күй тартыс байқауының бас жүлдесі облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Айшат Бақытоваға берілді.
«Бұл жеңісімді ұстазым Қуаныш Мейрамұлына арнаймын. Күй тартыста Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін орындадым», дейді Айшат.
Ал 1-орынды Екібастұздағы балалар музыка мектебінің оқушысы Арман Серіков, 2-орынды Қаршыға Ахмедияровтың облыс орталығындағы №2 мектебінің оқушысы Айдос Әубәкіров пен №35 мектептің оқушысы Дариға Сахиева иеленсе, 3-орынды Ертіс ауданы балалар өнер мектебінің оқушысы Айман Ілияшова мен Оқушылар сарайының «Жас Екпін» домбыра ансамблінің мүшесі Әсемгүл Тоқбаева алды.
Оқушылар сарайында екі күн бойы күй тартыстың қызығын көруге жиналған көрермен толы зал күмбірлеген домбыра үнін тыңдап, рухани бір демалғандай. Сахнада облыстың ауыл, қалаларынан жиналған мектеп оқушылары күйшілік, күй тарту өнерлерімен таңғалдырды.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар