Қазақстан Президентінің "Бес әлеуметтік бастамасын" іске асыру тақырыбы талқыланған дөңгелек үстелде Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жаңа «7-20-25» бағдарламасының артықшылықтарын мысалдармен келтіріп, айтып берді.
«Мысалы, пәтер 12 миллион теңге тұратын болса, оның алдын ала төлемін (20 пайыз) төлеу үшін 2,4 миллион теңге қажет болады, ал қалған 9,6 миллион теңгені банк 25 жылға 7 пайызбен береді. Сөйтіп, ай сайынғы төлемнің көлемі 68 мың теңге болады», деді Мархабат Жайымбетов.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, екінші деңгейлі банктердің барлығы бұл жобаға қатысатын болады.
Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «7-20-25» атты жаңа бағдарламаны ұсынған болатын. Бұл бағдарлама кез келген қазақстандықтың несиеге пәтер алуына мүмкіндік береді. «7-20-25» ипотекалық кредит беру бағдарламасы биыл мамырда бекітіледі деп жоспарланып отыр.