Аймақтар • 01 Сәуір, 2018

Алматы облысында келесі жылы картоп өңдеу зауыты салынады

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Kazakh Invest» ҰК-да нидерландық Farm Frites компаниясының басшылығы Саймон Куист пен Йос дэн Боэрдің Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен, инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновпен және «Аграрлық несие корпорациясы» өкілдерімен Алматы облысында картоп өңдеу зауытын ашу мәселесі бойынша бірқатар кездесуі ұйымдастырылды.

Алматы облысында келесі жылы картоп өңдеу зауыты салынады

Мемлекет басшысының өңдеу секторына он трансұлттық компанияны тарту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Kazakh Invest Farm Frites компаниясының «Картоп өңдеу зауытын салу» инвестициялық жобасын сүйемелдейді.

Өткен жылы Farm Frites картоп сұрыпын сынау жұмыстарын жүргізді және жобаны іске асыру аймағы ретінде Алматы облысы анықталды. Қазіргі таңда Kazakh Invest жер телімін алуға және басқа да консалтингтік қызметтерді беру арқылы көмек көрсетіп жатыр.

Осылайша, жылына 70 мың тонна элиталық картоптың 11 сұрыпын өсіруге арналған орталық салу көзделген. Зауыт құрылысы 2019 жылдың сәуір айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны — $165 млн.

Аталған мәселелер «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен және инвестициялық жобаның қазақстандық серіктесі ретінде қызмет көрсететін «Eurasia Gold» ЖШС-мен өткен кездесу барысында талқыланған.

Farm Frites компаниясы 1971 жылы Нидерландыда тоңазытылған және салқындатылған картоп өнімдерін шығаратын отбасылық кәсіпорын ретінде құрылған. Трансұлттық компанияда әлемнің 40 елінде сату офистері және 1500 қызметкері бар 6 зауыты қызмет көрсетеді. Картопты өңдеу жылына 1,3 млн тоннаны құрайды. Компанияның зауыттары мен сату офистері әлемнің 80 еліне өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді. Марка Еуропадағы үш ірі еуропалық өндірушілердің бірі.

Анықтама: Kazakh Invest Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі. Жұмыс үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: инвестициялық ахуалды жақсарту; тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін әзірлеу; жекешелендіру және МЖӘ.

Ұлттық стратегияда шетелдік инвестицияларды (АӨК, машина жасау, химия және мұнай химиясы, инфрақұрылым, тау-кен және металлургия кешені, сауда) тартудың басымдықты салалары және үлесіне инвестициялардың 80%-не дейін келетін 11 басымдықты ел (АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, ҚХР, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ) анықталған.