Айталық, ауыл шаруашылығының дамып, мол өнім өндіре бастауы сол аймақтағы экономикалық қабілеттілікті анықтайтын басты көрсеткіш бола алады. Өндірістің жолға қойылуы өз алдына, еңбек күшіне сұраныс туып, адамдарға жұмыс табылады. Әрі біздің аграрлық саладағы өндіріс көзі 100 пайыз табиғи өнім беретіндігімен де ерекшеленеді. «Ауылға арқа сүйегеннің асығы алшысынан түседі» деуіміздің бір себебі осы. Ендеше, осы саланың өркендеуіне мемлекет те, жеке кәсіпкер де мүдделі болуы керек. Нәтижеге қол жеткізу мен табысқа кенелу жер-жердегі бірлескен жұмыстың беталысынан басталады. Діттеп келгенде ішкі нарықты қамту мен сыртқы нарықты кеңейту міндеті тағы бар. Қуаныштысы, аймақтардағы бұл әрекет берекелі болып тұр.
Мысалға, былтырғы жылдың дерегі бойынша Алматы облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 647,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,3 пайызды құрады. Бұл аграрлық бағытта жүргізілген сан-салалы жұмыстың жемісі. Бір бағытты, аймақтағы сүт өндіру ісін алайық. Сол 2017 жылы сүт дайындау мен сүт өнімдерін шығару 103,8 пайызға жетіп, 719 мың тонна ағарған дайындалған. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін қанша бас сиыр сауылуы керектігін және оның айналасында жүздеген адамның жұмыс істеп жатқанын ойша есептеп көріңіз...
Талдықорғанда «JLC Сүт» атты зауыт бар. Заты бірлескен кәсіпорын болғанымен, жергілікті шикізатты тұтынатын бірегей өндіріс. Осы «JLC Сүттің» өнімі облысты толық жаулап, Алматы қаласының тұтыну нарығына дендеп еніп барады. Демек, сапа мен баға саясатына қатысты сұрақ туындамайтыны анық. Болмаса, арғы жағы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысынан келетін табиғи сүт өнімдерінің сыртында, Ресей мен Қырғызстанның пастерленген сүтіне көміліп жатқан мегаполис тұтынушыларының таңдауына ілігу қиын іс. Қала іргесіндегі «Фудмастер», «Адал» сияқты алпауыттар тағы бар...
Тоқетерін айтқанда, осы «JLC Сүт» зауыты ауылдағы өнім дайындаушылармен қарым-қатынасты жақсы жолға қойып отыр. Сөзімізге сүт зауытын шикізатпен қамтуға үлес қосып отырған Қаратал ауданындағы «Тастөбе Агрофуд» серіктестігінің тіршілігі дәлел. Үш жылдай уақыт бұрын құрылған серіктестіктің иелігінде бүгінде 700 бастан асатын асыл тұқымды ірі қара бар. Желіні жер сызған 410 сиырдан тәулігіне 6 тоннадан астам сүт сауылады екен. «Сиырдың сүті – тілінде» дегендей, асыл тұқымды мал сүтінің құрамы да бөлек болады екен. Майлылығының үлесі өте жоғары деңгейде – 4,3 пайызды құрайды. Сүт зауытының іздегені де осы болса керек, шаруашылық өндіретін сүтке деген сұранысты арттырып келеді.
«Тастөбе Агрофуд» серіктестігінің жұмысы жаңаша ұйымдастырылуымен де ерекшеленеді. Ауыл шаруашылығында да цифрландыру талабы жүзе аса бастағанын осы жерден көруге болады. Фермадағы жұмыстың дені автоматтандырылған, бір жүйеде атқарылады. Сиырлар неміс технологиясымен, бір мезетте арнайы құрылғымен сауылады. 24 сиыр сауа алады және мал мен жалпы жұмыс процесінің барлық деректері «Dairy plan» жүйесінде жұмыс істейтін сауын аппараты бірден 24 сиырдың сүтін жинай алады. Әрине, тұтастай автоматтандыру адам еңбегіне сұранысты жойып жібермейді. Серіктестікте 65 адам жұмыс істейді. Әлеуметтік қорғау да басты назарда. Ферма басында жұмысшыларға арнап 15 тұрғын үй салып қойған. «Тастөбе Агрофуд» ЖШС директоры Шыңғыс Ахметов келешекте мал басын көбейтіп, сүтті сиырдың санын екі есе арттырмақ ниетте.
Айтпақшы, таяу болашақта Алматы облысында отбасылық тауарлы-сүт фермаларының саны көбеймекші. Жоспарланған 350 ферманың әрқайсысы кемі 100 бас сиыр сауылатындай талаппен ашылмақ. Жазға салым осындай 50 орын дайындалады. Нәтижесінде, аймақта биылғы жылы сүт өндіру 3 есеге дейін өсіп, өңдеу деңгейі 43 пайызға жетеді деп күтілуде.
Мұның сыртында, Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы «Шағын несие беруді көбейту» бағыты да жетісулық іскерлердің қолайына жағатын сияқты. Облыс бойынша былтыр жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құрайтын 840 шағын несие таратылған. Мұның дені ауыл шаруашылығына бағытталған несие көзі. Бірақ есептелген қаражат жетпей қалып, 3148 адам қаржыдан қағылған екен. Бастаманың шарапатымен бұл кедергі жойылатыны анық.
Қалай болғанда да, қазір ел іші мал басын көбейтуден ұтылмайтынын, әсіресе асыл тұқымды түлік өсірудің тиімділігін түсініп қалды. Облыстағы отбасылық тауарлы-сүт фермаларының санын арттыру бұл ниетті әрі қарай ілгерлететіні сөзсіз. Демек, жетісулықтар «Сүт көп, көмір аз» дейтін күн келді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы