Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, олардың өмір сүру деңгейін тұрақты түрде арттыру арқылы еліміздің әлеуметтік саясатын жетілдіруді көздеген Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастама көтеріп, оның орындалуын талап етуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда еліміздің экономикасы қарыштап дамыды, Қазақстанды әлем таныды. Экономиканы дамытып, алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарынан көріну үшін ауқымды, тиімді мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды, асырылып та жатыр.
Жалпылай алғанда, біздің әлеуметтік жағдайымыздағы жеткен жетістіктер – мемлекеттің әр қазақстандық үшін жасап отырған қамқорлығының жемісі. Жыл өткен сайын тұрмыс деңгейіміз көтеріліп, материалдық және мәдени қажеттіліктеріміз қанағаттандырылу үстінде. Олай дейтінім, қанша жерден экономикалық қиындықтар, жаһандық дағдарыстар орын алса да біздің мемлекетімізде әлеуметтік көмектер қысқарып көрген жоқ.
«Өз үйім – өлең төсегім» деген емес пе халқымыз? Жаңа отбасын құрған жастардың көбіне баспанасыз жүретініне кәдімгі өмірдің заңы сияқты етіміз өліп бара жатқандай еді. Үйі жоқ болған соң күйі болмаған отбасылардың қиындыққа шыдамай шаңырақтары шайқалып жатқанын да көріп жүрміз. Алдағы уақытта бұл қиындық та артта қалатынына сенімдімін. Нұрсұлтан Назарбаев осы Үндеуінде баспана алу үшін несие төлемінің көлемі 7 пайызға дейін төмендетілетінін айтты.
Үндеуде жария етілген «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» секілді мәселелердің көтерілуі елдің әлеуметтік жағдайын, әр адамның тұрмысын көтеруде маңызды.
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты