Екеуміздің де айтып отырғанымыз қазақтың алғашқы жоғары оқу орны, қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет, бұрынғы ҚазПИ. Әрине түрлі ізденістің соңғы тұжырымы бұлтартпас дәлелмен ғана түйіледі. Ал бір дәлелді екі жаққа тартып, әркім өз түсінігін алға тартса, онда білігі жоғары, ниеті түзу, әділетке ғана бас иетін үшінші жақ өз төрелігін айтуы керек. Осы әділ төрешілерге арнап біз де төменде өз пікірімізді өте қысқа, нақты түрде айтуға тырысып, алға тартып отырмыз.
2007 жылы шілде айында Ташкентте шығармашылық іссапармен болып, бір топ қазақ зиялыларына жолықтым. Соның ішінде тарихшы, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті тарих факультетінің 30 жылдай деканы болған Сейдуәлі Тілеуқұлов ақсақалмен кездестім. Бұл кісі өз ісіне әбден берілген, нағыз ғалым екен. «Елге қайтпайсыз ба?» деген сұрағыма: «Кетер едім, бірақ Ташкенттің архивін қимаймын, қазаққа қатысты барлық деректер осында», деген еді.
Міне, осы ақсақал маған «Первый казахский институт в Ташкенте» деген жинақ берді. Жинақта қазақтың алғашқы ЖОО-ның туу, өсу тарихына қатысты барлық құжаттар жарияланған екен. 1928 жылы оның Алматыға көшірілгендігі де айтылған. Мұны көріп таңғалдым, демек, ҚазПИ-дің кіндігі кесілген жер Ташкент екен деп халыққа жариялауға асықтым. Мақалам «Егеменнің» 2007 жылдың 29 тамыздағы санында «Қазақтың тұңғыш ЖОО» деген атпен, «Міне, жаңалық!» айдарымен басылды.
Көптеген ізденгіш, білімдар ғалымдар бұл жаңалыққа елең етті, соның ішінде профессор Б.Сман да қолдаған мақала жазды. Алайда тиісті органдар бұған мән бермеді. Университет 2008 жылы 90 жылдығын емес, 80 жылдығын атап өтті...
Ал биыл қазақтың алғашқы ЖОО өмірге келгеніне 100 жыл толып отырғанда қарап отыра алмай, жоғарыдағы мақаланы толықтырып жазып, оны интернет ресурстары арқылы таратып, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің, Қазақ ҰПУ ректоры Т.Балықбаевтың атына ашық хат жаздым. Бұл жолы да көптеген ғалымдар, соның ішінде профессорлар Дихан Қамзабекұлы, Бүркіт Аяған, Зиябек Қабылдинов, Сабыр Қасымов, Әйіп Ысқақов және т.б. көптеген азаматтар қолдау білдіріп жатты. Бірақ бұл жолы да мәселе аяқсыз қалуға сайып келе жатқандай көрінгенде, тарихшы Мәмбет Қойгелді ағамыздың осыған байланысты мақаласы жарқ етті. Қарсы пікір болса да ағамыздың мәселеге ортақтасқанына риза болып қалдық.
Енді мәселенің мәнісіне бойлайтын болсақ, М.Қойгелді ағамызбен екеуміздің де сүйеніп отырғанымыз бір деректер. Мен жоғарыда С.Тілеуқұлов ағамыздың өз қолынан «Первый институт в Ташкенте» деген жинақты алғанымды айттым. Сол жинақ «Из истории казахского педагогического института в Ташкенте» деген атпен С.Тілеуқұлов және Г.Тілеуқұлованың атынан 2005 жылы Алматыда басылып шығыпты. Демек менің сүйенгенім осы кітаптың алғашқы нұсқасы болса, М.Қойгелді ағамыз екіншісіне сүйенеді.
Біз аталмыш жинақтан: «Постановлением Мусульманского комитета от 7-15 октября 1918 года, утвержденным Советом Народного образования 20 октября 1918 года при русском Педагогическом училище открыто Киргизское педагогическое отделение» деген құжаттың түпнұсқасын келтіреміз де, оның 1919 жылдың 1 шілдесінде дербес педагогикалық училищеге айналғанын, ал 1920 жылдың 1 қазанында өлкелік Қазақ ағарту институты болып қайта құрылғанын көрсетеміз. (Мұның бәрін С.Тілеуқұлов ағамыз «Центральный госархив Узбекистана., ф.372, оп.1, д.60, л.5» алғанын жазған).
М.Қойгелді сол деректерді: «1918 жылы 20 қарашада Ташкент қаласындағы орыс педагогикалық училищесінің жанынан ұйымдастырылған алты айлық курстар қазақ мектептері үшін арнайы мұғалімдер дайындайтын алғашқы оқу орны еді десе де болады» деп құжатты сәл еркіндеу аудара отырып, әрі қарай «Қазақ педагогикалық курсы 1919 жылы 1 маусымда жеке педагогикалық училище болып бөлінеді де, өз ретінде осы училище 1920 жылы Қазақ Оқу-ағарту комиссариаты алқасының шешімімен Қазақ ағарту институты болып қайта құрылады» дейді.
Көріп отырғанымыздай дерек бір, екі жақтың сүйенгені де бір Тілеуқұловтың кітабы, бірақ ғалым ағамыз «педагогическое отделение» дегенді «алты айлық курстар» деп басқаша аударыпты... Бұл жерде мәселе аударманың нақтылығында да емес. Мәселе – бір оқу орнының іргесі кеңейіп, өсіп келе жатқанын көрсетсе керек.
Одан әрі екі автор да мұнда қандай Алаш арыстарының сабақ бергенін, қалай оқытқанын, қанша бала оқығанын, қандай ғылыми еңбектер, оқулықтар жазылғанын және т.с.с. деректерге сілтеме жасай отырып, сол түпдеректен теріп жазыппыз.
Өлкелік Қазақ ағарту институты замана талабымен бірге өсіп, дамып келе жатады. Бес жылда көптеген қазақ азаматтарына білім беріп, көкірек көздерін ашады. Осы мәселеге байланысты жазылған мақаласында белгілі алаштанушы, академик Дихан Қамзабекұлы: «Құрманбек Жандарбекұлы, Ғани Мұратбаев, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар – Ташкенттегі Киринпрос бітірушілері», деп жазды. («90 жыл емес, 100 жыл толды», «Айқын» газеті, 21.03.2018 жыл).
1926 жылғы 2 мамырда Өлкелік Қазақ үкіметі мәтіні мынадай қаулы қабылдайды: «Бывший КазИнПрос в г.Ташкенте считать преобразованным в ПедВУЗ под названием «Казахский Педагогический Институт». М.Қойгелді ағамыз да осыны тұп-тура айтады. Сонымен қатар Ташкентте Педагогикалық жоғары оқу орнын ашқанда сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовтың сөйлеген сөздерін де біз секілді бұлжытпай келтіріпті.
Осыдан әрі, бір кезде барлық түркістандықтарға ортақ болған Ташкент қаласы енді тек 1925 жылы құрылған Өзбек КСР-нің астанасы болды. Сондықтан маңдайына басқан жалғыз ЖОО-ны Қазақ үкіметі көршілес республикада қалдырмай, жаңа астана – Алматы қаласына көшіру мәселесін қолға алады. М.Қойгелдінің мақаласына қарағанда 1927 жылдың 23 наурызында Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесі «Ташкенттегі Қазпедвузды бір ай мерзімде Ташкенттен Алматыға көшіру мәселесін шешуді» Халық ағарту комиссариатына тапсырады.
Алайда көші-қон бір ай емес, бір жылға созылып, 1928 жылғы 1 қазанда Қазақтың алғашқы жоғары оқу орны етек-жеңін жинап, ес білетін шағында Алматыда өмірін жалғастырады. Ал енді құрметті оқырман, ҚазПИ 1918 жылы Ташкентте туған ба, әлде 1928 жылы Алматыға келген соң туды ма, оны өздеріңіз салмақтаңыздар.
Дүниенің бәрі нөлден басталады емес пе, адам да туған күнін шақалақ шағынан бастайды. Сол сияқты аталмыш оқу орны да бірден қалыптаса қоймаған, ол әуелі педагогикалық училищенің бөлімшесі, одан педучилище, одан Ағарту институты, одан ПедВУЗ, одан ҚазПИ болған... Жоғарыда айтқан мақаласында академик Д.Қамзабекұлы дүние жүзінің талай атақты университеттері өздерінің шағын оқу орындары болып басталған уақытын туған күні деп көрсететінін айта келіп, ҚазҰПУ-дың да педучилищенің бөлімшесі болып басталғаны дұрыс екенін тайға таңба басқандай дәлелдеп шығыпты. Осы пікірді ешкім теріс дей алмас.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»