Қазақстанның Қырғызстандағы елшісімен сұхбаттасу кезінде Қырғыз Республикасының Президенті қысқа мезгіл аралығында Астанаға екі рет ресми сапармен, сонымен қатар үшінші рет Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кеңесіне барғанын еске алды.
«Бұл сапарларымның кезінде біз маңызды құжаттарға қол қойдық, көкейкесті мәселелерді талқыладық. Мен сіздің Қырғызстанға елші болып тағайындалғаныңызға өте қуаныштымын, болашақта біздің мәмілелеріміз тереңдеу үстінде ғана болады деп сенемін, өйткені қырғыз бен қазақтан жақын халық жоқ», – деді Сооронбай Жээнбеков.
Үш кездесудің де тарихи оқиға екенін айтқан Қазақстанның елшісі Кәрім Көкірекбаев кездесулерде шекара, экономикалық ықпалдастық мәселелері оң шешіліп, осының нәтижесінде екі елдің ортасындағы тауар айналымының едәуір өскендігін, биыл Қырғызстанда өткелі жатқан заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерекесі және III Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары іс-шараларына Қазақстан қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Үкіметтік «Кыргыз Туусу» газетінің жауапты хатшысы,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін