Бұл өзгерістер мүгедектікті тағайындау мәселесіне де қатысты. Бүгін Орал қаласына келген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Батыс Қазақстан облысында тәжірибеден өткізіліп жатқан осы жобаның барысымен танысты.
Бұрын науқастар мүгедектік алуы үшін ауруханада айлап жатып, емханада тексеріліп, сан түрлі құжат жинап, содан кейін ғана медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, мүгедектік ала алатын. Жаңа жоба бойынша бұл тәртіп өзгерді. Енді мүгедектік науқастың қатысуынсыз, құжаттарды сараптау арқылы сыртынан тағайындалады. Бұл сырқатқа қатысты барлық медициналық құжат электронды формаға түсіп, науқастың электронды амбулаториялық картасы пайда болған кезде оп-оңай жүзеге асады екен. Яғни мүгедектік тағайындайтын тәуелсіз сарапшылар электронды көрсеткіштерді сараптау арқылы шешім қабылдайды. Бұл құжаттарда науқастың аты-жөні көрсетілмейтіндіктен, сарапшылар тіпті кімге мүгедектік тағайындап отырғандарын да білмейді екен.
Соңғы кезде Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру ісі жедел жүруде. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, облыстың медициналық ұйымдарында «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі, қаланың 6 емханасында электрондық кезекті басқару жүйесі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Мұның бәрі жоғарыда айтылған мүгедектікті тағайындау жөніндегі қанатқақты жобаны сынап көруге толық мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Оралдағы №3 емхананың жұмысымен танысқан соң, медициналық ақпараттық жүйе бойынша өңірлер арасында Батыс Қазақстан облысының көшбасшы екендігін айтып өтті. Міне, сондықтан да аталған пилоттық жоба бірінші болып Ақ Жайық өңірінде іске қосылады.
- Біріншіден, пациент өзінің мүгедек екенін дәлелдеу үшін бұрынғыдай әр кабинетке жүгірмейді. Екіншіден, адам факторы араласпаған соң жемқорлықтың жолы кесіледі. Осындай оң өзгерістің арқасында азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарып, оларға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы артатын болады, - деді Светлана Жақыпова.
Мүгедектік тағайындаудың жаңа тәртібі Батыс Қазақстан облысында алдағы мамыр айында күшіне енеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан
Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ