Осы орайда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында отандық медицинаға жоғары технологиялы компьютерлік құрылғылар мен 3D принтинг іспетті жаңа құралдарды енгізумен бірге, шетелдегі озық емдеу орталықтарынан үздік дәрігерлер, білікті мамандардың елімізге арнайы шақыртумен келіп, шеберлік сағаттарын өткізуі, һәм тәжірибе алмасуы өте өзекті.
Бұл ретте Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында денсаулық саласына ерекше тоқталып: «Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек» деген еді. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманы орындауға, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізуге Шығыс Қазақстан облысы да кірісті деуге болады.
26 наурызда Өскеменде алғаш рет роботталған жүйенің көмегімен операция жасалды. Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананың роботтандырылған хирургия және трансплантация орталығында Өскеменнің 50 жастағы тұрғынының өт жолына жасалған операция Италиядағы Габриэле д’Аннунцио университеті клиникасының профессоры, Миландағы «ТransEnterix» фирмасының хирург кеңесшісі Стефано Джидароның басшылығымен жүргізілді.
Соңғы 8 жылдан бері Еуропада роботтандырылған жүйенің көмегімен операция жасап жүрген білікті маман Қазақстандағы алғашқы операциясынан соң журналистерге арнайы сұхбат беріп, әсерімен бөлісті. «Мұндай операцияны жүргізу үшін дәрігерлер мен асссистентер білікті болуы керек. Командалық жұмыстың маңызы зор. Бүгін операцияға қатысқан қазақстандық әріптестеріме, медициналық қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар операциялық залдардың жабдықталуы өте жоғары деңгейде екенін ерекше атап өткім келеді. Осындай тамаша қолайлы жағдайлар мен білікті мамандардың көмегімен ота сәтті аяқталды. Сіздердің дәрігерлеріңіздің дайындығына өте жоғары баға берер едім. Олар бүгін менің және роботталған жүйенің көмегімен ота жасаса, келесі жолы мен көмекші болам, барлығын өздері жасайды», деді шетелдік дәрігер.
Операцияға Италиядан келген маманмен бірге өскемендік дәрігерлер де қатысты. Соның бірі – Өскемендегі №1 қалалық аурухананың хирургы Нартай Тұраханов. «Бүгін – біз үшін тарихи ерекше күн. Мұндай операция Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері ішінде Өскеменде алғаш рет жасалды деуге болады. Мен бұл операцияға асссистент ретінде қатыстым. Операция сәтті өткен секілді. Былтыр біздің аурухананың төрт дәрігері Еуропаға барып, роботталған құрылғы көмегімен операция жасаудың қыр-сырын меңгеріп қайттық. Германияда, Италияда болдық. Робот көмегімен жасалатын операцияларды көзімізбен көріп қана қоймай, өзіміз де операция жасауға қатыстық» деген ол осындағы орталықта мұндай операцияны енді өздері де жасай алатынын жеткізді. «Шығыс Қазақстанның дәрігерлерімен бірге өзім де Италияға барып, роботтандырылған хирургияны оқып келдім. Біз барған клиникада бір жылда 150 ота жасалған екен. Заманауи технологияның елімізге, оның ішінде шығыстағы емханаларға енгізіліп жатқанына қуаныштымын», дейді Алматы қаласындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының асқазан, өңеш және ішек жолдары бөлімінің меңгерушісі Әділ Адайұлы.
Роботталған жүйенің көмегімен жасалатын операцияның ерекшелігі неде? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, робот көмегімен жасалатын операция асқан дәлдігімен, жарақаттың аздығымен және науқастың тез арада оңалуымен ерекшеленеді. Мәселен, өтінен тас алынып тасталған өскемендік тұрғын екі-үш күннен кейін емханадан шығуға мүмкіндігі бар.
Қазір облыста өңірдің дәрігерлерін шетелде оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр роботтандырылған жүйемен операция жасауды меңгеру үшін Өскемендегі №1 қалалық аурухананың төрт дәрігері Миланға екі апталық оқуға барып келген болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметов жақында шығыста еліміздегі тұңғыш гибридті операциялық зал ашылатынын, аймақ дәрігерлерін шетелде оқыту жұмыстары жалғасын табатынын, биыл тағы да екі дәрігер шет елге барып оқитынын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН