Бастамалар аясында ұсынылған бағдарламалар мен іс-шаралар елдің еңсесін көтерері сөзсіз. Атап айтсам, баспана алудың жаңа мүмкіндіктері бойынша ұсынылған «7–20–25» бағдарламасы бүгінгі баспанасыз жүрген талай отбасына үлкен көмек. Әсіресе болашағына сенім тудыру үшін жас отбасыларға жасалып жатқан жақсы жағдай деп айтуға болады. Еліне өз үлесін қосу үшін еңбек етіп етіп жүрген білімді жастар баршылық. Алайда көбінде отбасылық-тұрмыстық жағдайлары нашар болып келеді. Осылайша күйбең тіршіліктен арыла алмай жүрген жастар енді қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіледі деп ойлаймын. Жалақысы мардымсыз азаматтарға салық төлемін азайту жөніндегі бастама да орынды. Салықты азайту арқылы олардың жалақысын көтеру көзделген. Бастамада халыққа әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілетіндігі көңілге сенім ұялатады.
Ең бастысы, жоғары білім алудың сапасы мен қолжетімділігін көтеру бастамасы қаншама жастарды тығырықтан шығарары сөзсіз. Елбасы ұсынған техника саласындағы мемлекеттік грантты көбейту ел экономикасын арттырудағы қажетті мамандықтарға көңіл бөлуді білдіреді. Осы мамандықтарға жастарды тарту үшін оларға жағдай туғызу керектігін атап көрсеткен Елбасы жоғары оқу орны мен колледждерде жатақхана мәселесін шешу керектігін баса айтты. Осы бастама бойынша салынатын заманауи тұрғыдағы жаңа жатақханалар пәтер жалдап жүрген студенттердің мәселесін шешеді. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасалатыны қуантады. Елдің еңсесін көтерген бастамалардың бірі – шағын несие беру көлемін кеңейту. Бұл өз кәсібін бастап, шаруашылығын кеңейтуді көздеген әр кәсіпкерге таптырмас көмек. Қаржылай көмекті қажет ететін әрбір кәсіпкер өз шаруашылығын кеңейтуде мемлекет тарапынан жасалған бұл қолдауды қуанышпен қарсы алып жатыр деп ойлаймын. Елді көгілдір отынмен қамтамасыз етуді көздеген бесінші бастама халық тұрмысында қордаланып қалған талай мәселені шешері даусыз. Ыстық су мәселесі, отын тапшылығы сияқты қарапайым дүниелер әсіресе біздің Көкшетау қаласы бойынша қолжетімді болар еді. Осы бастамаларды азаматтық тұрғыдан қолдаймын және жақын арада жүзеге асатынына сенемін.
Шаттық ҚАРАСАРТОВА,
М.Ғабдуллин атындағы №3 көп тілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ақмола облысы