Еліміз егемендік алғалы еңсерген еңбектеріміз ұшан-теңіз екеніне ешкім де дау айта алмас. Дегенмен халықтың әлеуметтік жағдайын жан-жақты ойластырған бұл тарихи қадамның қазақстандықтар үшін сыйлар шаттығы мен қуанышы алабөтен. Маған әсіресе Елбасының «7 – 20 – 25» бағдарламасы ерекше ұнады. Көңілім кәдімгідей көтеріліп қалды. Неге көтерілмесін, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері ашылып отырса. «Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет» деп атап көрсетті Президент. Мұндай мүмкіндіктер бұрын-соңды болмаған. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болса, банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін талап етсе, бұл бағдарламада 20 проценттен аспайды деп көрсетсе, бөркіңді қалай аспанға атпайсың. Оның үстіне несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болса, бұл айналайын-ау, әкең жасамаған жақсылық емес пе?
Әлһамдулла, қазақпыз. Қазақ болғаннан соң балажанбыз. «Ұрпақ көбейсін. Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейміз. Құдайға шүкір, көпбалалы отбасылар ауылда да, қалада да жеткілікті. Бірақ несін жасырайық, көптеген әкелер балаларының барлығына дерлік баспана салып беруге мүмкіндіктері бола бермейді. Ал 2-3 миллион теңгеге жер сатып алайық делік. Сонда құрылыс материалдарының бағасы ушығып тұрған мына заманда зәулім үй салып беруге шамам жетеді ме? Зәулім үй деп отырғаным ақшамның тасып бара жатқанынан емес. Қазір қалада үйді бүгінгі заманға сай еңселі де көрікті етіп салу жөнінде нақты тапсырмалар беріліп жатыр.
Осыны ойлап бас қатып жүргенде Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» көктен іздегенімді жерден кезіктіргендей болды. Бұған қуанбағанда енді қайда қуанасыз? Бір балама «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша пәтер алып беруіме енді мүмкіндік ашылды емес пе?
Жалпы, бұл қадам Елбасының талайдан бері көкейінде жүр екен. Мұны Елбасы Үндеуінде атап көрсетті. Адам қалай бақытты болады? Өзіңді қолдап, қорғайтын, қамқорлық жасайтын артында үлкен сүйеніш бар екенін сезінгенде бақытты болады. Біз осы қамқорлықты да, сүйенішті айқын сезініп отырмыз. Мұндай елдің барлық тұрғындары бақыттың құшағында болары Айдай анық. Сүйенішті сезініп, қамқорлықты қолмен ұстап көргендей танып-біліп отырған халықтың туған жерге, сол мемлекетті басқарып отырған тұлғаға деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы артары сөзсіз. Елін, жерін жан жүрегімен сүйетін Президентіміз барша қазақстандықтардың тағы да үміт отын жақты. Осындай елде ғұмыр кешкеніне қуанасыз, мақтанасыз.
Президенттің еңбекақысы төмен адамдар үшін салықтық жүктемені 1 процентке дейін төмендету туралы тапсырмасы да қарапайым адамдарға деген үлкен қамқорлық. Расында, біреулер аз табыс табады. Біреулердің жұмысы ә дегеннен жүріп кетпеуі де мүмкін. Осындайда кәсіпкер бюджетке қомақты қаржы аудара алады ма? Бұдан бюджеттің бүйірі томпайып шыға келеді ме? Мен жұмысын жаңа бастаған жастарды білемін.Олардың ішінде жұмыстарын дөңгелетіп алып кете алмай жүргендері де бар. Елбасы қолдауы оларды қанаттандыратынына енді сенім мол. Ал қанаттандыра, қанағаттандыра білу біле білсеңіз, үлкен қабілет. Тіпті құдірет десек те асырып айтқандық болмас еді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Оңтүстік Қазақстан облысы