Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

Көлқамыстағы қайраткер ақсақал. Кәкімжан Кәрбозов туралы

666 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қайраткерлікті, ұлтына қызмет етуді біз қалай түсінеміз? Рас, ұлтымыздың бет-бейнесіне айналған  тұлғаларымыздың орны бөлек.  Бірақ Кәкімжан аға секілді ғұмырын өз  ауылының өшпеуіне, гүлденуіне арнаған кісінің еңбегі ұлтына қызмет ету емес пе?  Азаматтың кім екені елдің басына іс түскенде білінеді. Халқымызға тағы бір сын болып келген 90-жылдары сонау шалғайда жатқан Көлқамыс ауылының да іргесі шайқалған.  

Көлқамыстағы қайраткер ақсақал. Кәкімжан Кәрбозов туралы

Арқалық ауруханасында ауыр халде жатқан әйелімнің басында үш-төрт ай отырып, көктем шыға ауылға келсем, сонау 70-жылдары өз қолыммен отырғызған, мәуелеп өсіп, саябаққа айналған теректерден бір түп те қалмапты. Қысылған жұрт қыс бойы кесіп, отын етіпті, деп еске алады Кә­кім­жан. Ауылда қалған қырық шақты отбасы «Кәке, қайда көшсең де бізді тастамай алып кет, тағдырымыз өз қолыңда» деген. Бірақ Кәкімжан ешқайда көшпеймін деп шешті де, атқа мінді. Көп жылдар  Жангелдин аудандық мәслихатының депутаты болып, Көлқамыс қана емес, аудандағы барлық ауылдың жағдайын жақсартуға күш салды. Қазір Кәкең отырған Көл­қамыс ауылына барсаң көзің тояды. Жаңа өмірмен жаңарған, қазақтың ұлттық бояуы кетпеген ауылды Көлқамыстан көресің.

Шалғайда отырған Кәкімжан Кәрбозұлы қоғам өзгерістерін, алған бағытымыздағы артық-кемді тамыршыдай дөп басып, уақтылы пікір қосып отырады. Нарық келгенде ауыл адамдарының аңырып қалған жайы болды. Өзі үшін еңбек етуді құлдыққа салынғандай сезінді. Кәрібоз аға 1993-2003 жылдары қысылғанда жәрдем болған атау­лы көмек өз «қызметін атқарып болғандығын», ендігі жерде оның  адамдарды масылдыққа салатынын айтып,  талай дабыл қақты. «Еңбекке ынта жоқ.  Тепсе темір үзетін жігіттер жатып алып, тегін келіп тұрған атаулы көмекпен-ақ күн көргісі келеді. Барлық бақытсыздық жалқаулықтан, жұмыстан қашудан басталады. Атаулы көмекті  ауылдағы азаматтар өз балаларының несібесіне ортақтаспайтындай етіп, қайта құруымыз керек» деп жазыпты  баспасөз бетіндегі мақаласының бірінде. Ауылдың да, ауыл шаруашылығының да жағдайын  бес саусақтай білетін Кәкімжан Кәрбозов  ауылды алға бастырмайтын түйткілдің барлығын ашық айтып отырады. Мал өнімдерінің текке қалмау жағына қамығу білдіреді. Кәкең ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін де  уақытысында пікірін ішке түйіп қалмады. Сол үшін несие алудың қиындықтарын санамалап, құжат толтырудың, банк шарттарының ауыл адамының мүмкіндігіне сай келе бермейтінін атап көрсетеді.  Торғайдың жол азабы, ауылшаруашылық техникасына салынатын салық жайы, ауылдағы ветеринария жағдайы, ауылшаруашылық банкі, шаруа қожалықтарын қолдау туралы ойлары да көпшілікке жетті. Айтайын дегеніміз,  ақсақал дер уақытында көтерген, қоғамға ой салған  осы жағдайлардың барлығы да  бүгінде шетінен дұрысталып келеді, көп мәсе­лелер шешімін де тапқан. 

Кәкімжан аға Торғай даласын суландыру, жайылым, шабындық мәселесін дамылсыз көтеріп келеді. Халық жауы болып атылып кеткен Айса Нұрмановтың басшылығымен осыдан 90 жылдан астам уақыт бұрын салынған Албарбөгет буған  судың тереңдігі 15-20 метр, ені 110-120 метр болады. Мұндай су қанша жылдан бері даланың шөлін қандырып келеді.  «Бөгеттің арқасында  төрт түлік малын мыңғыртып, жейтін асы ет пен қымыз, шұбат, қатық пен пен қаймақ, құрт пен ірімшік, жент болған Торғай елінің қазаны ортаймаған» деп  отырады Кәкең. Қабырға өзені бойындағы осы Албарбөгет бөгетін сақтауды, оның мемлекет қамқорлығында болуы керектігін әлденеше рет қозғады. Соның арқасында  Тор­ғай жерінің де, елінің де құтына айналған Албарбөгетке мемлекеттен қаржы бөлініп, бір рет күр­делі жөндеуден өткізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің балансына өтті. «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасының киелі орындар тізіміне кірді.

Кәкімжан Кәрбозов ақсақал сексен жасында шаршадым де­мейді. Әлі де Көлқамыс ауы­лының қамын ойлайды, сол ар­қылы ұлт қамын жейді.

Ол кәдімгі бәйтерек секілді. Марқұм Гүлнәзия апай екеуі өсірген үш ұл, бір қызы мен не­мерелері, шөберелер үлкен әулетті құрайды.  Барлығы да елге қыз­мет етеді. Қазақ қариясын қазына санағанда Кәкімжандай ақсақалын айтқан болар-ау.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы,

Көлқамыс ауылы