Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен экранға жол тартқан фильмде қазақтың тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың ерте үзілген ән-ғұмырының жарқын да шуақты һәм шытырманға толы қайшылықты өмірі қатар суреттеледі. Аталмыш кинокартина әншінің 130 жылдық мерейтойына орай көрерменімен қауышып отыр.
Жаңа фильмнің тұсаукесеріне орай өткізілген баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Біз бүгін назарларыңызға еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді ұсынып отырмыз. Фильмде Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі қайталанбас сапары туралы сөз етіледі. Сондай-ақ әнші туралы елге белгісіз деректер де фильмде көрініс тапқан. Әміре – бірінші болып Еуропада қазақ әнін әуелеткен әнші. Оның тұлғасы қазақ өнері мен жалпы қазақ үшін аса маңызды» – деп кинотуындының маңызы мен артықшылығын атап өтті.
Фильмнің ерекшелігі сол – қазақтың біртуар перзенті, көмейіне бұлбұл ұя салған күміс көмей әншісіне америкалық кино мамандарының қызығушылық танытуы болды. Сценарийінен бастап, актерлік, режиссерлік жұмысына дейін халықаралық мамандардың тең дәрежеде атсалысуымен туған кинотуындының ұсынылу формасы мен жеткізілу тәсілі, тарихи деректердің сөйлетілуі өзгеше. Сценарий авторы – Бенджамин А. Ван дер Вин. Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық-режиссер Джеф Веспа, оператор – Максим Осадчий сынды білікті мамандар бар. Фильм Латвия, Лос-Анджелес қалаларында, сондай-ақ Алматы облысының Үшқоңыр ауылында түсірілді. Басты рөлдерді отандық актерлер: Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдады. Сонымен қатар фильм көрермендері британдық актер Бен Алдридж бен аустралиялық актриса Эбби Корништың да тамаша жұмысына куә бола алады. Кинотуындыда Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дудар-ай», «Бес қарагер» және тағы басқа әндер орындалды.
Ән атасы – Әміре Қашаубаевтың 130 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген фильм жалпыұлттық көрсетілімге 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап шығады деп жоспарлануда.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»