ҚР ҰЭМ мәліметі бойынша, Қазақстандағы инфляция 2018 жылдың қаңтар–наурыз аралығында 1,8% құрады. Ағымдағы жылдың басынан бері инфляция деңгейі жаңа дәліз – 5-7% аралығында сақталып тұр.
«2017 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда инфляцияның екі құрамдауышы бойынша баға өсуінің бәсеңдегені байқалып отыр: азық-түлік тауарларына –2,2% (еск. – 2017 жылдың І тоқсанында 3,2%), азық-түлік емес тауарларға –1,3% (еск. – 2017 жылдың І тоқсанында 1,7%) құрады. Сонымен қатар, ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер өткен жылдың деңгейінде – 1,7% сақталды», — деді Тимур Сүлейменов.
Қарақұмыққа – 12,6%, жұмыртқаға –1,1%, күрішке – 1% және күнбағыс майына 0,2% бағалар төмендеді. Сондай-ақ, қырыққабатқа, картопқа, пиязға, жемістерге, темекі бұйымдарына бағаның өскені байқалады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарларда бағаның ең төменгі өсуі (1,3%) байқалды. Бірқалыпты қарқынмен (1,7%) ақылы қызметтердің бағасы өскен. Ақылы қызметтер ішінде ең жоғары баға өсімі құқықтық (6%-ке) және пошта қызметтерінде (4,3%) тіркелген. Сонымен қатар, әуе көлігі қызметтеріне (8,5%) және көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуде (3,4%) бағаның айтарлықтай төмендегені байқалады.
Өңірлер тұрғысынан алғанда, жыл басынан бері 10 өңірде инфляция орташа республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде.
Сонымен қатар, 6 өңірде инфляция орташа республикалық деңгейден жоғары. Бұл Солтүстік Қазақстан (2,5%), Павлодар (2,3%), Қызылорда (2,3%), Шығыс Қазақстан (2,1%), Оңтүстік Қазақстан облыстары (1,9%) және Алматы қаласы (1,9%).
«Инфляцияның жаңа аралығынан (5-7%) асып кетпеу үшін, көрсетілген өңірлер баға өсуін тежеу мақсатында қажетті шараларды қабылдауы қажет. Басқа өңірлер инфляцияның төменгі қарқынын сақтауы керек», — деді Тимур Сүлейменов.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшыларына, өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларына бақылау жасауды және инфляцияның негізсіз өсуін болдырмауды тапсырды.
Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.