Бірақ сол өнімдердің сапасы қандай? Әсіресе жаз мезгілінде айран, сүт, қаймақ сияқты кірпияз астың бүлініп кету қаупі жоқ па дегенге келсек, көпшілігіміздің ойлана қоймайтынымыз шын. Сол сияқты дүкендердегі мерзімі өтіп кеткен тағам түрлерін кездестіргенде де оны қайтадан орнына қоя салып, өзімізге қажеттісін іздеп кете баратынымыз тағы бар.
Жалпы, адамның астың сапасына, тазалығына көп көңіл бөлуі керектігі жиі айтылады. Кейде бұған мұрша да бола бермейді. Айталық түрлі себептермен көпшілік қауым көлікпен болсын, пойызбен болсын сағаттап, тіпті тәуліктеп жол жүруге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда адамның бабы келіспейтіні, асты талғап іше алмайтыны онсыз да белгілі. Сондықтан көпшілік көше бойы толған асхана, дәмхана болғандықтан, сол жерлерден тамақтануды қолайлы көреді. Бірақ бұдан бөлек жол да жоқ. Ал пойызбен кетіп бара жатқан адам үшін де әрбір стансада не керектің бәрі бар. Ақшасын төлесеңіз, саудагерлер астың түр-түрін алдыңызға тартады.
Бұл күнде Жамбыл облысының Шу аудандық вокзалының маңы әжептәуір сауда орталығына айналды деуге болады. Пойыз тоқтаған мезетте такси жүргізушілерімен жағаласа қолдарына түрлі тағам түрлерін ұстаған әйелдер вагондарға қарай тұра ұмтылады. Қандай ыстық ас керек, бәрі де бар. Күннің ыстық-суығына қарамай, табанынан тозып жүрген саудагерлер үшін бұл да күнкөрістің қамы. Бірақ далада, ашық жерлерде тағам түрлерін сатудың соңының қалай боларын бағдарлап жатқан ешкім жоқ. Қарны ашқан қауым таңдағанын алып кете барады. Табаққа салынған бәліш, майлы бауырсақтардың бетін орамалмен жауып қояды. Ал майдың қашанда өзіне шаң тартатыны белгілі ғой. Бұдан бөлек, пойыз жүріп бара жатқанда вагон ішін аралап сусын, шылым сияқты дүниелермен қоса тамақ сатып жүрген саудагерлерді де кездестіреміз.
Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, өткен жылы мекемеге халық тұтынатын тауарлардың қауіпсіздігі бойынша 21 ғана өтініш түсіпті. Ал аталған департаментке 10 тағам өнімдеріне, 6 халық тұтынатын тауарға және 3 гигиеналық көрсеткіштер бойынша бақылау жүргізу құзыреті берілген. Олар жеке кәсіпкерлік нысандарына жоспарсыз тексеру жүргізе алмайды. Дей тұрғанмен, тағамның сапасы күмән тудырған жағдайда әрбір азаматтың тиісті мекемелерге шағымдануына болатынын ескертеді. Департамент басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, мекеме азық-түлік өнімдерінің сапасы мен жарамдылығын тексеру үшін арнайы қаржы бөліп, зерделеу жұмыстарын жүргізеді екен. Мәселен, өткен жылы тағам өнімдерін сатып алудың жоспар-кестесіне сәйкес, жалпы сомасы 3 миллион 500 мың теңге көлемінде 252 сауда және қоғамдық тамақтану нысандарында бақылаулы сатып алулар жүргізіліпті. Бұл ретте 3600-ден астам тағам мен халық тұтынатын өнімдердің үлгілері сатып алынып, оның 479-ның Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сай еместігі анықталған.
Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, өңірдің ішкі нарығындағы барлық сәйкес емес өнімдердің ішінде ең жоғары пайыз импортқа тиесілі болып отыр. Отандық өнімдер 28 пайызды құрайды. Сонымен қатар импорттаушы елдердің ішінде Ресей мемлекетінен әкелінген тауарлардың 1050 үлгісінен 30 үлгі, Қырғыз Республикасынан жеткізілетін тауарлардан алынған 144 үлгіден 84 үлгі сәйкес келмеген.
Бүгінде өзге аудандарды айтпағанда, Тараз қаласының өзінде жабайы сауда нүктелері көбейіп кетті. Айталық «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы «Қайқармет» базарының маңын жағалай саудагерлер жайлап алған. Сонымен қатар Тараз қалалық сотының ғимаратын жағалай жоғары өрлей берсеңіз, Лермонтов көшесімен қиысар бұрыштың да қан базарға айналғанын көруге болады. Мұнда салаттың түр-түрі, нан, торт, пісірілген балық, әйтеуір тағамның неше атасы сатылады. Ерсілі-қарсылы жүрген халық бұл жерден де керегін тауып, сауда жасап жатады. Ал бұл көшемен жекеменшік көліктер мен қоғамдық көліктер тынымсыз қатынайды. Бірақ барлығы да жеке кәсіпкерлікпен айналысатындықтан, тиісті мекемелердің оларды жоспарсыз тексеруге құқығы жоқ.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, былтыр өнім қауіпсіздігін бақылау мақсатында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген өнімдерді сату жағдайларымен 50 әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалыпты. Нәтижесінде, жалпы сомасы 3 миллион 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, кәсіпкерлерге кемшіліктерді жою үшін 108 нұсқама берілген екен. Алайда Тараз қаласындағы «Тарго» супермаркеті, «Куликовский» сауда үйі, Т.Рысқұлов ауданындағы «Береке» және Байзақ ауданындағы «Аққу» дүкендері аталған кемшіліктерді жоймаған. Ал департамент басшысының орынбасары Байділда Шыналиев «Куликовский» сауда үйінде сатылған үш өнімнен ішек ауруларын тудыратын бактериялар табылғанын да атап өтті.
Халқымызда «Ас – адамның арқауы» деген сөз бар. Бірақ кей кезде «Ауру – астан...» екенін де ұмытпаған жөн сияқты. Әрбір адам өз денсаулығына жіті көңіл бөлсе ғана қоғамда денсаулық жайына алаңдаушылық азая түсер еді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы