Роналдуға шапан тіккен «Нұр-Шах» сән үйінің туындылары Қазақстанға кеңінен танымал, елімізде оның өнімдерін тұтынатын өнер адамдары жетерлік. Қазақтың ұлттық нақышы мен ою-өрнектеріне жаңаша сән-сипат беріп, кешегі мен бүгінді байланыстыру арқылы заманауи талғам қалыптастыруды, Маңғыстаудың өзіндік ерекше нақышын танытуды, қазақтың ұлттық ою-өрнегінің бірінен-бірі озған әлемдік сән тасқынында тасада қалып қоймай, қолданысқа дендей енуін көздеген шебер Нұржамал Нұрпейісова сән әлемінде өз арман-мақсатына қол жеткізді деуге болады. Он жеті жыл бұрынғы аяғын апыл-тапыл басқан кәсібі қазір өрге домалап, елімізде танымал брендке айналды. Бүгінде сән үйінің өнімдеріне тек Қазақстанның емес, шет елдердің тұрғындары да қызығушылықпен сұраныс беріп жатады.
Мемлекеттік қолдауларға сүйеніп кәсібін жолға қойған кәсіпкер Н.Нұрпейісованың «Нұр-Шах» сән үйі Маңғыстау облыстық, республикалық байқауларында жеңімпаз атанып, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, ел мерейін көтерді. Қазір Астана, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында бөлімшелері бар сән үйі 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр, мүгедек балаларға, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек ұйымдастыруды да ұмыт қалдырмайды.
Сән үйінің иесі Нұржамал Нұрпейісованың айтуынша, ұжым қызметкерлері мұнай компаниясының Роналдуға шапан тігу туралы тапсырысы бойынша екі ай тапжылмай жұмыс істеген. Алдымен, жергілікті және ресейлік суретшілердің көмегімен он шапанның эскизі жасалынған, ал тапсырыс берушілердің талабы бойынша шапанның артында, яғни жауырынында Қазақстанның туы, күн және қыран бейнесі болу міндеттеліпті.
Дизайнермен Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары кездесу өткізіп, дизайнерлік әлем, сән үйі және атақты футболшыға шапан тігудің қиындығы мен қызығы туралы сұрақтарын қойды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы