Көркем өнерде бақытты пенденің өмірін сомдау, керісінше, қиынның қиыны, бірақ, бақытсыз образдың қалам тартатын қасиеті, сипаты көп. Демек, бірдей бақыты бар шаңырақтың бейнесін жасау, мың сан түрлі қайғы-қасіреттің ала-құла келбетін кейіптеуден әлдеқайда ауыр.
Өмірдегі оңай нәрсе көңілдегі шығармада оңайға соқпайды. Алайда, жан шошыған ақыреттен асқан, кісі қорыққан қияметтен өткен, таланы таусылған тағдыр талайына қарсы тұра алған қайрат туралы жазу – бәрінен де биік, бәрінен де үстем жасампаз рух иесінің қолынан ғана келеді екен.
Бірінші бөлім.
Декарттық пәлсапа
Қаламгер Немат Келімбетовтің үміт туралы кітабы, адамға біткен ақыл-ой мен қажыр-қайраттың шексіздігін растайтын формула тәрізді. Бір адамның бойына қонған осыншама зор қабілет-дарын, қажымас қайрат қайдан тамыр тартқан деп ойлайсыз. Жарайды, желімдей жабысқан дерт бес жыл бойы ер көңілге қайғы байлап азаптасын, тіпті, нардай азамат табаны күректей он жыл бейнет көрсін, бірақ отыз бес жылға тарта уақыт адам баласын кереуетке таңған сырқат күшіне ешкім шыдамайтындай көрінеді. Басқа түскен бейнет шексіз болса, сол бейнетті көтере алатын адамның қайрат-жігері де, күш-қуаты да, ынта-ниеті де таусылмайды екен. Ер-азамат басына күн туғанда, көлденең келген науқастан езген сайын езіліп, жатып алмай, еркіне сеніп, қаһарына мініп, ақыл-ойына сүйеніп, қиындыққа мойымай, қарсы көтерілгенін күтеді екен ел. Күреске даярлығы, батыл ұмтылысы халықты да рухтандырады. Мехнаттың жанға батқаны өмірдің қайтпастығымен, азаптың салмағы қайғының ұзақтығымен өлшенеді.
Заңғар ойшыл Мераб Мамардашвили қалыптасқан ұғым-түсініктерді қолдану мен ойлау үдерісін шатастырып алмау жөнінде пікір қозғап еді. Ой дегеніміздің бәрі ойлау емес. Ойлау бір нәрсенің қасиеттерін жіктеуден басталады, сосын, салыстыра отырып басқа бір нәрседен айырмасын табудан тұрады. Демек, ой бір сәттік құбылыс емес, бірінен соң бірі төгіліп жататын жүйрік ойлардың тасқыны.
Немат – пәлсапашы. Ол шығармасында бейнеленіп отырған кез келген мәселені ой арнасына түсіріп, содан қуалай отырып, жан-жақты талқылайды, зерттейді, салыстырады. Ұқсастығын көреді. Айырмашылығын таниды. Бөтендігін аңғарады немесе туыстығын байқайды. Шеруі, әлде шегінісі. Ол – Декарт. Уақыт пен кеңістік координаттарында өмір сүрген қарым-қатынастардың тоғысы. Кеше мен бүгіннің өзара серуені. Қаламгер уақыттар кеңістіктерінде қыдырып жүреді.
Шығарманың тақырыбы – Галилео Галилей мен Рене Декарт ашқан теориялар негізінде қалыптасқан, атақты Ньютон заңдарының адам өміріндегі маңызы туралы. Қозғалыс, қозғалыс және қозғалыс.
Біз әдепкідей көретін, тіпті, көңіл аудармайтын қимыл-қозғалыстың асқан құндылығын, қаншалықты қасиетті екендігін анық таныған жазушы үлкен-үлкен ойларға барады. Мамардашвили Декарттың кеңпейілді ойшылдығына таңғалады. Немат Келімбетовтің кітабы бір сәт толас таппай, бір-біріне міңгесіп, іркес-тіркес келіп жатқан ойлардың шексіз мұхиты тәрізді. Мұхиттай терең, жолбарыстай қайратты ойлар – шығарманың негізгі арқауы, желісі, тіпті, мен бұл туындының сюжеті сол тасқын ойлардың қақтығысы дер едім, қаһармандары – тынымсыз ойлардың өзі. Тасқындап құйылған ойлар, сірә, атқылап жатқан бұлақтай, арнасынан асып кең жайылған өзен суындай, көкжиекте шалқып жатқан көк теңіздей қуатты.
Екінші бөлім.
Рухты жырлаған Ницшедей
Фридрих Ницше қаламсапты қанға малып жазу керек деген болатын. Сонда жазудың рух екенін түсінесіз деп еді.
Бұл кітап – Гарсиа Лорка айтқандай, адамзаттың нәсіл ретінде мәңгі өмір сүретіндігінің белгісі. Өткен шақ өлмейді, деген еді қайсар ақын, ол біздің қанымызда өмір сүреді.
Рух дегеніміз санадағы тіршілік сәулесі, жүректегі – жан қайраты, көңілдегі пейіл-ниеттің мұратқа адалдығы.
Тегінде, рух – жанып жатқан от, өртеніп жатып өмір сүреді, өзге үшін өмір сүреді, кісі бейнетін өз қайғысындай көреді. Қара басы азап-мехнат шегіп отыр, бірақ ол жұрт қамын жейді.
От жанып жатып өмір сүреді. Жанып біткенде өмірі аяқталады.
Бірақ от құбылыс ретінде – мәңгілік. От – тамызық. Тамған жерінен от жанады. Ол тұтатып кеткен басқа оттар ертең басқа оттарды тұтатады. Басқа оттар, өз кезегінде, басқа оттарды жағып жатады. Шамды – шам, шырақты шырақ жағып, от мәңгілік өмір сүреді.
Рухтың бейнесі оттан көрінеді. Ол – кітап беттерін жалап ашқан кітап тарихындағы ғаламат рух! Дәл мұндай ерлік көркем әдебиет шежіресінде болған емес.
Үшінші бөлім.
Достоевскийше
Автор – сергек. Кейіпкерлерін сипаттағанда, әдепкі жұрт байқай қоймайтын адамның көңіл-күйіндегі өзгерістерді дәл аңғарып, жазып отырады. Бас дәрігер пациентпен жылы сөйлесе бастаса – бұл ертең операция болатындығының белгісі. Немесе операциядан кейін қолыңыз туралы айта бастаса, онда аяқтарыңыз жүрмей қалады деген сөз. Автор палатадағы әрбір науқастың ертең не күтіп тұрғанын қимыл-қозғалысына, іс-әрекетіне қарап-ақ, дәл айта алады. Болжап емес, нақ дерек келтіріп. Бірі операция алдындағы күні көлдеңен нәрсемен айналасып жатса, дәл операция болатын күні екіншісі хирургия бөлмесіне шақырғанша, операция үстеліне түскенше шахмат ойнап отырады, тіпті, шахмат ойынын операциядан кейін жалғастырамыз, ештеңесін де өзгертпей, дәл осы күйінде сақтап қойыңыз, келген соң әрі қарай ойнаймыз, ә, деп қарсыласына тапсырып кетеді.
Ал, шын мәнінде, бұл – дүние төңкерілген күн. Бұрынғыдай өмір енді жоқ. Бәрін қайтадан бастау керек.
Достоевскийдің ажал алдында көрген сезімі, кешкен күйіндей тәжірибе.
Төртінші бөлім. Лингвистикалық байлық, семантикалық мәндер
«Меніңше, бақыт дегеніміз қара бастың қамы емес. Басқаларға қыруар қуаныш, зор шаттық сыйлаған жандар ғана бақытты. Ал мен өзгелер үшін не істедім?»
«Суымды сүт қылып отырған сен ғой, Гауһар».
«Оның дерті де құдды менікі сияқты, яғни омыртқаның ішіне, жұлын миға өсіп шыққан ісік екен. Медицина тілінде мұндай науқасты эпиндимома деп атайды».
«Сіздің омыртқаңыздың ішіне кішкене ісік – ет өсіп шыққан. Сол ісік әлгі талшық – нервтің бірін басып, оның өз қызметін атқаруына бөгет боп тұр».
«Үй шаруасының бәрін тап-тұйнақтай етіп, әйелі келгенше тындырып қоятын да сол мүгедек ағамыз еді. Өзі томардан жонып жасап алған бір аласа орындық тәрізді бірдемесі болатын-ды. Қайда барса да сонысын сүйрейтін де жүретін. Соның үстіне жайғаса отырып алып келі де түйеді, тандырға от жағып, нан да жабады, сиыр да сауады. Қаратай ағама ең ауыр соғатын, жан төзгісіз азап іс – сиыр сауу еді. Алдымен ол сүт сауатын шелегін жуып-шайып дайындап алады. Сосын әлгі отырғышын сиырдың қасына апарып қояды. Мықшыңдап үстіне шыға алмай, абыржып жүргенде әлгі антұрған қызыл сиыр тыпыршып жүріп, қазықты айналшықтап кетеді. Тауаны тарылып, бұлқан-талқаны шыққан ағамыз отырған аласа «отырғышынан» әрең түсіп, әлгі жұмыстың бәрін басынан қайта бастауға мәжбүр болады.
Бірақ алқымына ашу тығылғанда ол екілене сөйлеп, тірі жанды бет бақтырмай, өзіне қарсы шыққан кісіні аймандай қылатын. Сондықтан ешкім бетіне келмейтін. Ауылда оның айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрды».
Екі аяғынан да айырылған ағамыз майдан госпиталінде жатып, әйеліне мынадай хат жазыпты: «Мені күтпей-ақ қой. Саған қолбайлау болғым келмейді. Өз әрекетіңді өзің жасай бер. Басқан із, көрген қызық артта қалды. Қазір екі аяғым да жоқ, бірінші топтағы мүгедекпін.Сенің басқан ізіңе де тұрмаймын. Сонша жыл күткеңіне өле-өлгенше ризамын. Мені масыл қып қайтесің ?! Саған рұқсат. Бақытты бол».
Осы хатты алған күні жеңгеміз жолға шығыпты.
Бесінші бөлім.
Мың бір махаббат
Кітаптың, негізінде, көтерген тақырыбы – ықылас, камқорлық, жанашырлық. Пенде асыл қасиетке ие ме, жоқ па, қабілетті ме, әлде құр алақан ба?
Адам шексіз екен. Шет-қиыры жоқ дүние сияқты. Қаза берсең – табыла береді. Тек қана алтын-күміс емес. Тек қана інжу-маржан емес. Арасында – қоспа да, тас-топырақ та бар.
Бірақ автордай өмір үшін күрескендер – кісіліктің, тұлғалықтың, ізгіліктің қорғаны. Сэлинджердің жар түбінде ойнап жүрген балаларды құлап бара жатқанда қағып алып тұрған кейіпкері тәрізді.
Олар – кісілікті құтқарушылар.
Азап пен бейнеттен жүрегі қатқандарды жібітушілер.
Яғни ізгілікті жақтаушылар.
Бар бейнетті көтере алатын бір-ақ күш бар. Ол – махаббат күші.
Демек, махаббат – дүние тірегі.
Ержан – Гауһар.
Немат аға – Қуаныш ана.
Сосын, ұрпақтары – Мұхит, Қайрат және үзілмеген үміттер – немерелер, шөберелер, неменелер... аңыздар, ертегілер, шежірелер.
Мың да бір махаббат үстемдік құрған Жер беті, адамгершілік алдында тізе бүккен адамзат әлемі.
Кісілік туы жығылмасын.
Кісілік туы жығылмасын.
Өмірдің кепілі. Өлімнің тізгіні.
Дидар АМАНТАЙ