Соңынан осындай тылсым мен жұмбақ ерткен әйгілі италиялық суретші Джованни Браголиннің «Баланың көз жасы» (The crying boy) картинасының «тағдырын» жоғарыда келтірген тұжырымдардың қай-қайсысымен де байланыстыруға, ортақ ұқсастық табуға болады. Әйтсе де, бұл шығармаға тиесілі аянышты тағдырдың тамыры кейбір сәтте қарғыс, көз жасы деген қазақы тыйыммен астасатындай көрінеді. Расымен де, қазақта «көз жасы жібермепті...», «қарғысына қалды» деген ауыр сөз бар. Біреуге қиянат жасап, көз жасына қалғанда үлкендердің осылай айтып жатқанын талай естідік. Тыйымның құлаққа сіңіп қалғаны соншалық, кез келген адам шамасының келгенінше ешбір жанға қиянатын тигізбеуге, барынша ізгілікке жақын өмір сүруге тырысады.
Ал есімі жаһанға мәшһүр атақты италиялық қылқалам шебері Джованни Браголин шығармашылық әлемнің қызығына шырмалып жүріп осы бір күллі адамзатқа ортақ «обал» ұғымын ескеруді есінен шығарып алса керек. Өлмейтін өнер тудыруды армандаған суретші аяушылық пен үрейді ұмытады. Туған баласын отпен қорқытып, қасақана жылатып, соңында ұлының қарғысына қалады.
Джованни Браголин – Италия мен Испания елдеріне ортақ талант. Венеция қаласында туғанымен, негізгі шығармашылығы испан жерінде өмірге келгендіктен, кейбір сәтте суретшіні испаниялық деп те атап қалады. Шын есімі – Бруно Амадио. Бірақ көпшілік қауым өнер иесін Джованни Браголин деген бүркеншік атпен таниды. Қылқалам иесі негізінен өз туындыларына сәби көңілдің күлу, жылау, мұңаю, қуану сынды шынайы сезімдерін арқау еткен. «Баланың көз жасы» – қылқалам шеберінің алғашқы тәжірибесі емес. Бұл картинаға дейін де автор «Сыған циклі» аталымындағы суреттер топтамасын өмірге әкелген болатын. Бір қызығы – циклдің атауы айтып тұрғандай, топтамаға енген суреттердің барлығын бірдей сыған сәбилері құрамайды. Мазмұны аралас. Сонысына қарамастан, автордың аталмыш топтаманы неге бұлай атағаны күні бүгінге дейін беймәлім. Әйтсе де, Браголиннің «Сыған цикліне» енген жылаған баланың 20 түрлі бейнесі бедерленген картиналары бір төбе де, «Баланың көз жасы» туындысы өз алдына бір төбе. Себебі бұл шығарманың көркемдік деңгейі де, тағдыры да, соңынан ерткен жұмбағы мен тылсымы, атағы да суретшінің өзге еңбектеріне ұқсамайды.
Браголин қолтаңбасына тән әйгілі туынды қандай шынайы болса, дәл сондай деңгейде тылсым мен шудың да арқауына айналды. Талай дақпыртты әңгіменің тууына себепкер болған картина 1973 жылы өмірге келеді. Атауы айтып тұрғандай, бұл шығармада көз жасына ерік берген баланың көңілсіз келбеті бейнеленген. Суреттің шынайы шыққаны сондай, бөбектің мұң мен үрейге толы жүзіне қараған жүректі жан елжіремей өтпейді. Өнердің мұндай шарықтауына шығу картина авторына тіпті де оңайға түскен жоқ. Туған баласын туындысы жолында құрбан етіп жіберген әке сәбиінің өнер бейнесіндегі ғұмырын мәңгілік еткенімен, өмір белесіндегі дәм-тұзын ерте тауысты. Ол әрекетін, дұрысы, қатыгездігін автор кезінде өзінің жақын танысына ашық әңгімелеп береді.
Шебердің «Баланың көз жасы» картинасына келудегі әуелгі мұраты – жылаған балдырғанның көңіл-күйін кенепке түсіру болады да, соның әсерімен нендей құрбандыққа да көзін жұма келіседі. Суретші кейіпкерін алыстан іздемейді. Таңдауы сол кезде шамамен 4-5 жастағы туған ұлына түседі. Өнердің шынайылықты қаншалықты қажет ететінін сәби көңіл қайдан ұқсын, әкесі бұйырған сәтте өз еркімен жылай алмай қатты қиналады. Діттегеніне жетпей тынбайтын суретші баласын жылатудың бар амалын қарастырады. Ұлының ес білгеннен оттан қатты қорқатынын білетін әке шырпыны мақсатты түрде баласының бетіне тақап тұтататын болған. Әлбетте балдырған қатты шошынады, жылайды. Суретшінің күткені де осы сәт, дереу қылқаламын қамдайды. Бала жылауын қойса, ақыл-ойы бояумен бұғауланған әке ессіз тірлігін қайта бастайды. Ал балдырған үшін күн сайынғы әкесінің сурет салуға дайындығы өліммен пара-пар үрейге ұласады. Ол қорқыныш келе-келе баланы психикалық ауруға дейін алып барады. Жалыннан қорыққаны соншалық, балдырған уақыт өте келе тіпті дәрменсіз күйге түседі. Бірақ суретші сонда да алған бетінен қайтпайды. Қарсыласқанына қарамастан, бауыр етін қинап, жасқа толған жанарын мөлтілдетіп қойып жұмысын жалғастыра береді. Төзе-төзе төзімі түгесілген бөбек ақыр соңында туғаны тарапынан жасалған мұндай азапқа шыдамай: «Осы оттай болып сен де жанып кет!» деп жан дауысымен айғай салады. Бұл – әкесінің аяусыздығы арқылы өнерді өлердей жек көріп кеткен баланың соңғы шырылы еді. Осы оқиғадан кейін арада көп уақыт өтпей қорқыныштан жүйкесі зақымданған сәби өкпесіне суық тиіп, бақилық болады. Баланың айлар бойы толассыз төгілген көз жасы да шеберді айналып өтпейді. Періштенің қарғысы иесін табады. Арада бір айға жетпейтін уақытта суретшінің өзі де үйімен бірге от құшағына оранады. Бір-ақ сәтте күлге айналған үйіндінің ортасында жалғыз-ақ көз жасымен салынған картина ғана аман қалады.
Не құдірет екен, содан кейін де талай жалынға шарпылған суретке ешбір өрт дарымайтын болған. Сурет төңірегіндегі бұл дақпырт, әсіресе 1985 жылдың орта шенінде Ұлыбританияда қыза түсті. The Sun газетінде жарияланған ерлі-зайыпты Мей мен Рона Халл есімді жұптың сұхбатынан басталған шулы әңгіме үлкен қоғамдық пікірталасқа ұласады. Газет редакциясына жолданған хаттардың барлығында тән ортақ мазмұн: аталмыш картинаның көшірмесін арнайы сатып алған немесе сыйлыққа алған адамның қай-қайсының да үйі белгісіз жағдайда отқа оранып, өртенген мүліктің ортасында тек «Баланың көз жасы» туындысына ғана ноқаттай залал келмейді. Тура осындай жағдай бір емес, бірнеше жерде айна-қатесіз қайталанады. Дүние-мүлікті жайпаған от, адам өмірін де жалмайды. Алапат өрттің арасынан қандай да бір құдіреттің арқасында әлгі картина ғана аман қалып отырған. Осыдан кейін туынды төңірегінде небір мистикалық әңгімелер жүреді. Жанбайтын картинаның жұмбағын өрт сөндірушілер де растайды. Осындай тылсым да қайғылы жағдайды басынан кешкен Солтүстік Англия тұрғындары Джованни Браголиннің ерекше туындысына «қарғыс атқан картина» деген қосалқы атты қоса тіркейді. Содан бастап бұл суреттің ізінен ерген аңыз күні бүгінге дейін бір сәт те толастап көрген емес. Әсіресе ағылшындар Браголин шедевріне шошына қарап, аталмыш картинадан барынша алшақ жүруге тырысады. Міне туындыға тамған періштенің көз жасы қатыгездікке қарсы өз «қарымтасын» осылайша қайтарып жатыр-мыс...
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»