Қазақстан • 06 Сәуір, 2018

Дулат Исабеков. Құнарлы тілімізді қолдан шұбарламайық

6716 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атам қазақ атамзаманнан бері өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын талай-талай саңылаусыздарды көре-көре күйінгеннен осындай қарғыспен үндес мақал шығарған болуы керек. Қазақ журналистикасында, әсіресе, тележурналистеріміздің арасында тіл білмеушілік, идиомдық сөздер мен ғасырлар бойы қалыптасқан фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдерді бұзып-жарып айтатын жас­тар көбейіп бара жатыр. 

Дулат Исабеков. Құнарлы тілімізді қолдан шұбарламайық

Әуелгіде, «жеке бір адамның білместігі шығар, басқа журналистер оны түзеп айтатын шығар деп көпке дейін «ұсақ-түйекке мән бермейінші» деген оймен сабыр сақтап келіп едім. Сабырдың да шегі болады екен. Өйткені тіл бұзушылық күннен-күнге етек алып, бұл білместік жазылмайтын кесірге айнала бас­тады. Кейбір тіл білетін мамандар «олай емес, былай» деп айтып жатады, бірақ, оны елеп, қорытынды шығарып, түзеліп жатқан журналистер жоқ. Жай журналис­тер біле бермейтін шығар, жөн біледі, тіл біледі, жұрт пікірімен санасуға тиіс бас редакторлар, оның орынбасарлары бар емес пе, солар қайда қарайды, неге тіл білместерді жөнге салмайды? Әлде, олар да «білместерден» алысқа ұзай қоймаған ба? Айталық, қазақта «Бұғат» және «Бұғақ» деген сөздер бар. Тамның төбесіне жабылған жабынды мен қабырғаның қосылған жерін «Бұғат» дейді. Ал бұғақ, бұ­ғалық – асаудың мойнына салатын қыл арқан. «Бұғалық түскен асаудай, жұлқынып үзіп қаша алмай, басымды ғана шайқаймын», Қартайдым міне, қартайдым» (Нартай ақын). Коррупция деген бәле өршіңкіреп тұрған біздің қоғамда екі күннің бірінде олардың бір-екеуі қылмыс үстінде тұтқындалып жатады. Солар жайлы хабар бергенде біздің журналистер қымсынбай: «Олардың дүние-мүліктері «бұғатталды» деп қарап отырады. «Бұғатталды» емес, «бұғақталды!» Тамның бұғат ағашы мен жабындының бұл жерге қандай қатысы бар? «Ол қылмыс үстінде ұсталып, түрмеге тоғытылды» дейді біздің тілшілеріміз бен дикторларымыз. Бір адам түрмеге тоғытылмайды, қамалады. Қылмыскерлер саны көп болған жағдайда, онда да, кекесінді түрде «тоғытылды» деп айтуға болар, ал, жеке адам жайлы қазақ олай айтпайды, және бұл етістік адамға арнап айтылмайды. Қой күпке (купка) тоғытылады. Соған қарағанда, біздің журналистеріміз жазға салым, қырқын науқаны біткенде қойларды керолины бар суға қора-қорасымен тоғытып алатынын көрмеген де, естімеген де болғаны-ау!

Күпке (купкаға) адамды тоғыт­пайды, малды тоғытады.

Атамзаманнан келе жатқан мақал-мә­телдерді де бұзып-жарып айту әдетке айналып барады. «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды...» дейтін болды біздің тіл бұзарлар. Дұрысы – «Сенген өгізім сен болсаң...» ғой. Бір шаруаның төрт-бес қойы бопты. Оған бір білгіш келіп: «Төрт-бес қойдан саған не пайда? Одан да өгізге айырбаста. Көктемде жер жыртып, бидай ексең, бір жылда бес қойың он қойға айналып, қыруар пайдаға кенелесің» деген сөзіне шаруа байғұс елігіп, бес қойын бір өгізге айырбастап жіберіпті. Көктем шыққан соң шаруа өгізін соқаға жегіп, жер айдауға білек сыбана кіріседі ғой. Өзіне тиесілі жерді төрт-бес айналған соң өгізі құрғыр жатып қапты. Сол жатқаннан мол жатады. Шаруа ұрады, мүйізінен сүйрейді, құйрығынан тартады. Өгізі тұрайын демейді. Көзі мөлиіп, күйсеп жата беріпті. Өгізінің тұруға әрекет те жасамай бейғам жатқанына күйіп кеткен шаруа, ашуға басып: «Сенген өгізім сен болсаң, күйсеген нақ аузыңды!»... – деп боқтаған екен. Журналистер жиі қолданып жүргендей «Сенген қойым...» емес. Бір қойға қандай сенім артуға болады? Сенсең өгізге сенесің, қойға емес.

Соңғы кездерде «жұмыс жасау» деген тіркес белең алып, тілдік нормаға айналып бара жатыр. Адам жұмыс жасамайды, жұмыс істейді. Өткен-кеткен ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін соңғы 15-20 жылға дейінгі үлгілерінің бірде бірінен «жұмыс жасайды» деген тіркесті кез­дестіре алмайсыз. Бәрінде де «жұмыс істейді» деп алынады. Алла балшықтан адам жасайды, жоқтан бар жасайды, балалар пластелиннен қой жасайды, түйе жасайды, ат жасайды, есек жасайды т.т. Ал адам жұмыс жасай алмайды, жұмыс істейді. Жұмыс жасау оның қолынан келмейді, оның қолынан жұмыс істеу ғана келеді. Сондықтан атамзаманнан бері тұрақты сөз тіркесіне айналған «жұмыс істеуді» «жұмыс жасау» деп мағыналық алшақтықты қолдан жасаудың қажеті жоқ. «Сүттен ақ, судан таза» деген тұрақты сөз тіркесін де «судан ақ, сүттен таза» деп салдыр-салақ қолдана салатындар да жиі кездесіп қалып жүр.

 келетін қасиетті бір сөз бар, ол – Алла. Көпшілігіміз қазір Аллаһ деп айтып жүрміз. Мұндағы «һ» әрпі қайдан қосылып жүр? Рас, арабша айтылуы «Аллаһ» шығар, бірақ, қазақ даласына ислам діні енгеннен бермен қарай исі қазақ «Аллаһ» емес, «Алла» деп келген жоқ па? Оған күдік келтірсеңіз тағы да ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің барлық түрін ойша шолып көріңіз. Олардың бір де бірінен «Аллаһ» деген сөзді кездестіре алмаймыз, бәрінде де Алла! «Адамның басы – Алланың добы» дейміз ғой, Аллаһтың емес. Шет тілден енген сөздер мен атаулардың бәрі сол сөздерді қабылдаған елдің айту нормаларына сәйкес келуі керек. Иисусты – Иса дейміз, Давидті – Дәуіт дейміз, Буддаға табынуды Пұтқа табыну дейміз, Томиристі – Тұмар дейміз т.с.с.

«Түйені жел шайқаса – ешкіні аспаннан көр» деген мәтелді де әр кім әртүрлі жаза бастады. Біреулер түйенің орнына атты қояды, әйтеуір түйеден жеңіл-ау деген үй жануарларының бірін қоя салады.

Тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді қалай болса солай пайдаланып жүргені тіл біледі деген ақын-жазушылардың да шығар­маларында кездесіп қалып жүр. Олардың бәріне бірдей тоқтала беру мүмкін емес. Мен күнделікті өмірде жиі кездесетін тіл бұзушылықтың ең өзекті, айтпасқа болмай бара жатқан орашолақтықтарына ғана тоқталып отырмын. Әдетке айналып бара жатқан тіл бұзушылықтың өрісі бұдан да кеңейіп, оның соңы жалпыұлттық кеселге айналып кетпесе екен деген қауіппен еліміздің бас газеті арқылы дабыл қағуыма тура келді.

Тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді бұзбайық, сөздің мәнін жоғалтпайық, жазсақ біліп барып жазайық.

Ұлт болу үшін тілімізді тү­зе­йік,­ құнарлы тілімізді қолдан шұ­бар­ламайық. «Дүмше молда дін бұзар, дүмше тілші тіл бұзардың» кеселіне шалдықпайық. Тіл шұбарлығы жайлы Лев Толстой бізден гөрі қаталдау пікір айтқан екен. «Общаться языком кое-как – значить и мыслить кое-как» («Тілі шаланың ойы да шала»).

Білгеннің тілін алудан арланбайық.

Дулат ИСАБЕКОВ, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты