Әдебиет • 06 Сәуір, 2018

Нұрғали Ораз. Шапалақ

1109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тамада жігіт тойдағы елді әбден мезі етіп, қайта-қайта шапалақ сұраумен болды.

Нұрғали Ораз. Шапалақ

«Оу, ағайын, шапалақ қайда, шапа­лақ?!».

«Қане, тағы да, тағы да бір ду қол соғып, қошемет көрсетіп қойыңыздар!»

«Үйбай-ау, бүгін сіздерге не болған? Күні бойы тамақ ішпегенсіздер ме, немене?! Ал қане, бір, екі, үш! Шапалақ!»

Кенет...

Ақ жаулығы қарқарадай боп төрде отырған бір апамыз басын шайқап: «Ту-үһ, мына заржақтың өзін қазір шапалақпен тарты-ып, тарты-ып жіберер ме еді!» деді шам­данып.

Осы сәтте менің ойыма жазушы аға­мыз­дың бір сөзі оралды.

...Саябақтағы тарам-тарам троту­арлардың бірімен аяңдап келе жатқан бола­тынбыз. Кенет кешегі әдеби газетте әңгімесі жа­рияланған бір жас жігіт қарсы алдымыздан кезіге кетті.

Өзі ептеп қызыңқырап алған сияқты. Жа­зушы ағама қарап басын әнтек шал­қай­тып:

– Қалай, менің әңгімемді оқыдыңыз ба? –деді.

– Ә, иә... айналайын, оқылатын дүние болса, оқимыз ғой, –деп жазушы оған қатқылдау жауап қатты да, аялдамай жүре берді.

– Жақсы онда!..

 Жас қаламгер басын сәл иіп, «сізде басқа шаруам жоқ еді» дегендей қалып танытты. Бірақ оның үнінде, жүріс-тұрысында лезде бір «өкпе» пайда бола қалғаны анық сезілді.

Жазушы басын шайқап, салқын ғана езу тартып: «Жақсы дүниені жұрттың өзі-ақ оқып шығады. Ал содан соң, пікір білдіруге асығып, бейіл танытып тұрады, – деді өзімен-өзі сөйлескендей күбірлеп. – Ал енді, ұнамаған дүниеге сөз жоқ...». 

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»