Қаратөбенің қияндағы Қалдығайты ауылында туып-өскен Рафхат фото әлемімен алғаш 11 жасында танысыпты. 4 сыныптың оқушысы әкесі сатып алып берген «Смена-8» фотоаппаратын қолына алып, әлемді объектив ішінен көруді дағдыға айналдырғалы бері қайталанбас қанша сәт таспаға таңбаланды десеңізші. Бүгінде уақыт мүжіп, тамтығы ғана қалған ХІХ ғасыр ескерткіші – Жұмыр-Сасық мазарының отыз жыл бұрынғы оңдылау көрінісін хаттап қалған да – Рафхат.
Рафхаттың өз өнеріне адалдығы керемет. Әу бастан-ақ ол фотосуретшілікті кәсіп емес, өнер деп қабылдаған сияқты. Әйтпесе өтпелі кезеңнің сынағы талай жанды тентіретіп жібергені, өнер бір жақта, өмір бір жақта қалғаны рас қой. Рафхат болса «Сменасын» әскерде де қолынан тастамапты. Сәтті кадрінің сипаттамасын екі-үш ауыз сөзбен қағазға түсіріп беретін қабілеті редакциялардың да көңілінен шықты. Сөйтіп әуелі түсірген суреті топқа кірген Рафхат көп кешікпей өзі де Оралға келіп, үлкен ортаға араласты.
Расы керек, ХХ ғасырдың соңғы жылдары Оралда кәсіби фотографтардың дені өзге ұлт өкілдері еді. Фотография – ақсүйек өнер саналатын. Қандас фотосуретшілер көбіне той-томалақтың айналасында жүретін. Осы кезде Оралдың фотоэлитасына ауылдан келген ақжүрек Рафхат қосылды. Сол бір өзін-өзі дәлелдеу, сынақ жылдары жолын ашқан, көмек көрсеткен, қолдау білдірген жандарды кейіпкеріміз әлі күнге аузынан тастамайды.
– Ең алғаш қымбат бағалы кәсіпқой фотоаспапты Алматыда «Арыс» қорының президенті, белгілі ғалым Ғарифолла Әнес сыйға тартқанда төбем көкке бір елі жетпей қалды! – дейді ол. Ал 2000 жылы Рафхат Халеловтің «Жаңа ғасыр – жаңа дәуір» фотокөрмесіне келген сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаев керемет суреттердің көнетоз, әртүрлі рама-жақтауда тұрғанын көріп, жергілікті депутаттар мен кәсіпкерлерге: «Рафхатқа көмектессеңдер қайтеді?!» депті. Әкімнің осынау бір ауыз сөзі әжептәуір қолдау болған.
Рафхат Халелов күнделікті саяси-мәдени өмірдің сорпасында қайнап жүрсе де мәңгілік өнер миссиясын ұмытпайды. Өмірдің өлмес сәттерінен тұратын фотосуреттерден жиі-жиі көрме жасайды. Рафхаттың фотокөрмелері бұған дейін Орал қаласында бірнеше мәрте ұйымдастырылса, одан бөлек Қазақстан, Қытай, Ресей қалаларында 15 мәрте жеке көрмесі өтіпті. Қазақстанның халық ақыны Қадыр Мырза Әліге арналған жеке көрмесін де Астана, Алматы, Орал қалаларында қызыға тамашалаушы көп болды.
Міне, Рафхаттың «Ұлы даладан ескен самал жел» атты жаңа бір көшпелі көрмесі оралдықтардың көзайымына айналып үлгерді. Орал қалалық көрме үйіндегі 70 сурет кейін қала мектептерін аралап кетпек. Сынаптай сырғып өтіп жатқан өмірдің әр сәтінің құнын ұқтыратын құнды жұмыстардың авторы фотоаппаратын сыртылдатып, арамызда жүр. Аман болсын, асыл азамат!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ