Басқосу барлық мүдделі тараптар арасында балалардың құқықтарын толық іске асыру мен отбасыларға көмек көрсетудің өзекті мәселелері төңірегінде өрбіді. Өткен жылы елімізде 154 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, жыл басынан бері 25 бала өмірін қиған. Дегенмен зерттеушілер соңғы уақыттары суицид деректері едәуір азайғанын айтады. Бұл тұрғыда жасөспірімдер суицидінің алдын алу мақсатында арнайы жоба әзірленген еді. Соның нәтижесінде қыршын ғұмырын қиюға асыққандардың саны 35 пайызға азайған.
«TEENS – қолжетімді және сапалы көмек» жобасының аясында былтырғы жылы халықаралық сарапшылармен бірге мектеп мамандарының біліктілігін арттыру үшін арнайы бағдарлама дайындалған. Шара барысында «Ата-аналардың топтарын басқару және жасөспірімдермен жұмыс» бағдарламасының таныстырылымы өтті. Сонымен бірге аталған бағдарлама енген Алматы қаласындағы 15 мектептің базасындағы апробацияның нәтижесі айтылды. Конференцияда ашық конкурс негізінде іріктеліп алынған Білім және ғылым министрлігі, UNICEF, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері, жергілікті білім басқармасының, ЖОО-ның мамандары, халықаралық сарапшылар өз ойларын ортаға салды.
«Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деп дана халқымыз айтқандай, бүгінгі күн жастарын жетілген азамат етіп тәрбиелеу отбасылардың жауапкершілігін тағы да арттыра түсуде. Себебі балаға саналылықтың сипаты ол өмірге келген күннен бастап сол отбасында бойына сіңеді. Кейіннен мектеп, қоршаған орта және қоғамдағы болып жатқан әртүрлі жағдайлардың әсерімен қалыптасады. Біздің халқымыз үшін бала тәрбиесі бір ғана отбасының, не балабақшаның немесе мектептің жеке ісі ғана емес, ол бүкіл зиялы қауымның, бүкіл қоғам шұғылданатын ұлағатты істің тұтас бір кешеніне айналып отыр. Елбасымыз айтқандай, «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция», сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру үшін ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының рөлін басты назарда ұстауымыз қажет», дейді Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілі Айзат Сахова.
Шарада барлық тараптар қазіргі заманғы мектептегі оқыту мен тәрбиелеудің өзекті мәселелерін талқылап, мектеп мамандарының біліктілігін көтерудің инновациялық бағдарламасы туралы тәжірибе алмасты. Мектептердегі тәрбиелеудің әдеттегі тәжірибесін өзгертетін заманауи тәсілдерді енгізу бойынша ұсынымдар кешені әзірленіп, балалардың қылмыс, суицидтік мінез-құлық, ата-аналармен қарым-қатынас сияқты мәселелерін шешу жолдары сөз болды.
– Ата-ана жиналысқа келген кезде мұғалімнің немесе психологтің тарапынан өзінің баласы туралы ескертулер немесе басқа да шағымдар естімейді. Жоба керісінше ата-анаға көмек көрсету үшін жасалады. Ата-аналарға барынша ақпарат беру жұмыс істеу дағдыларын көтеруге ықпал етеді. Бүгінгі таңда бұл жоба Алматы қаласында ғана енгізіліп отыр. Болашақта оны Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Bilim Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетов.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ