Аймақтар • 06 Сәуір, 2018

Оңтүстікте айына 350 тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорынға шикізат қажет

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында қағаз қалдықтарынан картон шығаратын кәсіпорын жұмысы жандана түсуде. Алайда кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қағаз қалдықтары, яғни макулатура қажет.

Оңтүстікте айына 350 тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорынға шикізат қажет

«Оңтүстік» индустриялды аймағында 2016 жылы жылы іске қосылған, картон шығаратын «Бумпром» ЖШС бүгінде қажетті шикізатті Қызылорда, Алматыдан тасымалдап,  облыс бойынша жинауда. Кәсіпорын басшысының орынбасары Серік Ташназаровтың айтуынша, өндіріске қажетті қағаз қалдықтарының бір келісі 40 теңгеден сатып алынады. Көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстанда өңделетін қағазға қажеттілік жоғары. Сондықтан да оңтүстік өңірлердегі қағаз қалдықтарын көрші ел кәсіпкерлері көптеп сатып алуда. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өзбекстандық кәсіпкерлер макулатураның бір келісінің бағасын 60 теңгеге дейін көтеріп жіберген.

Айта кетелік, қағаз қалдықтарын өңдеу мақсатындағы жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Кәсіпорын жылына 4 мың, ал айына 350 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Қытайлық мамандардың арнайы оқытуынан өткен 30 адам жұмыс істейді. Зауыт өнімдеріне сұраныс мол. Әсіресе, тапсырыстар Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарынан жиі түседі екен. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жөнелту жоспарланып отыр. Кәсіпорын басшылығы шикізаттың бағасы күннен күнге өсіп жатқандықтан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына қағаз қалдықтарын шетелге шығаруға шектеу қажеттігі жөнінде ұсыныс жолдапты.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.