Мен Елбасының бұл игі бастамасын жастардың жоғары білім алудағы ашықтығы мен жоғары сапасына қарай, сондай-ақ техникалық білімнің қарыштап дамуы тұрғысынан қолдаймын. Ондағы жыл сайынғы бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грантты және оның 11 мыңын техникалық мамандықтарға қарай бөлуі техникалық білім беретін жоғары оқу орындарын мемлекет тарапынан шын мәніндегі қомақты қолдау деп түсінген жөн.
Қазіргі таңдағы төртінші өнеркәсіптік жаңғыру жағдайында техникалық мамандарды даярлау, оның ішінде ақпараттық технология айдынында роботтандыру саласының, сондай-ақ нанотехнологиялар дәуірінің салтанат құруы мемлекетіміздің стратегиялық міндеттері болып табылады. Бұл мемлекетіміздің жаңа әлемдегі бәсекеге қабілетті болуына, болашақтағы қазақстандық экономиканың қуатты ресурстарына айналатын мыңдаған мамандарды даярлауға үлкен мүмкіндік ашпақ. Сонымен бірге Елбасының бұл бастамасының арқасында белгілі бір деңгейде студенттеріміздің шетелге оқуға бармай-ақ отандық білімнің өзімен біршама биіктерді бағындыруына жағдай туғызбақ. Осы арқылы еліміздегі жоғары оқу орындарының жұмысына жаңа серпін беріліп, білім сапасының жақсаруына, оқытушылардың біліктілігін арттыру мен материалдық-техникалық базаның күшеюі сияқты тетіктер жаңа кезеңге өтеді. Сәйкесінше, грант иегері, болашақ студент те отандық оқу орындарын ойланбай таңдайтын болады. Оған сондай-ақ жоғары оқу орындарына дейінгі орта білім беретін білім ошақтары да өз үлестерін қосуы керек.
Әли ӘБІШЕВ,
Атырау мұнай және газ университетінің ректоры
АТЫРАУ