Сарапшылар мен министрліктер өкілдері Академия әзірлеген бағдарлама жобасына ұсыныстар беріп, түзетулер енгізді.
Білім және ғылым министрліктері мақұлдаған жағдайда, Академия ортақ оқулықты әзірлей бастайды.
Ортақ оқулықты шығару мақсатында ой алмасу үшін бүгін Түркі кеңесіне мүше - Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің әдебиетші мамандары, БҒМ өкілдері мен Академияның сарапшылары Астанада бас қосты.
Жиында сөз бастаған Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) президенті Дархан Қыдырәлі бүгін оқулықтың өзі емес, бағдарламасы талқыланатынын атап өтті.
«2015 жылы осында өткен Саммит кезінде оқулықтың концепциясы қабылданды. Оған үлкен түрколог ғалымдар, әдебиет институтының директорлары қатысқан еді. ҚР БҒМ-де осы концепцияны мақұлдады. 2016 жылы біз Баку түркологиялық конгресінің 90 жылдығына орай өткізілген үлкен жиында түркі әлемінің үлкен ғалымдарымен пікір алмастық. 2017 жылы осы оқулықтардың бағдарламаларын тараптарға жібердік. Қазірге дейін Түркиядан осыған байланысты пікір келгенімен, басқа елдерден нақты ұсыныс білдірген жоқ. Ұсынысты осы жерде отырып, айтады деген үміттеміз», - деген TWESCO басшысы Түркі кеңесіне мүше елдердің өкілдеріне сөз берді.
Өз кезегінде Әзербайжаннан мемлекеттік педагогикалық университтің доценті Біләл Хасанов, Қырғызстан тарапынан Халықаралық қырғыз-түрік «Манас» университеті Шығыс тілдері бөлімінің меңгерушісі Османакун Ибраимов, Түркиядан Ұлттық білім беру министрлігі Еуропа Одағы және сыртқы байланыстар департаментінің директоры Ильхан Аксой, Қазақстан тарапынан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім институты директорының орынбасары Қайыржан Рахымжанов жобаға бірауыздан қолдау білдіретіндерін жеткізді.
«Ортақ түркі әдебиеті оқулығына қатысты жаңалыққа өте қуаныштымыз. Бұл біздің алға қарай бір қадам басқанымыздың бір көрсеткіші. Оқулық бағдарламасында түркі халықтарының рухани, саяси, тарихи бірлігі өте терең көрсетілген. Оқулықтың бағыты дұрыс. Ортақ түркі әдебиеті негізі дәстүрлі әдебиетімізден басталған. Ауыз әдебиеті үлгілері қойылып, жазба ескерткіштеріміз және түркі халықтарының әдеби-көркем туындылары да танытылған. Әзербайжан Білім министрлігінің де бұл оқулықты қолдап отырғанын айтқым келеді», - деді Біләл Хасанов.
Жиын барысында Түркі кеңесіне мүше елдердің барлық өкілдері «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығын шығаруды толығымен қолдайтындарын жеткізді.
Кездесуде Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) әзірлеген түркі әлеміне ортақ тарих оқулығы мектеп бағдарламасына таңдамалы пән ретінде енгізілгені белгілі болды.
«Мемлекет басшыларымыздың тапсырмасы бойынша біз Халықаралық Түркі академиясы бірнеше жобаны қолға алғанбыз. Соның бірі - «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығы. Отырысты бастамай тұрып сіздермен бір жақсы хабарды бөліскім келіп отыр. Таяуда ғана түркі әлеміне ортақ тарих оқулығын әзірлеп біткенбіз. Түркия Білім министрлігінен бізге хат келді. Түркия Білім министрлігі біз дайындаған оқулықты Түркияда таңдаулы пән ретінде биылдан бастап кіргізіп отыр екен», - деді TWESCO басшысы. Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Халықаралық Түркі академиясы үшін бұл зор қуаныш. «Аталмыш оқулық Қазақстандағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқытыла бастаған. Ендігі кезекте Түркия мектептеріне де енгізіліп отыр. Біздің пайымдауымызша, Саммитте (Түркі тілдес елдердің саммиті - авт.) шешім қабылданған жағдайда Қырғызстан, Әзербайжан және Қазақстандағы барлық мектептерге осы Академия әзірлеген оқулық енгізілетін болады деген үміттеміз», - деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кетсек, Бейбітшілік және Келісім сарайында өтіп жатқан ортақ оқулықты талқылау жиынына бірнеше түркі тілдес елдердің өкілдері қатысып отыр. Атап айтқанда, ортақ оқулықты талқылау үшін Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университеттің доценті Біләл Хасанов, Қырғыз Республикасы ҰҒА мүшесі, Халықаралық қырғыз-түрік «Манас» университеті Шығыс тілдері бөлімінің меңгерушісі Османакун Ибраимов, Түркия Республикасы Ұлттық білім беру министрлігі Еуропа Одағы және сыртқы байланыстар департаментінің директоры Ильхан Аксой келген.