1979 жыл. Мәскеуде Композиторлар одағының съезі өтіп жатыр. Кешкі ас үстінде Еркеғали Рахмадиев мені шақырып алып «Гауһартасты» кім шығарды, білесің бе?», деді. Тыңдаған концерттерге, жалпы съезге бұл сұрақтың қандай қатысы барын түсінбедім. «Гауһартастың» авторы Сегіз сері. Алматыға барған соң сұра, іздестір», деді. «Мен музыка зерттеуші емеспін ғой, соларға неге айтпайсыз?» деп едім, «Олар не білуші еді» деп қолын бір сілтеді. Әрине халық әні делініп жүрген әр шығарманың негізінде нақтылы автор тұрғаны түсінікті, бірақ Еркеғали әкей неге бұл аманатты маған жүктегенін түсінбедім. Дегенмен Сегіз сері туралы мәлімет іздей бастадым.
Арада біраз уақыт өтті. Тәуелсіздік туы тігілді, жасырын сырлар ашыла басталды, Алашорда ақталды. «Гауһартас» Сегіз серінің әні деп айтыла бастады, бірақ бәрі сонымен-ақ шектелді. 1998 жылы «Қазақ энциклопедиясын» шығару туралы Үкімет қаулысы шықты. Энциклопедияның бас редакторы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Қазыбек бек Тауасарұлы мен Сегіз сері сияқты жұмбақтар» басылымға кірмейді деп кесіп айтты. Қайран Сегіз бабам! Барлық қазақ әнін салатын Сегіз аты қоғам өмірінде аталмайтындай соншама не істеп еді деген ой маза бермей тарихқа үңілтті.
Тәуелсіздік алған соң қазақтың XVII-XVIII ғасырдағы өмірінің шымылдығы ашылып, қазақ-қалмақ соғысындағы батырлар аты, ерлігі бүгінгі ұрпақпен қауыша бастады. Ал келесі ХІХ ғасыр туралы не айтуға болады? Келімсектер кекетіп айтатын «қазақтың көп батыры» сарқылып қалған ба?
Қазақ тарихы бір-ақ мақсатқа толы, ол – тәуелсіз ел болу. ХІХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалыстың орталығы елдің батысына ауысады. Сырым Датұлы бастаған қозғалыстан бастап ХХ ғасырдың 16-жылғы дүрбелеңіне дейін қазақ жерінде талай толқу өткен. Есет Көтібарұлы басқарған соғыс, Бөкей төңкерісі, Адай қозғалысы, Кенесары жорықтары – бәрі бізге айтылмай жасырын қалған. Жасыра алмаған Исатай-Махамбет көтерілісінің өзі ұлт-азаттық қозғалыс делінбей, біз оқыған тарихта «шаруа соғысы» деп қана сипай қамшыланды. ХІХ ғасыр шайқастары да, оған қатысқан батырлар есімі де жасырын қалған. Мұхамед-Қанапия Бахрамұлы Шақшақовтың (Сегіз сері) аты аталмауы да бодан елдің бір қасіреті еді. Сөйтіп Сегіз сері бір жарым ғасыр бойы саясат құрбаны болып келді.
Ежелден қазақ музыкасы екі жолмен дамыды. Аспапта орындалатын дүниені «күй» деді, дауыспен айтатынды «ән» деді. Бүгінде де сол үрдіс жалғасып жатыр. Қорқыт, Кетбұға күйлері біздің оркестрлік туындылардың негізі десек, романс, хор, кантата Майқи би заманынан келе жатқан ән жалғасы. Қазақ жерінде музыка өнерінің ең шарықтаған кезеңі ХІХ ғасыр болды. Күй атасы Құрманғазы десек, ән атасы Сегіз сері деп санау керек. Сегіз сері шығарған дүниелер Ақан сері, Жаяу Мұсалардан бастап бүгінгі бізге дейін бүкіл кейінгі ұрпаққа көрсеткен бағыт, салып кеткен даңғыл жол болды. Әйгілі 16 әнді қазақ музыка өнеріндегі 16 шың дейміз.
Бүгінгі күнде сал-сері дегенде көз алдыңа үкілі бөрік киген, қолына домбыра ұстаған бейне келе қалады. Ал ХІХ ғасырдың ортасына дейін сал-серілердің негізгі аспабы қобыз болған. Сегіз сері де әнін қобыз сүйемелдеуімен айтқан. ХІХ ғасыр соңына қарай әншілік домбыра сүйемелдеуіне қарай көшіп, ал қобыз жеке орындаушылыққа шыққан. Себебі қобыз аспабын жасау қиын, қобызды меңгеру де қиын. Композитор дүниелеріндегі әуеннің қиылған иірімдері, мажорлық мақамы сияқты музыкалық элементтер Сегіз серінің қобыз орындаушылық дәстүрін жалғастырған Ықылас Дүкенұлы шығармашылығының да негізі болып келеді.
Композитор ретінде Сегіз серіні классикалық қазақ әнінің негізін қалаушы ретінде санаймыз. Олай дейтініміз, бүгінгі бізге жеткен қазақ әнінің музыкалық пішіні толайым Сегіз шығармашылығында қалыптасып, тұрақталған. Әлемдік музыка теориясына сүйене айтсақ, мұны екі бөлімді қарапайым форма дейді. 11 буынмен жазылған, екі мәрте қайталанатын музыкалық сөйлемнен тұратын басты шумақ және мүлдем ұқсамайтын, 5-6-7 буынмен шығарылған қайырмасы. Қазір бұл схема өз-өзінен түсінікті көргенімен, кезінде ән жанрына жаңашылдық болып кірген. Сегізден бұрын мұндай көлемді қайырма қолданылмаған.
Барлық синкретті өнер иелері сияқты, Сегіз әндерінің алғашқы орындаушысы өзі болды. Шығармаларын талдап отырып байқайтынымыз: сері атаның дауыс диапазоны мейлінше кең болған драмалық баритоннан драмалық тенорға дейін. Дем алу барысы да ауқымды. Мәселен, бейтаныс әншінің орындауында «Гауһартасты» тыңдаған кезде, әсіресе «сәулем-ау» деп ән әуені көтерілген кезде «әншінің демі жетпей қала ма, әлде дауысы жетпей қала ма» деген қауіп өз-өзінен пайда болып тұрады. Осы қасиеттер кейін шәкірттері Біржан сал, Жаяу Мұса шығармашылығында жалғасын тапқан.
Ел есінде тек өзіне тән ерекшелігі бар, шынайы дарын иелері сақталып, ел мақтанышы атанады.
Қазір не көп – ән көп, ән шығарушылар да көп, орындаушылар да көп. Айтылып ұмытылған ән, айтылмай жатып ұмытылған ән, оны орындаған ұмыт болған әнші, жанбай жатып сөніп қалған жұлдыздар... «Осындай да ән бола ма!?» деп ренжіген ата-апайларға айтарым «шыдай тұр, әрі кетсе бес жыл ішінде біржола жоққа шығады». Бұл жағдайдың себебі, авторлардың 99 пайызы техника жетістігін пайдаланған, білімі жоқ әуесқой. Әр әуесқой өз-өзіне деген сүйіспеншілігі мол, мүлдем сын көтермейтін өркөкірек.
Бүгінгі «қазақ әні» дегеннің бәрін қазақша қылып тұрған мәтіні. Әуенін басқа тілдегі мәтінмен айтса, сол елдің әні болып шыға келеді. Сүйемелдеу гармониясының да қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазақ әуезінің гармониясы домбыра-қобыз бұрауынан шығады, негізі кварта-квинта. Ал біз күнде естіп, құлақты жеп жүргеннің бәрі еуропалық минор аккордтарымен сүйемелденген, оның үстіне басым көпшілігі үш буынды вальс екпінімен жасалған әрі бір-бірінен судың екі тамшысындай айнымайды.
Бүгінгі секіріп, билеп айтылатын әннің бәрі эстрада сүйемелдеуінде жасалып, тек қана эстрада екпінімен тыңдала алады. Ал нағыз ән түрлі – эстрадалық, классикалық мәнерде болсын, оркестрлік әлде домбыра-қобыз сүйемелдеуінде, тіпті сүйемелдеусіз құр дауыспен айтқанда да өз құндылығын жоғалтпайды. Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса шығармаларының дені сондай.
Мәселенің мән-жайын терең зерттемей, білмей, шолақ пікір айтатындар қатары да баршылық. Маған «Ақерке» Сегіз серінің әні дегендер де болды. Мұхамед-Қанафия Кіші жүздің жиеншары екенін, талай жыл елдің батысында жүргенін бәріміз білеміз. Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқаны да жасырын емес. Сол тұста, бәлкім, замандастары Құрманғазы, Дәулеткерейлермен де қарым-қатынаста болған шығар. Батыс Қазақстан музыкасына қанық болғаны анық. Бірақ «Ақерке» де, «Жылы ой» да, «Япур-ай» да Сегіз серінің әні емес. Бұларда әуен құрылысы басқа, метро-ритмикасы өзгеше. Сегіз тек өзіне тән стилі нақтылы, мәнері анық автор. Әрине композитордың талай туындысы қолды болып кетті, бірақ оларды өзіндік авторлық стиліне сәйкес келген жерден іздеу керек. Бұл тиянақтылықты, табандылықты тілейтін ғалымдардың жұмысы. Ал бүгінгі күнде Қазақстанда өнертану ғылымы кенжелеп қалды деуге де келмейді, өнертану ғылымы мүлдем жоқ. «Олар не білуші еді» деп Рахмадиевтің қол сілтегенінен бері 40 жыл өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. Өзгелерді былай қойғанда, дипломында мамандығы «музыка зерттеуші» дегендердің өзі де композитор Сегіз серіден бейхабар.
«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді қазақ. ХХ ғасырда дүниеге келген қазақ академиялық музыкасы үшін Сегіз сері нағыз жақсы әке болды. Сегіз әндерінің негізінде опералық ариялар, концерттік хорлар жазылды, Сегіз әуендері симфониялық, камералық шығармалардың басты тақырыбы болып алынды. Кейде «сегіз қырлы, бір сырлы» деген мақал, бәлкім, Сегіз серінің атынан туындаған шығар деп те ойлаймын.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Н.Назарбаев былай деген: «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар». Алай ормандарында туып-өскен сондай перзенттің бірі – Сегіз сері. Сондықтан да ұлы композитордың 200 жылдық мерейтойын қасиетті Солтүстік Қазақстан жерінде бастап отырмыз. Бірақ Сегіз сері бүкіл қазақ мақтанышы, ұлттық асыл мұра. Кезінде Мұхамед-Қанапия Бахрамұлы өз бабасы Қожаберген Толыбайұлы, нағашысы Сырым Датұлынан қалған аманатты толық орындады, бар өмірін, жан-тәнін Қазақ елінің, Қазақ жерінің тәуелсіз мемлекет болуына арнады. Бабалар армандаған тәуелсіз мемлекетте өмір сүру бізге бұйырыпты, Сегіз серінің ән аманатын бүгінгі Алаш ұрпағына жеткізу – парызымыз.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК,
композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Композиторлар қауымдастығының төрайымы