Өнер • 09 Сәуір, 2018

Сәні келіскен сәукеле

1760 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәукеленің биіктігі 1,5 метр, ішкі жа­ғы­на 2 метр ақ сиса, сыр­тына 3 метр жар­қыраған ақ парша мата жұмсалыпты. Айна­ласы 400-дей інжу-маржан, лағыл сынды асыл тастармен көмкерілген. Ұзын­­дығы жерге жете­­тіндей төгілген ақ же­­леңі бар. «Ата­мұра» деп аталатын өнер жә­не мә­дениет орта­лы­ғын­да көзіміз бір­ден көр­ме бөлімінде бір бұрыш­ты алып тұрған аппақ сәуке­леге түсті.

Сәні келіскен сәукеле

– Бұл кереметті жасаған кім екен? – деп жатырмыз таңғалып.

– Қазынагүл деген апамыз бар, бұл сәукеле сол кісінің қолы­нан шыққан керемет, – деді орта­лық директоры Нұрсұлу Еркебайқызы.

Нұрсұлудың айтуынша, Қазынагүл Қылышбайқызы Қоян­ды ауылдық клубының мәде­ниет қызметкері. Ауылдағы «Кәу­сар» әжелер ансамблін бас­­қарады. Осы ансамбльдің мү­шелері Нәсипа Алтаева, Шол­­пан Тежекова, Гүлбағиран Қайырбай, Нәсіп Малыбай, Сұ­лу­шаш Құрманова 10 жылға жуық уақыттан бері ән салып, ою-өрнек ойып, жұртшылықты қол­өнерлерімен қызықтырып келеді. Былтыр кәусарлықтардың ұйымдастыруымен «Алтын оймақ» қолөнер көрмесі ұйым­дастырылыпты. Көрменің мақ­саты – халқымыздың ұлттық нақыштағы бұйымдарын заманға сай жаңа үлгіде көрсету. Осы орталықтағы көрмеде апа-әжелер жасаған қолөнер бұйымдары жинақталыпты. Тіпті әжелер әртүрлі кимешектер үлгісін жасап, «Кимешектер шеруін» де өткізіпті.

Мысалы, Гүлбағиран апай көрпеше, жастықшаларды жасап, тоқыма тоқиды, Қазынагүл апай фетрдан ою құрайды, осы матадан қыздарға арналған ұлттық нақыштағы заманауи қол сөмкелерін, қамзол, бас киім тігеді. Ал көрмеге қойылған осы бұйымдардың ішінде ерекше көзге түсетіні қазақ қыздарының сұлулығын паш ететін бас киім­дерінің бірі – сәукеле.

Қазынагүлдің сәукелені биік, көзге түсерліктей етіп жар­қы­ратып, әшекейлеп жасаудағы мақ­саты қыздарға өзге жұрттың емес, өзіміздің ұлттық бас киімді киіп ұзатылу керектігін еске салу еді. Сәуке­лені ұзатылған қыздар және оның жанына еріп жүретін құрбылары да киген. Негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Маңдай тұсы­на жібек шашақ тағады. Қыз­дарымызға сәукеленің ұлты­мыздың мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ре­тінде бағаланатын қастерлі дүние екенін ұқтыруды ойлаған. Қазынагүл сәукелені 3 ай бойы тігіп, жасап шығыпты.

–  Жалпы, «Атамұра» орталы­ғы 1993 жылы 16 желтоқсанда ашыл­­ды. Мақсаты – ұмытылып ба­ра жатқан салт-дәстүрлер, та­рих пен мәдениет, тілімізді, ұлт­тық өнерімізді насихаттау. Мы­­­­салы, «Ғасырлар сарыны», «Жі­гіт сұлтаны», «Қазақтың келін­дері-ай», «Киелі кимешек», «Әу­жар», «Тұсау­кесер», «Селт еткі­зер», «Ауыл­дағы той» рухани-мә­­де­ни шараларын өткіздік. Ор­та­лық­та «Ақсақалдар әділ-қазы­лығы» қоғамдық бірлестігі, «Жұл­­дыз» вокалдық үйірмесі, «Жас толқын» ақындар мектебі, «Ша­быт» әдеби бірлестігі, «Қы­ран», «Гүлзар», «Атамұра» фоль­клорлық-этнографиялық ұлт-аспаптар ансамблі бар. Орта­лыққа қаланың 16 ауылдық клубы қарайды. Барлық клубтарда көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс істейді. Орталықта, жазушы Роллан Сейсенбаев, «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғұзақов болды. Үндіс­тан мен Франция елшілерін де қар­сы алдық, – дейді Нұрсұлу Төлеу­баева.

Сонымен бірге орталықта Қуат Әбусейітов, Қалмұқан Иса­бай, Фариза Оңғарсынова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев секіл­ді белгілі тұлғалар болыпты.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы

Суретті түсірген Пана ЫДЫРЫСОВА