Қазақстан • 09 Сәуір, 2018

Қаныш мұрасына соны қадам

1112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында қазақ халқының біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған «Рухани жаңғыру: тұлға тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазақмыс» корпорациясы және «Зерайна» қоғамдық қорының қолдауымен, сонымен қатар академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Қаныш мұрасына соны қадам

Геология ғылымының теориялық және практикалық мәселелерін шешудегі көрнекті жетістіктері, металлогения деп аталатын жаңа ғылымның негізі мен дамуын, Қазақстанның минералды шикізат қорын барлау, құру және кешенді пайдалану бойынша ерен еңбектері, Кеңес Одағы кезінде республика ғылымын ұйымдастыру мен дамыту – академик, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың атымен тығыз байланысты екені рас.

Осы тұста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қаныш Сәтбаев тұлғасы туралы пайымдай келе «...Менің ойымша, Қаныш Имантайұлы кешегі өткен Кеңестер Одағының ғана ұлы адамдарының бірі емес, ол өтіп бара жатқан ғасырдың ұлы перзенті. Тап осындай заңғарға Қазақстаннан да, қазақтардың арасынан да ешбір адам көтерілген емес. Мен Қаныш Сәтбаевты тек қазақ ұлтының ғана емес, жалпы бұрынғы Кеңестер Одағының ұлы адамдарының қатарына қосамын. Мен оны әділ төрелік жасап, дұрыс шешімдер шығаратын шынайы төрешілер сынды уақыт пен тарихтың бағасы деп бағалар едім», дейді.

Келелі мәжілісті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашып «Бүгінде Сәтбаев мұрасына қатысты металлогения, минералогия, геохимия, пайдалы қазбалар, стратиграфия, тектоника, география, экономика сынды түрлі ғылым салаларында жазылған 800-ге тарта іргелі еңбектер бар. Былтыр Президент Н.Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту бағыттарының бірі ретінде білім саласының белгіленгендігін атап өткен болатын. Ұлтымыздың бетке ұстар ұлы перзенті Қ.Сәтбаевтың ғылым дамуына қосқан үлесі мен еңбек жолы кейінгі буын үшін сана жаңғыруының негізгі бағыты болып қала бермек», деді.

Конференцияда Қ.Сәтбаевтың Қазақстан ғылымының дамуына сіңірген орасан зор еңбегі хақында шетелдік және отандық ғалымдар көлемді баяндамалар жасады.

Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Назирмад Ализод өз сөзінде Қаныш Сәтбаев қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға десек қателеспейміз. Заманында оның Тәжік КСР Ғылым академиясының ашылуын ұйымдастыруға тікелей атсалысқанын бүгінде мақтанышпен айтамыз. Академик Қ.Сәтбаевты мәңгі есте сақтау үшін мұндай іс-шаралар екі елде де жиі өтіп тұрады. Оның өнегелі жолын болашақ ұрпаққа үлгі ету біздің парызымыз», деді.

Сондай-ақ геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев, «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Бақтияр Қрықпышев, К.Ақышев атындағы археология ғылыми зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина және академиктің тікелей ұрпағы, немересі Әлима Жармағамбетова баяндама жасады. Әлима Қанекейқызы бүгінде ата жолымен ғылым саласында өзінің дара есімін қалыптастырған үлкен ғалым. Бүгінде «Д.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институты» еншілес мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары қызметін атқарып отырған тектінің тұяғы да өз сөзін атасының ХХ ғасырдағы Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан қоғам және мемлекет қайраткері екенін, бір сөзбен айтқанда нағыз көшбасшы тұлға екенінен бастады. «Ол ойындағысын жүзеге асыру арқылы бірнеше ғалымдар буынына асықпай әрі жемісті жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Айналасына батыл, ымырасыз, өзі сияқты қайсар пікірлестерді жинай білді. Отандық ғылымның абыройын асқақтатқан замандастары Ғылым академиясының алғашқы мүшелері осыған дәлел», дейді Ә.Жармағамбетова.

Жалпы, Қаныш тағылымы бүгінде оның ғылыми бастамалары мен мұраларының жан-жақты насихатталуымен құнды. Ғалымның өмірі мен еңбек жолын өнеге ету арқылы өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру мәселелері жыл сайын жаңа буынның жадында жаңғырып келеді.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»