«Сатылатын» – Қарағанды облысының Осакаров ауданына қарасты Құндызды ауылдық округінің орталығы Шұңқыркөл ауылы екен. Елді мекенді кім, қалай, неге және қандай негізде сатпақшы, кімге сатпақшы деген өз-өзінен туындайтын сауалдарға жауап жоқ. Жергілікті билік қайда қарап отыр?! Елдің аузына қақпақ болу қиын, мемлекет ұстанымына қайшы әрекет туралы хабарды естіген аудан басшысы Нұркен Кобжанов Шұңқыркөлге әдейілеп барды.
Шұңқыркөлдің кеңес заманындағы атауы – «Богучар» кеңшары. Мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, жазушы, «халық жауы» деген әйгілі жаламен 1938 жылы жазықсыз атылып кеткен Абдолла Асылбековтің туған жері. Кезінде Қазақстанның түсті металлургия министрі, Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Жоғарғы Кеңестің қатарынан алты шақырылымының депутаты болған Сауық Тәкежанов та осы ауылдың тумасы.
Елімізге осындай тұлғаларды берген ауыл енді саудаға түсіп жатыр деген әңгіме естіген құлаққа ұят. Осы мәселемен арнайы келген аудан әкімі жергілікті халықпен осындағы орта мектептің акт залында кездесті. Ауыл тұрғындары елді мекеннің тағдыры саудаланып жатқаны туралы түрлі арыз-шағымдарды өздері жазғанын, бар әңгіме осы жерден басталғанын жоққа шығармайды. Көкейіндегіні жеткізу үшін аудан басшыларын тағатсыздана күткендерін аңғару қиын емес. Олар наразы жалғыз тұлға – ауылдық округтің жеріне жайылым, шабындықтарымен қоса сонау 90-жылдардан бері иелік етіп келе жатқан «А.Асылбеков» ЖШС-нің директоры Марат Баймұхаметов. Мәселе түсінікті болуы үшін, алдымен аталған шаруашылықтың қашан және қалай пайда болғанын, жерге неліктен тап осы М.Баймұхаметов қожалық етіп отырғанын айта кетейік. Кеңес заманынан қалған дүниенің бәрі тоқсаныншы жылдары жаппай жекешелендірілгені белгілі. Біреуге мал, біреуге жер, енді біреулерге техника немесе қаңырап қалған ғимараттар бұйырды. Сол кезде М.Баймұхаметов ептілік танытып, ауылдың 103 тұрғынының үлестерін біріктіріп, шаруашылық кооперативін құрған. Жаңа шаруашылықтағы өзінің бастапқы үлесі – 27 пайыз. 1998 жылы кооперативті амалын тауып облыс орталығындағы «Қарағанды-Нан» ЖШС-нің құрамына енгізеді. Кәсіпорынның көмегімен біраз шаруа алға басқандай болып, өз алдына жеке «А.Асылбеков» ЖШС құрылады. «Қарағанды-Нан» 2004 жылы шаруашылыққа қатысудан бас тартқанда, оның ортадағы 34 пайыз үлесін, қандай жолмен екені белгісіз, М.Баймұхаметов алып қалған. Өзінікімен қосқанда, серіктестіктің 61 пайызы меншігіне айналған азамат үлесі басым қожайынға айналып шыға келеді.
Елдің айтуынша, шаруашылық басшысы серіктестікке тиесілі мал мен техниканы талан-таражға салып, тіпті ауылдағы мәдениет үйінің, медпункт пен балабақшаның ғимараттарын бұзып, материалдарын сатып жіберген. Қыл аяғы шабындық жерлерді де жеке билеп, ауыл халқы қысқа шөп дайындаудан қалған. Жерді жеке өзі билеп-төстеген «қожайын» М.Баймұхаметов серіктестік құрылғаннан бергі жиырма екі жылдың ішінде ауыл тұрғындарының басын қосып, бірде-бір рет есеп беріп көрмеген, ешкімнен ақыл-кеңес сұрамаған.
Жиында аудан әкімі сұрақты төтесінен қойды. «Мына халықтың алдында бәрін түсіндіріп айтыңыз, – деді ол М.Баймұхаметовке. – Нендей хабарлама беріп жүрсіз ? Ауыл сатылады деген не сөз? Ауыл сіздің меншігіңіз бе еді?!».
Серіктестік басшысы жиырма екі жыл бойы не істегенін айтып ақталуға кірісті. Ұзын-ырғасы, істемеген шаруасы жоқ: несие алып, егін салған, онысы шықпай қалып, қарызға батыпты. 74 милион теңгеге техника сатып алған көрінеді. Оған қажет қымбат құрал-саймандарды аудан орталығындағы дүкендерден қарызға алып, тағы да пәленбай миллион қарыз арқалаған. Ет, сүт өндіріп, өткізумен айналысып көрген, ол әрекеті де мардымсыз болыпты. Бруцеллез шыққан. «Малға әзірлеген 330 тонна шөпті өртеп жіберді. Әдейілеп от қойғанына күмәнім жоқ. Тек аяғына дейін дәлелдей алмадым», дейді ол күйініп. Егін салып та көрген, жаңбыр жаумай, онда да маңдайы тасқа тиген. Қысқасы, «Қайыршыға жел де қарсы» демекші, бұл азамат қолға алған істің өнгені жоқ: егін салады – шықпайды; мал ұстайды – ауырады, өспейді; техника алады – сынады, жүрмейді. Қолында бума-бума қағаз, әр қадамымның құжаты бар дейді, бірақ ісінде береке жоқ. Негізі, алғашқы жылдары білек сыбана іске кіріскен азамат шаруасы кері кетіп, шығынға бата берген соң, қолын бір-ақ сілтегенге ұқсайды. Енді М.Баймұхаметов ауылды, шаруашылықты көтеру үшін инвестор іздеп жүрмін дейді, «Ауыл сатылады» деген өрттей өсектің ұшқыны осы.
Қалай болғанда да, халықтың серіктестік директорына деген өкпесі қара қазандай.
– Осы ауылда туып-өстік, – дейді жергілікті шаруа қожалықтарының бірін басқаратын Мұхаметқали Рублев. – Жиырма екі жыл бойғы жұмысыңыз еш нәтиже бермеді. Ең құрығанда қырманның төбесін дұрыстап жауып, астына асфальт төсеуге болар еді. Ауылдың ішіне жол салсаңыз, халықтың алғысын алар едіңіз, соған көп болса 100 тонна бидай кетеді. Тәкаппарсыз, халықпен жұмыс істегіңіз келмейді. ЖШС-нің мүлкін сатуға құқыңыз жоқ. Егер сіз қандай да бір жолмен құжат істеп алған болсаңыз, ол – қылмыс. Жиырма екі жыл бойы қордаланған мәселені шешу оңай емес, халықпен тіл табысып жұмыс істеу керек. Бұл жерде бір ғана мәселе бар – туған ауылымызды көтеру қажет!
Бұл азаматтың сөзін аудан әкімі де қолдап, халықтың тарапынан осындай ұсыныс-тілектер, орынды кеңестер барда, серіктестік төрағасының неліктен елмен бірге жұмыс істемегеніне таңданысын білдірді. Ал жергілікті агроном Дулат Есжанов: «Егіннен 2005 жылға дейін мол өнім алып келдік. Одан кейінгіде технология дұрыс қолданылмады. Жұрттыкі шығады, бізде түк өспейді. Төраға ешкімді тыңдамайды өзі агроном, өзі ғалым дегенде, аудан әкімі: «Бұл кісі өзі құрылысшы емес пе, қайдағы агроном?!» деп таңданып еді, зал толы халық ду күлді. Амалы құрып, ашу кернеген халықтың күлкісінде ызғар да бар.
Жиынға арнайы келіп қатысқан қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да өз ойын ортаға салды.
– Әлеуметтік желіден «Ауыл сатылады» дегенді оқып, шошып кеттім, – дейді ол. – Бизнесте он үш жыл жүрген тәжірибем бар, әр шаруашылыққа жыл сайын аудит жүргізілу керек. Ал басшы жыл сайын есеп беріп отыруы тиіс. Жер туралы заңның мәселелерімен шұғылданып жүргеніме екі жыл болды. Жаңа жоба әзірлеп, Парламенттің қарауына бердік. Онда егер игерілмесе, жер екі жылдан кейін мемлекетке қайтарылуы керектігі, жайылымдық жерлерді ешкімге жалға бермей, халықтың игілігіне қалдыру қажеттігі айтылған. Бұл мәселені жіті қадағалайтын боламыз.
– 7 мың гектар егістік жерді игере алмасаңыз, қайтарасыз, – деді бұл сөзді құптаған аудан әкімі серіктестік басшысына. – Жайылымдық жер бар, мал жоқ. Яғни жер игерілген жоқ, қайтаруыңыз керек. Мұны ұжым болып ақылдасып, сот арқылы шешіңіздер. Жеке шаруашылықтың ісіне біз араласа алмаймыз. Басқа мәселе болса, әкімдіктің есігі сіздер үшін әрдайым ашық.
– Біздің ауылға қатысты бұған дейін жарияланған мақалада менің сөзім бұрмаланған, – дейді ауыл әкімі Ербол Омашев. – Шұңқыркөлде қазір 134 түтін, 610 адам бар. Орта мектеп, клуб, тойхана, төрт дүкен жұмыс істейді. Халық мал шаруашылығымен айналысады. 23 шаруа қожалығы, 3 фермерлік шаруашылық бар. Ауыл азып-тозды дегенмен келіспеймін. Бар мәселе – «А.Асылбеков» ЖШС ғана. Ауылға жастарды тарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша он адам несие алды. Сүт өндіруді дамыту мақсатында «Бастау» бағдарламасы бойынша ауылда 22 адамнан құралған «Құндызды» шаруашылық кооперативі құрылды. Қазір Шұңқыркөлде үйдің бағасы 2,5 миллион теңге шамасында. Бұл да болса тіршілік деңгейінің көрсеткіші.
Жалпы, бұл дауды сотқа жеткізбей-ақ, өзара талқыға салып, ортақ бір келісімге келе отырып шешкен дұрыс-ау дегенге бейілді жұрттың көпшілік екенін айта кеткен жөн. Олай болмаған жағдайда, өкінішке қарай, ауыл тұрғындары облыстың экономикалық сотына жүгінеді, бұған қажетті құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді. Халық ортақ шаруашылықта біздің де үлесіміз бар, істі келісіп, жалпыға тиімді етіп атқаратын жаңа басшы керек дейді. Ал жиналысқа қатысқан «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ерсін Бралин серіктестік басшысына қаратып: «Сіздің үстіңізден түскен арыз-шағым көп. Жиырма екі жыл ішіндегі еңбегіңіз еш нәтиже бермеген, халық сізге сенбейді. Дауды сотқа жеткізбей, ушықтырмай, бейбіт жолмен шешкен абзал. Серіктестікте әуелгіде 27 пайыз болған үлесіңіз қалайша 61 пайыз болып кетті? Өзіңізге тиесілі 27 пайызды алып, қалғанын серіктестік мүшелеріне бөлуіңіз керек. Содан кейін серіктестікті басқа адам басқарсын», деген ұсынысын айтты. Ең пәтуалы сөз осы сияқты. Әйтпесе халық бұған дейін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына да, прокуратураға да шағым жолдаған екен, ешқайсынан жауап жоқ. Енді алақандай ауылдың адамдары соттасуға бекінген сыңайлы.
* * *
Шұңқыркөлді Осакаров-Киевка тас жолымен байланыстыратын небары жеті шақырым жол да ойдым-ойдым. Тым құрыса осы жолды жөндеп қойса, серіктестік басшысының абыройына тірек болар ма еді деген ой келді ауылдан шығып бара жатқанымызда. Бірақ оның ойы жерде емес, көкте болғанға ұқсайды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы,
Шұңқыркөл ауылы