Бірде Алаштың өңкей ығайы мен сығайы жиналған Жетісуда үлкен ас өтсе керек. Оған барған ордалы топтың ішінде әйгілі жеті жарғы атанған Ноғайбай, Кебекбай, Шашубай бастаған сал-серілер де бар. Астан қайтар жолда сол Жетісудың кіл саңлақтары ілкі топтан ілгері кетіп қалған Байсеркені іздепті. Маңайды дереу шолып шыққан ширақ жігіттер Қордайдың етегінен бір салт аттыны көргендерін айтып, әлгіге шоқытып жетіп алуды ойлайды. Қатарласа беріп қараса, шынымен Байсерке күйші екен. Байекең күй шертіп бара жатыр дейді, жігіттердің берген сәлемін алмапты. Сол өгіз аяңмен Қордайдың басына шыққанда барып, күйін аяқтап Байсерке жігіттерге бұрылып: «Ұран күйдің басында кездесіп едіңдер, жаңа аяқтадым», депті. Қордайдың қандай қиын асу екенін білеміз. Оны аяңдап асып өткенше үзіліссіз тартылған ол күйдің күрделілігі бір әңгіме де, күйдің қалыбын бұзбай Қордайдың қою табиғатымен астасып кеткен Байсерке болмысы екінші жайт. Күйдің ортасынан киіп кетпей, көне сарынмен сапарлас болып Қордайдың биігіне бірге шыққан тыңдаушы топтың мәдениеті және бір үлгі.
Биыл күйден күмбез тұрғызып, Қаратау шертпесіндей үлкен мектептің үлгілі ұстазы атанған талантты күйші Төлеген Момбековтің туғанына ғасыр толған.
Жоғарыдағы әңгіме Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың айтуында бізге өнегелі өріліп жеткен. Таңғажайып кеште отырмыз. Айтып өткеніміздей, Төлеген талантының тұңғиығына батып барамыз. Кеудемізді кернеген ұлттық рух ұлы даланың құнарлы қыраты Созақ сонарынан бір-ақ шыққан. Күй кешін шертсе шебер, төксе талант күйші Жанғали Жүзбай тізгіндеген. Байыпты болмыс. Әдепті әңгіме. Шерлі шежіре шанақтан төгіліп жатыр. Беташар сөзді Мырзатай ағамыз әлгіндегідей бастаған. Расымен де күйдің киесі де, иесі де әуелден қазақ. Күй – ұлтының ұстыны, ұжданы, ұлағаты, ұстазы десек те артық емес. Не керек, сілтідей тынған зал сахнаға жіпсіз байланған. Тылсым күйдің күмбірі, көне қобыздың зары пернелеген сайын зерделене, ескі тарих есімізге түседі...
Жалпы, Төлеген Момбеков құбылысына ден қойған адамның әдепкі әңгімесі әуелі «Салтанаттан» басталары белгілі. Иә, «Салтанат» шынымен де тағдырлы қоштасу жыры еді. Ол анасын іздеп аңыраған кішкентай Салтанаттың зары, ол Пернештей жарынан қапыда көз жазып қалған Төлеген күйшінің сағыныш сазы еді.
Есі кіріп қалған ерке перзентке екі шекті егіз қозғап зарлық әке кішкентай Салтанатқа анасының алыс сапарға кеткенін естіртіп отыр... Қазаға ұшыраған адамның қайғылы хабарын қу тақтай рәсімдеп жатыр. Ауыр қаза. Шерлі өксік. Жалпы қазаны күймен естірту дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Оның түп тарихын түгендер болсақ, хандардың ханы Шыңғыс баһадүрдің үлкен ұлы Жошы ханның өлімін Кетбұғаның естіртуі есімізге түседі. Күйдегі естірту бірден қайғылы хабарды айтып басталмаған. Әуелгіде поэтикалық образ үшін табиғат құбылыстары жырланады. Хан салтанаты. Нөкерлер сапы. Жануарлар әлемі. Бәрі-бәрі тарихи тұспалдар. Сөйтіп келе жатқан салтанатты саят күйдің соңғы бөліміне қарай суық хабарға солқ етіп ойысады. «Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым?» Көңіл айту, қазаға ортақтасу қайырымдары. «Ақсақ құлан...»
Бұл ретте Сайдалы сары Тоқаның «Төрт толғауын» да естірту күйі деуге болады. Қысқаша тарихын әлгі кеште Мұхаметжан Тілеуханов айтқандай, Тоқаның өзі де домбырашы, әйелі Көрік те домбырашы, шешесі де дәулескер күйші болған. Жалғыз ұлдың қазасын алдымен өзі естіген Тоқа болған іске болаттай берік болып, екі мұңлықты өзі күймен бекітіп сөйлепті. Сондағы Тоқаның бірінші толғауы «Естірту». Адуынды үлкен шеше домбыраның екі шегі жыласын дейді. Ана жүрегі «ішім жанып барады» деп ол да домбыраны сұрайды. Тоқа «Естірту» күйінен кейін жалғызына арнаған «Арнау» күйін тартады... Әрі қарай тоқсан үштегі аты ерттеулі «Немере жоқтауы» күйі болып жалғасып кетеді...
Осы естірту күйлерінің ішінде Төлеген Момбековтің «Салтанаты» да бар.
Жалпы Сүгірдің күйлері, Төлегеннің күйлері тек қана Қаратауда емес, арғы жағы Жетісуда, бергі жағы кең-байтақ Арқа жерінде де тартылады. Біз көрермен болып күй көкжиегіне қосылған көне сарын керуеніне күйшілер де жан-жақтан жиналған. Арқадағы атақты Дәулетбектің дәулескер күйші ұлы Қайролла күйші бастап, Қарағанды жерінен Мадияр Сүлейменов сынды күйшілер төбе көрсетіп, төрде Төлеген мұрасын насихаттауда.
Ол топырақтан Мұхаметжан Тілеуханов та осы кештің көрігін қыздырып, кәделі күйдің бірнешеуін тартқан. Бәрі де Төлегенге деген риясыз махаббат. Шын пейіл. Шырақшы үгіт.
Төлегеннің «Інілеріме» деген күйі тартылды. Бұл шығарманы Төлеген күйші белгілі ғалым, əншілігі де бір төбе Өмірзақ Айтбаевқа арнаған екен.
Кеш барысында өнертану ғылымының кандидаты Раушан Малдыбаева баяндама жасады.
Ал белгілі күйші Рымхан Әбілханұлы болса, Төлегеннің түгел күйін білетін жан ретінде төбе көрсеткен. Бәрі дәстүр дәріптеліп, өлең өрнектелген шығармалар. Рымхан күйшінің ретінен кейін жас буын А.Мәулетұлы, Б.Әбенов, А.Иманғазы, Е.Сайырханұлы, А.Нұрмағамбет болып күйден кестелі өрнек салды.
«Жалпы, Төлеген Момбеков үлкен мектеп. Оның шәкірттері бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде жүр. Оның үлкені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақов. Күйлерін жинап, алтын қорға өткізіп бастаған игілікті шаралар, міне 100 жылдығына ұласып отыр. Бұл – тойдың беташар кеші. Әлі жыл бойы Төлеген тағылымы министрлік деңгейінде тамаша насихатталады деп сенеміз», дейді кешті ұйымдастырушы Жанғали Жүзбай.
Айтулы кеш мұңнан мұнартып шыққан күй көңілімізден соң мына бір қызықты әңгімемен түйінделді. Бұл да кеште айтылған кезекті баян. Мырзатай Жолдасбековтің ел билігіне етене араласып жүрген кезі екен. Іссапармен Төлеген Момбековтің ауылына ат шалдыруды жоспарлап, жұмыс бабынан бөлек елдегі билік өкілдеріне Төлеген Момбе-
ковпен кездестіруді ұйымдастыруын тапсырыпты. Сөйтсе берекесіз басшылардың біреуі дереу ертеңіне Мырзатай Жолдасбековтің көмекшісіне Төлеген Момбековтің осыдан бір күн бұрын қайтыс болғанын «естіртіпті». Мырзекең абдырап тұрып қалса керек. «Бұл қалай болғаны? Суық хабар жерде жатпаушы еді ғой?» деп көмекшісіне ол жайды ықтияттауды тапсырады. Сөйтсе, Құдайдың құдіреті, айналдырған кішкентай Созақта екі Төлеген Момбеков бар екен. Әлгі қайтыс болған Созақтың атқару комитетінің орынбасары екен. «Біздің Төлеген тірі екен» дейді-ау Мырзекең...
Сол Төлеген әлі тірі. Рухы тірі. Жаны мәңгілік. Мұрасы мұрағатты, күйі ұлағатты Төлеген күйшінің жасампаз дәуірі енді басталды. Оның күйлері әлі талай ғасыр тіршілік етеді. Момбеков құбылысы мыңжылдықтармен өлшене бермек.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»